Музейдегі көне кітаптар каталогы

Музейдегі көне кітаптар каталогы

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына биыл 190 жыл толып отыр. Ғасырға жуық екі кезеңді қамтитын тарихында музей қорына өлкеміздің сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, халқымыздың материалдық және рухани мәдениетін айғақтайтын мол мұра жинақталды. Осы қазынаны сақтау ғана емес, оны ғылыми тұрғыдан зерттеп, мазмұнын ашу, жүйелеу және қоғам игілігіне ұсыну – музей қызметінің маңызды міндеттерінің бірі.

Музейдің 190 жылдығы қарсаңында біз қордағы жинақтарды жаңаша зерделеуге, бұрын толық зерттелмеген мұраларды анықтап, ғылыми айналымға енгізуге ерекше назар аудардық. Музейге басшылық қызметке кіріскеннен кейін алғаш қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – «Көне кітаптар, қолжазбалар, фотосуреттерді жинау» жобасы болды. Бұл жобаны қолға алу нақты қажеттіліктен туындады. Музей қорында ұзақ жылдар бойы араб графикасында жазылған және басылған көне кітаптар мен қолжазбалар сақталғанымен, олар осы уақытқа дейін біртұтас коллекция ретінде кешенді түрде зерттеліп, толық жүйеленбеген еді. Олардың нақты саны қанша, қандай тілдерде жазылған, қай кезеңдерге жатады, қайда басылған, авторлары кімдер, ең бастысы – мазмұны мен тарихи-ғылыми құндылығы қандай деген мәселелер жөнінде жүйеленген ғылыми мәлімет болған жоқ. Сондықтан жобаның мақсаты музейдің негізгі қоры мен бөлімдерінде сақталған көне жазба мұраларды анықтау, жинақтау, оқу, ғылыми сараптамадан өткізу, жүйелеу және олардың сақталуына жағдай жасау болды. Сонымен қатар өңір тұрғындарының қолында отбасылық және әулеттік мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан көне кітаптарды, қолжазбалар мен фотосуреттерді анықтау және жинау жұмыстары да қатар жүргізілді.

2025 жылғы 6 қыркүйекте жобаны көпшілікке таныстырып, облыс тұрғындарына арнайы үндеу жасадық. Үйлерінде сақталған көне кітаптар, қолжазбалар мен фотосуреттерді музейге тапсыру ұсынылды. Сонымен қатар отбасылық мұрасын музейге біржола беруге қимайтын тұрғындарға да мүмкіндік қарастырылды: жәдігердің электрондық көшірмесін жасап, түпнұсқасын иесіне қайтару, араб және басқа да көне жазулардағы кітаптар мен қолжазбаларды мамандарға зерттетіп, олардың атауын, мазмұнын, мерзімін және тарихи құндылығын анықтауға жәрдемдесу көзделді. Жоба басталғаннан кейін тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылық байқалып, музей мамандарына көптеген көне кітаптар мен қолжазбалар ұсынылды. Олардың арасында бұған дейін музей мамандарына белгісіз болып келген, отбасыларда ондаған жылдар бойы, кей жағдайда бірнеше ұрпақ бойы сақталған құнды дүниелер де болды. Бұл ел ішінде әлі де ғылыми айналымға түспеген жазба мұралардың мол екендігін және оларды жүйелі түрде анықтау қажеттігін көрсетті.

Жоба барысында тағы бір маңызды мәселе айқындалды. Көне кітаптарын зерттеуге ұсынған азаматтардың барлығы бірдей ата-бабасынан қалған мұраны музей қорына түпкілікті тапсыруға дайын болмады. Бұл түсінікті де еді. Өйткені мұндай дүниелердің көпшілігі иелері үшін жай ғана көне кітап емес, атадан балаға қасиетті аманат ретінде беріліп келе жатқан құнды жәдігер болатын. Осы жағдай бізді тарихи мұраны сақтаудың жаңа жолдарын қарастыруға жетеледі. Нәтижесінде жоба тек көне кітаптарды жинау және каталогтаумен шектелмей, ел ішінде сақталған тарихи-мәдени құндылықтарды анықтау, есепке алу және олардың сақталуына қоғамдық негізде жағдай жасауға бағытталған ауқымды іске ұласты. Музей қорына түпкілікті тапсырылмаған құндылықтардың иелерімен ынтымақтастық орнату мақсатында «қоғамдық қор сақтаушы» тетігі енгізіліп, тиісті шарттар жасау тәжірибесі қолға алынды. Бұл бастама арқылы құнды мұраны міндетті түрде иесінен ажыратып, музейге өткізу ғана мақсат етілмеді. Керісінше, тарихи жәдігер өз иесінің қолында, қалыптасқан отбасылық ортасында сақтала отырып, музей мамандарының назарына алынып, оны ғылыми тұрғыдан анықтау, сипаттау, цифрлық көшірмесін жасау және келешек зерттеулерге пайдалану мүмкіндігі қалыптасты. Осылайша жеке адамдардың қолындағы мұра мен мемлекеттік музей қорының арасында жаңа байланыс орнатуға қадам жасалды. «Қоғамдық қор сақтаушы» тәжірибесінің қалыптасуын осы жобаның маңызды нәтижелерінің бірі деп білеміз. Өйткені музейдің міндеті тарихи құндылықтарды тек өз ғимаратына жинақтаумен шектелмеуге тиіс. Музей өз аумағындағы тарихи-мәдени мұраны кімнің қолында сақталғанына қарамастан анықтауға, зерттеуге, оның жоғалып кетпеуіне ықпал етуге және мүмкіндігінше келер ұрпаққа жеткізілуіне жағдай жасауға ұмтылуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жоба музей мен қоғамның тарихи мұраны сақтау жолындағы ортақ жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған бастамаға айналды.

Осы жұмыстардың нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізгі қорындағы, музей филиалдарындағы және жеке тұлғалардан алынған араб графикасындағы 200 кітап пен қолжазба қаралып, олардың мазмұны, тілі, басылған жері мен мерзімі, сақталу жағдайы және тарихи-ғылыми құндылығы зерделенді. Жүргізілген ғылыми сараптау мен іріктеу нәтижесінде 130 кітап осы каталогтың құрамына енгізілді. Каталогқа енбеген кітаптарды алдағы уақытта анықталатын жаңа мұралармен бірге келесі басылымға енгізу көзделіп отыр. Ескі фотосуреттерді өз алдына бөлек жинақ етіп шығаруды ұйғарып,  жауапты етіп әріптесім Қазбек Құттмұратұлын бекіттім.

Бұл жұмыс музей қорындағы құндылықтарды есепке алу немесе олардың тізімін жасаумен ғана шектелмейді. Каталог арқылы бұрын қорда сақталғанымен, мазмұны мен ғылыми маңызы толық ашылмай келген жазба мұралар алғаш рет бір жүйеге түсіріліп, ғылыми сипаттама жасалып, отандық және шетелдік зерттеушілердің назарына ұсынылып отыр.

Музейдегі көне кітаптар каталогы

Каталогқа енген кітаптардың географиясы мен тілдік, тақырыптық алуандығы Батыс Қазақстанның XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы кең рухани-мәдени байланыстарын аңғартады. Қазан, Орынбор, Уфа, Стамбұл, Каир, Ташкент және өзге де ірі баспа және білім орталықтарында жарық көрген еңбектердің өлкемізге жетуі жергілікті халықтың мұсылмандық білім, ағартушылық және кітап мәдениетімен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Араб, татар, түркі, парсы, осман және қазақ тілдеріндегі басылымдардың сақталуы өңір тарихының рухани және мәдени қырларын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

Каталогтағы әрбір басылым өзінің тарихи және ғылыми құндылығымен ерекшеленеді. Солардың ішіндегі ең көнесі – Йазыджызаде Мехмед Эфендидің 1845 жылы Қазан қаласындағы Людвиг Шутц типографиясында жарық көрген «Мұхаммадия» еңбегі. Осман тілінде басылған 300 беттік бұл шығармада жаратылыс мәселелері, пайғамбарлар тарихы, Мұхаммед пайғамбардың өмірі, миғраж, Құран сүрелері мен хадистердің түсіндірмелері, қиямет және ақырет мәселелері кеңінен қамтылған. Бұл кітаптың тағы бір құндылығы – оның сақталу тарихынан хабар беретін жазбаның болуы. Кітаптың төртінші парағында оның Низамуддин Ғимадуддинұлынан қызы Биби Зуһраға мұра болып қалғаны көрсетілген. Осы бір ғана жазба кітаптың кезінде белгілі бір әулеттің рухани қазынасы болып, ұрпақтан ұрпаққа берілгенін аңғартады.

Каталогтың Батыс Қазақстан тарихы үшін аса құнды жәдігерлерінің қатарында Алаш қайраткері, ақын және ағартушы Ғұмар Қараштың «Өрнек» және «Тұрымтай» атты екі төл басылымының орны бөлек. 1911 жылы Уфада жарық көрген «Өрнек» – қазақ тіліндегі сирек басылым. Оның музей қорына келу тарихы мен үшін де ерекше қымбат. 2012 жылы Мәскеуге арнайы барып, Ғұмар Қараштың немересі Надежда Бұрханқызымен кездескенімде, ол атасынан сақталған қолындағы құжаттар мен материалдарды маған табыстады. Музейдегі көне кітаптар каталогыСолардың арасында «Өрнек» жинағының түпнұсқасы да бар еді. Ұзақ жылдар бойы аманат болып сақталған осы дүниелерді тапсырған сәтте Надежда Бұрханқызының «мойнымнан ауыр жүк түсті» деген сөзі әлі есімде. Бұл сөздің өзінен атадан қалған мұраны сақтау жауапкершілігінің қаншалықты салмақты болғанын сезінуге болады. Надежда Бұрханқызы берген материалдар кейін Ғұмар Қараш мұрасын жинақтау мен зерттеуге пайдаланылып, үш томдық жинақты шығаруға негіз болған құнды деректердің қатарынан орын алды. 2018 жылы Мәскеуге тағы да арнайы барып, жарық көрген үш томдықты Надежда Бұрханқызына өз қолыммен табыстадым. Атасының мұрасы жинақталып, зерттеліп, кітап болып туған еліне қайта оралғанын көргенде, ол кісі ерекше қуанып, ризашылығын білдірген еді. Осы жобаның басталғанын жариялап, арнайы жиын өткізген кезде Надежда Бұрханқызы маған аманаттаған Ғұмар Қарашқа қатысты құжаттар мен материалдарды, соның ішінде «Өрнек» жинағының түпнұсқасын музей қорына тапсырдым. Осылайша тарихи мұра зерттеушілердің игілігіне ұсынылып, ақырында халықтың ортақ қазынасы – мемлекеттік музей қорынан орын алды. Бұл оқиғаның өзі ел арасындағы тарихи мұраларды іздеу, жинау, зерттеу және музей қорына жеткізу жұмысының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Ғұмар Қараштың музей қорындағы екінші төл басылымы – 1918 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан шыққан «Тұрымтай» өлеңдер жинағы. Оның құрамында ақынның Алаш кезеңіндегі «Күн туды», «Неден қорқам?», «Саған не болды?», «Көреміз бе?» және басқа да шығармалары бар. Бұл кітаптың да сақталу тарихы белгілі: оның алғашқы иесі бұрынғы Фурманов ауданы Көктерек ауылының тұрғыны Шамғон Қажығалиұлы болған, кейін 1950 жылдан бастап баласы Теміржан Қажығалиевтің қолында сақталған. Бұл кітапты музей қорына әріптесім Қазбек Құттымұратұлы табыстады. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген Ғұмар Қараштың «Өрнек» пен «Тұрымтай» кітаптарының бүгін музей қорында қатар сақталуының символдық мәні зор. Бұл – Алаш қайраткерінің туған өлкесіне жазба мұрасы арқылы қайта оралуы ғана емес, жеке адамдар мен әулеттер көзінің қарашығындай сақтаған рухани қазынаның халықтың ортақ игілігіне айналуының нақты көрінісі. 

Ұлттық ағарту және қазақ жазуының тарихы тұрғысынан Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Қызылордада жарық көрген «Әліп-бій (Жаңа құрал)» еңбегі де айрықша құнды. Қазақ тілінде басылған 117 беттік бұл әліппе – қазақ баласын ана тілінде сауаттандыруға арналған тарихи оқу құралдарының бірі. Каталогқа енгізілген дананың беттері түгел сақталған. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ жазуын жетілдіру мен ұлттық білім беру жүйесін қалыптастырудағы тарихи қызметін ескерсек, бұл басылымның музей қорында сақталуының ғылыми әрі рухани маңызы зор.

Түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын танытатын құнды дүниелердің бірі – Сүлеймен Бақырғанидің (Хакім ата) «Бақырған кітабы». Каталогтағы нұсқасы 1893 жылы Қазандағы Чирков баспаханасында түркі тілінде жарық көрген және сопылық әдебиетке жатады. Бұл еңбектің музей қорында сақталуы Батыс Қазақстанның кең түркілік рухани-мәдени кеңістікпен тарихи сабақтастығын танытатын маңызды деректердің бірі.

Осы басылымдардың өзі каталогтың ауқымы мен мазмұндық байлығын аңғартады. 1845 жылғы «Мұхаммадиядан» Сүлеймен Бақырғанидің рухани мұрасына, Ғұмар Қараш пен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне дейінгі құнды басылымдардың бір каталогта тоғысуы – Батыс Қазақстандағы жазба мәдениет тарихының тамыры терең екенін көрсетеді. Сонымен қатар каталогта діни-ағартушылық, әдеби, тарихи еңбектермен бірге түс жору, тұрмыс-тіршілік, тағам әзірлеу тәсілдері және басқа да тақырыптарды қамтитын кітаптардың кездесуі сол кезеңдегі халықтың оқу аясы мен қызығушылығының сан қырлы болғанын аңғартады.

Каталогты әзірлеу барысында отандық тәжірибемен қатар, осы бағыттағы халықаралық ғылыми ізденістерге де назар аударылды. Атап айтқанда, 2021 жылы жарық көрген, Осман Кабадайы (Dr. Osman Kabadayı) мен профессор Зубайда Шадкам құрастырған «Kazakistan (Almatı) Millî Kütüphanesindeki Arap Harfli Türkçe Nadir Eserler Kataloğu» («Қазақстан (Алматы) Ұлттық кітапханасындағы араб графикасындағы түркі тіліндегі сирек шығармалар каталогы») атты ғылыми еңбектің құрылымы мен әдістемелік тәжірибесі осы каталогты дайындау барысында басшылыққа алынған маңызды үлгілердің бірі болды. Аталған еңбектегі сирек кітаптарды ғылыми сипаттау, библиографиялық мәліметтерді жүйелеу және каталогтық деректерді біріздендіру тәжірибесі біздің жұмысымыз үшін де пайдалы әдістемелік негіз болды. Осы бағыттағы ғылыми байланыстың жалғасы ретінде 2025 жылғы 3 қарашада Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарихтың таңбалы ізі: жазба ескерткіштер мен қолжазбалардың зерттелу мәселелері» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Көне жазба ескерткіштер мен құлпытастардағы мәтіндерді зерттеу тәжірибесін талқылауға, отандық және шетелдік ғылыми ізденістермен танысуға және түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын насихаттауға арналған басқосуға Түркия Республикасының Қыршехир Ахи Эвран университетінің ғалымы, PhD доктор, доцент Осман Кабадайы арнайы қатысты. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне келген түркиялық ғалыммен өткен бұл кездесу музей мамандары үшін жазба мұраларды зерттеу мен ғылыми каталогтау мәселелері жөнінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Дөңгелек үстелде көне жазба ескерткіштерді, қолжазбаларды, құлпытастардағы мәтіндерді және тарихи деректерді зерттеудің өзекті мәселелері талқыланып, ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасылды. Бұл кездесу каталогты әзірлеу барысында қолға алынған ғылыми ізденістердің халықаралық тәжірибемен сабақтасуына да ықпал етті.  

Каталогтың ғылыми нәтижелерін Қазақстаннан тыс ғылыми ортаға таныстыру мақсатында басылым мәтіндері орыс, түрік және ағылшын тілдеріне аударылды. Қазақ тіліндегі әр мәтіннің тұсында орналастырылған QR-кодты сканерлеу арқылы оның орыс, түрік және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларымен танысуға болады. Бұл каталогтағы мәліметтерді шетелдік зерттеушілердің пайдалануына және Батыс Қазақстан музейлерінде сақталған жазба мұраны халықаралық ғылыми кеңістікке таныстыруға мүмкіндік береді.

Каталогтың түрік тіліндегі нұсқасын дайындау барысында ғылыми-тілдік тұрғыдан қолдау көрсеткен Осман Кабадайыға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Оның ғылыми тәжірибесі мен әріптестік қолдауы аталған еңбектің халықаралық ғылыми байланыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосты.

Жоба барысында ерекше көз жеткізгеніміз – көне кітаптардың бірқатарының бүгінгі күнге музейлер мен кітапханалар арқылы ғана емес, қарапайым отбасылардың ұқыптылығының арқасында жеткендігі. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп, сан түрлі тарихи кезеңнен аман өткен мұндай кітаптардың әрқайсысының өз тағдыры бар. Сондықтан көне кітапты сақтап, оны музейге табыстау – бір жәдігерді өткізумен ғана шектелмейді. Бұл – өз әулетінің аманатын халықтың ортақ тарихи жадына қосу. Осы тұрғыдан алғанда, жобаға қолдау білдіріп, қолындағы құнды дүниелерді зерттеуге ұсынған, электрондық көшірмесін жасауға мүмкіндік берген және музей қорына тапсырған азаматтардың еңбегі зор құрметке лайық. Олардың арқасында музей қоры жаңа мұралармен толығып қана қоймай, бұрын ғылыми ортаға белгісіз болып келген деректерді анықтауға мүмкіндік туды.  

Музей үшін тарихи жәдігерді қорғаумен қатар, оны зерттеу, ғылыми сипаттау және қоғамға қайта ұсыну маңызды. Осы каталогтың жарық көруі – музейдің 190 жылдық тарихындағы ғылыми-зерттеу қызметінің нақты нәтижелерінің бірі. Ең бастысы, осы жұмыс арқылы біз қорымызда жылдар бойы сақталған араб графикасындағы кітаптардың қанша екенін ғана емес, олардың не туралы екенін, қай кезең мен қандай рухани ортаны танытатынын, қандай тарихи жолмен Батыс Қазақстанға жеткенін жүйелі түрде зерделеуге алғашқы маңызды қадам жасадық. Бұл каталогпен жұмыс аяқталмайды. Керісінше, ол жаңа ғылыми ізденістердің бастауына айналуға тиіс. Алдағы уақытта каталогқа енген мұраларды тереңірек зерттеу, цифрландыру, реставрациялау, олардың сақталу және иелік тарихын анықтау, көрмелер мен ғылыми жобалар арқылы көпшілікке таныстыру жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар ел ішінде әлі де сақталып отырған көне кітаптар мен қолжазбаларды іздеу және жинақтау ісі де жалғасын табуы қажет.

Каталогты дайындау барысында көне кітаптарды анықтау, оқу, жүйелеу, библиографиялық сипаттамаларын нақтылау, ғылыми сараптаудан өткізу және басылымды әзірлеу бағытында ауқымды еңбек атқарған каталог құрастырушысы Орынбасар Нұрланұлына алғысымды білдіремін. Жоба барысында ғылыми және ұйымдастырушылық тұрғыдан қолдау көрсеткен әріптестеріміз бен серіктестерімізге де ризашылығымызды жеткіземіз.

Бұл басылым музей қорындағы араб графикасындағы жазба мұраны танытатын ғылыми анықтамалық қана емес, 190 жыл бойы қалыптасқан музей қорының әлі де зерттелуге тиіс терең қабаттарын ашатын, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани сабақтастықтың бір көрінісі болады деп сенемін.

Өткеннің аманатын сақтау – бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі, ал оны зерттеп, мәнін ашып, келешекке жеткізу – ортақ міндетіміз. 

Сафуллин Жантас Набиоллаұлы 
Батыс Қазақстан облыстық
тарихи-өлкетану музейінің директоры
,
Орал қаласы, мамыр 2026ж.