БҚО музейінде қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Мұратбек Жоламановтың 60 жылдығына арналған көрме ашылды

Қарашаның 17-сі күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 35 жылдығы және өңірімізге танымал біртуар суретші Мұратбек Жоламановтың туғанына 60 жыл толуына орай «Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көрме ашылды.

Мұратбек Жоламанов (1966–2000) – қысқа ғұмырында қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды кескіндеме тілімен сөйлеткен талантты суретші. Оның «Құлагер», «Сырым батыр», «Хан көтеру», «Керей-Жәнібек», «Күлтегін мен Білге туралы жыр», «Қорқыттың теңізге келуі», «Аттиланың елесі», «Рух шақыру», «Еділ-Жайық», «Қазанат» сынды туындылары – соның айқын дәлелі. Суретшінің картиналарынан халқымыздың сан ғасырлық тарихы, елдік мұраты, батырлық дәстүрі мен рухани болмысы көрініс табады. Бүгінгі көрме экспозициясына қылқалам шеберінің 40-қа жуық туындысы қойылды. Сонымен қатар келушілерге оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын танытатын архивтік, фотодеректік материалдар ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтау сөз сөйлеп, суретшінің шығармашылық мұрасының мәдениет пен өнер кеңістігіндегі маңызына тоқталды.
Музей директоры Жантас Набиоллаұлы Мұратбек Жоламановтың артында қалған мол мұраның бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани құндылық екенін атап өтті. Сондай-ақ суретшінің көптеген туындысы қазақ халқының азаттық жолындағы күресімен, елдік пен тәуелсіздік идеясымен сабақтас екенін жеткізді. Сондай-ақ суретшінің «Керей мен Жәнібек» атты туындысына арнайы тоқталды. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «DANA.kaz» журналының арнайы санын әзірлеу кезінде мұқабаға лайықты картина іздестірілгенін, сол кезде Мұратбек Жоламановтың «Керей мен Жәнібек» шығармасы тарихи кезеңнің болмысын дәл әрі көркем бейнелейтін туынды ретінде таңдалғанын еске алды.
Сонымен қатар музей директоры суретшінің мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген жұбайы Гүлжәміш Бекейқызына ерекше алғысын білдірді.

БҚО музейінде қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Мұратбек Жоламановтың 60 жылдығына арналған көрме ашылды

Мәдениет саласының ардагері, музейдің «Музей апасы» Сара Есқайырқызы өз естелігінде суретшінің шығармашылық жолы мен азаматтық болмысына кеңінен тоқталды. Ол Мұратбектің картиналарын ерекше жанкештілікпен салғанын, денсаулығы сыр беріп, ауруы жанына батса да, қолынан қылқаламын тастамағанын тебіреніспен жеткізді. Сондай-ақ суретшінің терең білімді, ізденімпаз азамат болғанын атап өтті. Сара Есқайырқызы суретшінің алғашқы көрмесін ұйымдастыруға қатысты естеліктерімен бөлісіп, әйгілі «Құлагер» және өзінің дипломдық жұмысы болған «Хан көтеру» картиналарының тарихын баяндады. Сонымен қатар Мұратбек Жоламановтың есімін өңір тарихында сақтап қалуға журналистер мен өнер жанашырларының қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Көрме барысында суретшінің жұбайы Гүлжәміш Бекейқызы да сөз алып, Мұратбектің есімін ұлықтауға, оның шығармаларын насихаттауға атсалысып жүрген барша азаматқа ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, суретшінің мұрасын сақтау, түрлі деңгейдегі жеке көрмелерін ұйымдастыру, туған жерінде есімін иеленген сурет сыныптарын ашу және шығармашылығына арналған байқаулар өткізу ортақ жанашырлық пен жүйелі еңбектің нәтижесі екенін тілге тиек етті.

БҚО музейінде қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Мұратбек Жоламановтың 60 жылдығына арналған көрме ашылды

Мұратбек Жоламановтың ғұмыры қысқа болғанымен, өнері мәңгілік. Оның есімі туындыларымен бірге жасай бермек.

«Қылқалам ұшындағы құдірет» көрмесі – біртуар суретшінің рухына тағзым ғана емес, ұлттық өнердің қадірін ұғындырып, тарихи жадымызды жаңғыртатын тағылымды мәдени шара.