Тоқты ханнан Тоқтамыс ханға дейінгі теңгелер

Тоқты ханнан Тоқтамыс ханға дейінгі теңгелер

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында өңірдің сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін аса мол тарихи-мәдени мұра жинақталған. Археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық және өзге де бағыттар бойынша сақталған әрбір жәдігер – белгілі бір дәуірдің заттай куәсі, халқымыздың тарихи жадын қалыптастыратын құнды дерек. Музейдің міндеті осындай мұраны жинақтап, есепке алып, сақтаумен ғана шектелмеуге тиіс. Қордағы әрбір құнды жәдігер ғылыми тұрғыдан зерттеліп, оның тарихи мазмұны ашылып, ғылыми айналымға енгізілгенде ғана ол қоғам мен ғылым игілігіне толыққанды қызмет етеді. 

Алайда Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі осы уақытқа дейін үздік деп санаған экспонаттарды таптастырып жинақтағаны болмаса ғылыми каталогтар шығару қолға алынбаған. Музей қорында екі ғасырға жуық кезеңде жинақталған құнды материалдар болғанымен, оларды жекелеген ғылыми коллекциялар ретінде жүйелеу, атрибуциялау, салыстырмалы зерттеу және зерттеу нәтижелерін арнайы ғылыми басылым түрінде жариялау ісі кенжелеп қалған. Бұл жағдай қордағы көптеген жәдігерлердің ғылыми әлеуетінің және музей экспозициясының мазмұнының ашылмай қалуына алып келді.  

Сондықтан музейдің ғылыми-зерттеу қызметін күшейтіп, қор жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеруді негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіледік. Осы мақсатта музейге әр сала бойынша арнайы білімі мен кәсіби даярлығы бар білікті мамандарды қызметке тартып, қор коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу және ғылыми каталогтар шығару ісін қолға алдық. Басты мақсат – қордағы жәдігерлерді бұрынғы есептік мәліметтер аясында ғана қарастырмай, оларды қайта зерттеу, атрибуциясын нақтылау, ғылыми жүйеге түсіру және алынған нәтижелерді мамандар мен көпшілікке қолжетімді ету, музей экспозициясын жаңарту.

«Жошы Ұлысының теңгелері» атты каталогымыз осы бағыттағы жұмысымыздың нәтижесі. Бұл каталог арқылы музей қорындағы Жошы Ұлысы дәуірінің нумизматикалық мұрасы алғаш рет біртұтас ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, жүйеленіп, ғылыми айналымға ұсынылып отыр. Каталогтың «Жошы Ұлысының теңгелері» деп аталуы да кездейсоқ емес. Оның атауында тарихи сабақтастыққа негізделген нақты ұстаным бар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекеттілігіміздің басты нышандарының бірі – ұлттық валютамызды айналымға енгізіп, оған «теңге» атауын берді. Бұл атаудың тамыры Ұлы Даладағы ортағасырлық ақша айналымы тарихымен, соның ішінде Жошы Ұлысы дәуірінің ақша мәдениетімен сабақтасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы 19 мамырда Астана қаласында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» халықаралық симпозиумында осы тарихи сабақтастыққа арнайы назар аударып, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауының ордалық «данг» атауымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Президент мұны жай ғана лингвистикалық сәйкестік емес, Алтын Орданың ұлан-ғайыр өңірдегі ақша қатынастарының қалыптасуына ықпал еткенінің көрінісі ретінде бағалады. Бұл тұжырымның біз үшін айрықша мәні бар. Сондықтан каталогқа «Жошы Ұлысының теңгелері» деген атау беру арқылы музей қорындағы ортағасырлық ақша үлгілерін ғылыми айналымға енгізумен қатар, бүгінгі ұлттық валютамыздың атауы мен Ұлы Даладағы тарихи ақша дәстүрінің арасындағы сабақтастықты көрсетуді мақсат еттік. Осы тұрғыдан қарағанда каталогтың атауындағы «теңге» – өткен мен бүгінді жалғап тұрған тарихи ұғым.

Тоқты ханнан Тоқтамыс ханға дейінгі теңгелерЖошы Ұлысының нумизматикалық мұрасы – Қазақстан мен тұтас Еуразияның ортағасырлық тарихын зерттеудегі аса маңызды дереккөздердің бірі. Теңге тек айырбас немесе төлем құралы болған жоқ. Оның бетінде мемлекеттің саяси тарихы, билік жүйесі, экономикалық қатынастары, діни ұстанымы, жазу мәдениеті мен халықаралық байланыстарының іздері сақталған. Билеушінің есімі, соғылған жылы, ақша сарайы, эпиграфикалық жазулар, таңбалар, метрологиялық және көркемдік ерекшеліктер – барлығы қосылып, әрбір теңгені белгілі бір тарихи кезеңнің заттай құжатына айналдырады. Жошы Ұлысының ақша жүйесінің ауқымы мемлекеттің экономикалық қуатымен де тікелей байланысты болды. Аталған халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы қазіргі таңда Алтын Орда нумизматикасы саласында маңызды жаңалықтар ашылып жатқанын, археологиялық зерттеулер барысында бұрын белгісіз болған ондаған ақша сарайы анықталғанын, мамандардың бағалауы бойынша, Алтын Орданың өркендеу кезеңінде 28 миллионға жуық күміс теңге соғылған атап өтті. Мұндай көлемдегі ақша өндірісі дамыған сауда қатынастары мен біртұтас экономикалық кеңістіктің болғанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. 

Жошы Ұлысы Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын бақылап, Еуразия даласын Шығыс пен Батысты жалғаған ірі транзиттік кеңістікке айналдырды. Оның аумағы арқылы Қытайдың жібегі, Үндістанның дәмдеуіштері, Русьтің аң терілері, Еуропа, Таяу және Орта Шығыс шеберлерінің бұйымдары тасымалданды. Осындай кең экономикалық кеңістіктің қызмет етуінде ортақ ақша айналымының маңызы ерекше болды. Сондықтан бүгін музей қорында сақталған әрбір Жошы Ұлысы теңгесі – тек нумизматикалық жәдігер емес, Еуразия кеңістігіндегі экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың заттай куәсі.

Каталогқа музей қорындағы барлығы 70 теңге енгізілді. Әріптестерім алдымен 23 теңге барын айтқан еді, артынан қор материалдарын қарай келе тағы да анықталып жалпы саны 70 болды. Олардың инвентарлық деректері қайта қаралып, билеушілері, соғылған мерзімдері мен ақша сарайлары анықталды, эпиграфикалық жазулары оқылып, аударылды, типологиялық және метрологиялық ерекшеліктері зерделенді.

Зерттеу барысында маңызды бір мәселе анықталды. Теңгелердегі жазуларды тікелей оқу және аудару кезінде музей қорындағы бұрынғы құжаттарда тіркелген кейбір мәліметтердің нақты теңгелердің деректерімен сәйкес келмейтін тұстары бар екені белгілі болды. Яғни каталогты әзірлеу музейдегі бұрыннан бар есептік мәліметтерді жинақтап, қайта басумен шектелген жоқ. Әрбір теңге қайта қаралып, заттың өзіндегі дерек бастапқы ғылыми негіз ретінде алынды. Теңгелердің атрибуциясын нақтылау үшін олардың аналогтары басқа ғылыми нумизматикалық каталогтардағы үлгілермен салыстырылды. Сақталу жағдайына байланысты көмескіленген, өшкен немесе толық оқылмайтын жазулар ұқсас үлгілермен салыстыру арқылы толықтырылды. Соның нәтижесінде жекелеген теңгелердің билеушісі, соғылған мерзімі, ақша сарайы және эпиграфикалық мазмұны жөніндегі бұрынғы мәліметтер қайта қаралып, нақтыланды. Бұл жұмыс музей қорындағы жәдігерлерді белгілі бір уақыт өткеннен кейін кәсіби мамандардың қайта зерттеуінің қаншалықты маңызды екенін де көрсетті.

Теңгелерді нумизматикалық тұрғыдан зерттеу, олардың бетіндегі жазуларды оқу және аудару, ғылыми каталогтардағы аналогтарымен салыстыру, атрибуциясын нақтылау және ғылыми сипаттамаларын дайындау жұмыстарын музейдің ғылыми қызметкері Орынбасар Нұрланұлы жүргізді. Оның зерттеуі нәтижесінде бұрын арнайы ғылыми тұрғыдан қарастырылмаған материалдар жаңа қырынан зерделеніп, ғылыми сипаттамаға түсірілді. Каталогты дайындауға музейдің ғылыми қызметкері Денис Марыксин де елеулі үлес қосты. Оның бұл коллекциямен байланысы каталогты әзірлеуден әлдеқайда бұрын басталған. Денис Марыксин әр жылдары Жалпақтал, Мокринский I қорымы, Жаңатұрмыс, Жайық I және басқа да нысандардан Жошы Ұлысы дәуірінің көптеген теңгелерін тауып, музей қорына тапсырған. Солардың арасында Тоқты, Өзбек, Жәнібек және Мұхаммед хандар дәуірінің теңгелері бар. Бүгінде оның музейдің ғылыми қызметкері ретінде каталогты дайындауға қатысуы, көпжылдық археологиялық тәжірибесі мен коллекцияның қалыптасу тарихына қатысты жинақтаған деректерін осы еңбекке пайдалануы жұмыстың ғылыми мазмұнын толықтыра түсті.

Каталогқа енгізілген 70 теңгенің билеушілер бойынша құрамы Жошы Ұлысы тарихының бірнеше саяси кезеңін қамтиды. Олардың ішінде Жәнібек ханға – 29, Өзбек ханға – 23, Тоқты ханға – 6, Қызыр ханға – 2, Тоқтамыс ханға – 2, Бердібек ханға – 1 және Мұхаммед ханға – 1 теңге тиесілі. Алты теңгенің билеушісі анықталмаған. Жинақтың басым бөлігін Өзбек және Жәнібек хандар дәуірінің теңгелері құрайды: бұл екі билеушіге тиесілі 52 теңге каталогтағы материалдардың негізгі бөлігін қамтиды. Коллекцияның хронологиялық шегі де кең. Нақты датасы анықталған ең ерте теңге – Тоқты хан тұсында 691 һижра жылы (1292 ж.) Сарайда соғылған үлгі. Нақты даталанған ең кейінгі теңге – Мұхаммед ханның 777 һижра жылы (1375 ж.) Ордада соғылған теңгесі. Сонымен қатар жинақта Тоқтамыс хан дәуіріне жататын теңгелердің болуы каталогтың тарихи ауқымын XIV ғасырдың соңғы ширегіне дейін жеткізеді. Осылайша, коллекция Тоқты ханнан Тоқтамыс ханға дейінгі Жошы Ұлысы тарихының бір ғасырға жуық кезеңін нумизматикалық материалдар арқылы сипаттауға мүмкіндік береді.

Каталогты дайындау барысында осы теңгелердің сол замандағы құндылығы қандай болды екен деген ой туындады. Күміс ақшаның құнын сол кезең авторларының мәліметтері арқылы бағамдауға тырыстық. Араб тарихшысы әрі географы әл-Омари (1301–1349) Алтын Ордадағы қой етінің орташа бағасы туралы: «Қой еті орташа бағамен – үш ратлі бір дирхам тұрады», – деп жазған екен. Ратль – тарихи салмақ өлшемі. Оның көлемі аймақ пен кезеңге қарай өзгеріп отырған. Егер орташа есеппен 1 ратльді шамамен 450 грамм деп алсақ, 3 ратль шамамен 1,35 кг болады. Демек, әл-Омаридің мәліметіне сүйенсек, XIV ғасырда бір күміс дирхамға шамамен 1,35 кг қой етін сатып алуға болған. Бұл көрсеткішті қазіргі сатып алу қабілетімен шартты түрде салыстырып көруге болады. Қой етінің бүгінгі бағасын 1 кг үшін 2500 теңге деп алсақ, 1,35 кг еттің құны 3375 теңгені құрайды. Яғни қой етінің бағасы арқылы салыстырғанда, XIV ғасырдағы бір күміс дирхамның (теңге) сатып алу қабілеті қазіргі шамамен 3375 теңгеге сәйкес келеді. Бұл, әрине, екі валютаның тікелей бағамы емес, тек бір тауардың құны негізінде жасалған шартты салыстыру. Күміс ақшаның сол кезеңдегі құнын Ибн Баттутаның мәліметі де айқын көрсетеді. 1334 жылы Дешті Қыпшаққа келген саяхатшы: «Бұ мемлекетде ат бек көб, хаққы да арзан. Ең йахшы ат өз ақчалары бірле еллі-алтмыш дирхам. Бұ исе бізнің бір динарымызға туғры келедір», – деп жазады. Яғни Өзбек хан билігі тұсында жақсы жылқының бағасы 50–60 дирхам (теңге) болған. 50 дирхам×3375 ≈ 168 750 теңге, 60 дирхам ×3375≈ 202 500 теңге. Бұл дерек Дешті Қыпшақтағы жылқының көптігін және оның салыстырмалы түрде арзан болғанын көрсетеді.

Тоқты ханнан Тоқтамыс ханға дейінгі теңгелерТеңгелердің соғылған және айналымда болған кезі мемлекеттің саяси тарихындағы аса маңызды өзгерістермен ерекшеленеді. Тоқты хан (1291–1312) ішкі тұрақтылық орнатуға күш салып, орталық биліктің нығаюына ықпал еткен. Өзбек ханның (1313–1341) билігі Жошы Ұлысының саяси және экономикалық тұрғыдан күшейген кезеңдерінің бірі болды. Жәнібек хан (1342–1357) әкесінің саясатын жалғастырып, оның дәуірінде салыстырмалы тұрақтылық сақталды. Жәнібектен кейін билікке келген Бердібек ханның (1357–1359) қысқа мерзімді билігінен соң Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең» деп аталатын саяси тұрақсыздық кезеңі басталды. Қызыр хан (1360–1361) осы күрделі кезеңде қысқа уақыт билік жүргізді. «Ұлы дүрбелең» тұсында Хан болуға ықтимал сұлтандар бірінен соң бірі өлтірілген. Хан болудың өзі қатерге айналған кезде халыққа белгілі әскербасылар, беклербектер тарих сахнасына көтеріледі. Солардың бірі беклербек Мамайдың саяси ықпалы артып, хан тағына өзіне тәуелді билеушілерді отырғызды деп айтылады. Кейін Тоқтамыс хан (1380–1395) мемлекетті қайта біріктіруге әрекет жасап, Жошы Ұлысының саяси тұтастығын уақытша қалпына келтірді. Алайда Ақсақ Темірмен болған соғыстар мемлекетті әлсіретіп, оның билігінің құлауына алып келді.

Теңгелердің соғылған қалалары бойынша құрамы Жошы Ұлысының ақша өндірісінің географиясын да көрсетеді. Каталогтағы 70 теңгенің 27-сі Сарай әл-Жәдидте, 19-ы Сарайда, 10-ы Сарай әл-Махрусада, 7-еуі Хорезмде, 3-еуі Гүлстанда, 1-еуі Ордада соғылған. Үш теңгенің соғылған жері анықталмаған. Сәйкесінше, жинақтың 38,6%-ын Сарай әл-Жәдид, 27,1%-ын Сарай, 14,3%-ын Сарай әл-Махруса, 10%-ын Хорезм, 4,3%-ын Гүлстан, 1,4%-ын Орда өнімдері құрайды. Соғылған жері анықталмаған теңгелердің үлесі – 4,3%. Сарай, Сарай әл-Махруса және Сарай әл-Жәдид атауларымен берілген ақша сарайларының өнімдерін бірге есептегенде 56 теңге, яғни бүкіл коллекцияның 80%-ы осы топқа тиесілі. Бұл көрсеткіш музейдегі нумизматикалық кешенде Жошы Ұлысының басты саяси-экономикалық орталықтарында соғылған теңгелердің айқын басымдығын көрсетеді.

Каталогтың ғылыми құндылығын арттыратын тағы бір ерекшелік – теңгелердің табылған жері мен музей қорына түсу тарихының мүмкіндігінше анықталуы. Жинақ бір мезгілде немесе бір жерден түскен көмбе емес. Ол әр кезеңде жүргізілген археологиялық зерттеулер, далалық жұмыстар және жекелеген азаматтардың музей қорын толықтыруға қосқан үлесі нәтижесінде қалыптасқан. Теңгелердің табылу географиясына Жайық, Жалпақтал, Жаңатұрмыс, Жарсуат I моласы, Қорған, Мокринский I моласы және Хантүскен сияқты нысандар кіреді. Жайық Орал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 12 км жерде, Жайық өзенінің екінші жайылмасының үстінде орналасқан. Жалпақтал Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында, Жаңатұрмыс, Қорған және Хантүскен Жәнібек ауданының Қамысты ауылдық округінде орналасқан. Жарсуат I моласы Бөрлі ауданы Жарсуат ауылының маңында, ал Мокринский I моласы Жаңақала ауданындағы Жаңажол (Мокринский) елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жерде, Кіші Өзеннің сол жағалауында орналасқан.

Коллекцияның қалыптасу тарихында әр кезеңдегі зерттеушілердің еңбегі бар. Г. Кушаев пен Б. Железчиковтың 1974–1975 жылдары Мокринский I қорымында жүргізген зерттеулері барысында табылған Өзбек, Жәнібек және Тоқтамыс хандар дәуірінің бірқатар теңгелері 1976 жылы музей қорына тапсырылған. М.Г. Мошкова, Б.Ф. Железчиков және В.А. Кригер 1980 жылы Жарсуат I ескерткішінің 4-обасынан Өзбек ханның 722 һ.ж. (1322 ж.) Сарай әл-Махрусада соғылған теңгесін анықтаған. А.П. Рудковский 1974 жылы музейге Шыңғырлау маңынан табылған Жәнібек ханның 743 һ.ж. (1342 ж.) Хорезмде соғылған теңгесін тапсырған.

Коллекцияның елеулі бөлігі Денис Марыксиннің көпжылдық археологиялық қазба жұмыстарымен байланысты. Оның әр жылдары Жалпақталдан, Мокринский I қорымының әртүрлі обаларынан, Жаңатұрмыстан, Жайық I ескерткішінен және басқа да нысандардан тапқан Тоқты, Өзбек, Жәнібек және Мұхаммед хандар дәуірінің теңгелері музей қорына қабылданды. Олардың арасында коллекциядағы ең ерте даталанған – Тоқты ханның 691 һ.ж. (1292 ж.) Сарай теңгесі және Мұхаммед ханның 777 һ.ж. (1375 ж.) Ордада соғылған теңгесі де бар. Олардың қатарында Өзбек, Жәнібек, Бердібек және Қызыр хандар дәуірінің үлгілері бар. Коллекция соңғы жылдары да жаңа жәдігерлермен толықты. А.С. Салимов 2000-жылдары Сарайшықтан тапқан Жәнібек ханның 752 һ.ж. (1351 ж.) Сарай әл-Жәдидте соғылған теңгесін 2026 жылы музей қорына тапсырды. Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округінің аумағындағы Хантүскен және Қорғаннан Т. Гиззатов 2024 жылы тапқан үш теңгенің музей қорына түсу тарихы мен үшін де ерекше мәнге ие. Олардың бірі – Қызыр ханның 761–762 һ.ж. (1360–1361 жж.) Сарай әл-Жәдидте соғылған теңгесі, қалған екеуі – Гүлстанда 764 һ.ж. (1362 ж.) және 766 һ.ж. (1364 ж.) соғылған аноним теңгелер. Осы үш тарихи жәдігерді жеке қаражатыма сатып алып, 2026 жылы музей қорына өтеусіз тапсырдым. Мұндағы мақсат – Жошы Ұлысы дәуірінен жеткен түпнұсқа мұраның жеке қолда қалып қоймай, мемлекеттік музей қорында сақталуына, кәсіби зерттелуіне және болашақ ұрпаққа жетуіне мүмкіндік жасау еді.

Осы деректердің өзі коллекцияның қалыптасуы бірнеше буын зерттеушілердің, археологтардың және тарихи мұраға жанашыр азаматтардың еңбегімен байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан каталогта теңгенің билеушісі, соғылған мерзімі мен ақша сарайын анықтаумен ғана шектелмей, мүмкін болған жағдайда қайдан және қашан табылғаны, кім тапқаны, музейге кім және қашан тапсырғаны жөніндегі мәліметтерді де жүйелеуге ерекше мән берілді. Мұндай деректер жәдігердің ғылыми өмірбаянын қалпына келтіруге және оның археологиялық контекстін жоғалтпауға мүмкіндік береді.

 «Жошы Ұлысының теңгелері» каталогы – музей қорындағы 70 теңгенің хронологиясын, билеушілерін, ақша сарайларын, эпиграфикалық мәтіндерін, табылған жерлерін және музей қорына түсу тарихын бір жүйеге біріктірген ғылыми еңбек. Ең бастысы, каталогты әзірлеу барысында теңгелердің өзі қайта зерттеліп, бұрынғы қор құжаттарындағы мәліметтер ғылыми салыстырудан өткізілді.

Бұл каталог Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми каталогтау дәстүрін қалыптастырудың бастамасы. Алдағы уақытта музей қорындағы археологиялық, этнографиялық және басқа да құнды коллекцияларды салалық білікті мамандардың қатысуымен кезең-кезеңімен зерттеп, олардың ғылыми каталогтарын шығару жұмысын жалғастырамыз. Бұл жаңа ғылыми ізденістерге дерек ұсыну, өңір тарихының әлі де толық ашылмаған беттерін зерттеуге мүмкіндік жасау және түпнұсқа тарихи мұраны келер ұрпаққа ғылыми негізде жеткізу. Музейімізді тарихи деректі зерттейтін, жаңа ғылыми білім қалыптастыратын орталыққа айналдыру бағытындағы қадам.

Каталогтың дайындалуына үлес қосқан барлық мамандарға, әр жылдары осы теңгелерді тауып, зерттеп, музей қорына жеткізген археологтар мен азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Әсіресе теңгелердегі жазуларды оқып, аударып, ғылыми каталогтардағы аналогтарымен салыстыру арқылы олардың атрибуциясын нақтылап, ғылыми сипаттамаларын дайындаған музейдің ғылыми қызметкері Орынбасар Нұрланұлына, сондай-ақ коллекцияның қалыптасуына көп жылдар бойы үлес қосып, бүгінде музейдің ғылыми қызметкері ретінде осы каталогты дайындауға атсалысқан Денис Марыксинге алғысымды білдіремін.

Біз бастаған ғылыми каталогтау ісі музей қорындағы мол мұраны жүйелі зерттеудің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін. Қордағы әрбір жәдігер зерттеліп, оның тарихы анықталып, ғылыми айналымға енген сайын халқымыздың өткеніне қатысты деректеріміз де толыға түседі.

Сафуллин Жантас Набиоллаұлы 
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің
директоры, Орал қаласы, 10 маусым 2026