Жайық өзені бойында сарматтар заманында Дайык атаулы тайпа мекендегендігі жөнінде ғалымдар тарапынан айтылады. Тіпті Жайық өзенінің атауы осы Дайык тайпасы атауының сәл өзгеріске ұшырап сақталғаны дегенде жорамал бар. «Томирис» фильмінде Томирис Дайык тайпасының көсемінің ұлына күйеуге шыққандығы көрсетілген. 2000-2500 жыл бұрын бұл жерлерді мекендеген көшпенділер өздерін сарматтар деп атамағанын ескерсек, бұл тайпалардың атауы аса маңызды. Қазақтар Жайық өзенін әуелден осылай атаған, тек Е. Пугачев бастаған көтерілісті халық жадынан жоюды мақсат еткен Орыс патшайымының беріректегі құйтырқысы ғана «Орал» деп өзгертті. Осыған орай Жайық бойындағы көшпенділерден қалған тарихи мұраны зерттеудің мәні зор.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы аумағындағы Жайық қалашығы тұсында Орал — Атырау күрежолының қасында сарматтар кезеңіне жататын үлкен обаға қазба жұмысы жүргізілді. Бұл менің «БҚО тарих және археология орталығы» МКҚК-ға басшылыққа тағайындалған соң ұйымдастырған жұмысымның бірі. Қазба жұмысына жетекшілік еткен — белгілі археолог Яна Амангелдіқызы Лұқпанова. 2019 жылы тамыз айында қазбаны аяқтап, түрлі ғалым-мамандармен сараптамалар жасауға келісімдер бастағанбыз. Мамандардың ой-пікірін қосып, 2020 жылы халыққа жария етуді жоспарладық. Бірақ 2020 жылдың басынан кәсіпорынды жауып, облыстық өлкетану музейіне біріктіруге шешім қабылданды. Одан әрі көктемде індет басталып, тарихты түгендемек түгілі халықтың амандығы мұң болды. Міне, алғаш рет «Dana» журналына қазбадан табылған жәдігерлер мен ашық аспан астындағы музей кешені құрамына енгізу үшін жасатқан эскизді жобасы жарияланып отыр.

2019 жылдың 27 мамырынан Орал қаласы аумағындағы «Ортағасырлық Жайық қаласы» тұсынан бұзылған қорғанға қазба жұмысы жүргізілді. Бұл обаны қазуға бірнеше себеп болды. Осыдан 10-15 жыл бұрын обаның қақ ортасынан диаметрін бойлай бульдозермен жарып өткен және де бірнеше жерден қазып қарағаны байқалады. Яғни мәдени ескерткіш ретінде бұзылған. Болашақта «Жайық қалашығын» ашық аспан астындағы музей ету мемлекеттің жоспарында бар. Қазірдің өзінде қала орнын қарауға қызығушылық білдірушілер көп.
Ортағасырлық қалаға барар жолдың бойында бұзылған обаға көптің назары ауып, «қаланың түбіндегі обаны тонаған кім?» деген ой көпшілікте болары сөзсіз. Не сақталды? Не тоналды? Қазба жұмысын жүргізбей, бұл сұраққа ешкім жауап бермесі анық. Осыған дейін Сегізсай, Қырықоба, Тақсай т.б. кешендерде қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірақ қала аумағында қорғанға қазба жұмысы жүргізілуі өте сирек. Орал қаласының тарихын жазғанда дәл осы жерде қала болғанға дейін кімдердің мекен еткенін анықтап, тарихты тереңнен тартып жазса, дұрыс болары анық. Осы жағдайларды ескеріп, «Жайық – 1» атауын беріп, қазба жұмысына кірістік. Алдымен Асан мешітінің имамы Мұратбек Жахатовты арнайы алдырып, марқұмдардың рухына арнап дұға бағыштадық. Обаның диаметрі – 48 метр, биіктігі – 2 метр. Ені метрге жақын үш жал (бровка) солтүстіктен оңтүстікке қарай қалдырып, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің сараманға келген 2-курс студенттерімен жұмысымызды бастадық. Қазба жұмысының жетекшісі — археолог Яна Лұқпанова.
Уақытты үнемдеп, жұмысты жеңілдету үшін беткі қабатын 10 см шамадағы қалыңдықпен скрепермен алдық. Әр қабат алынған сайын мұқият қарап, қадағаланды. Орта тұсынан 0,50 метр алынған сәтте қызыл түсті қатты тас тәрізді қалдықтар шыға бастады. Бұл топырақтың қатты қызғанда қызарып, кірпіш тастай қатайып, қалыптасқан бөлшектер. Оба құрылысының ішінен сүйектер шыға бастады. Біздің топшылауымыз бойынша, құрбандыққа шалынған жылқының жамбас, қабырға, төс, жауырын сүйектері.
Екі ай шамасында қазба жұмысын аяқтадық. Қазба барысында жеті ер, бес әйел адамның және екі баланың сүйегі анықталды. Түрлі тұрмыстық, сәндік бұйымдар, қару-жарақ, құрал-саймандармен көмілген екен. Негізгі орталық шұңқыр тоналған болып шықты. Бірақ импорттық кесе, ағаш тарақ, түрлі моншақтар қалған. Өңірімізде осыған дейін қазылған обалардан басты ерекшілігі — тереңдігі шамамен 1 метр, ені 1,5 метр, диаметрі шамамен 35 метр болатын ор бар, оңтүстік бетінде ордан өтетін арнайы өткел қалдырған. Осы ордың өзіне екі адамның жерленгені белгілі болды. Обаның топырағын зерттеу үшін РФ, Пушкин қаласынан топырақтанушы ғалым М. Ельцовты арнайы алдырғанбыз. Ол ең алғаш жерлеу болғанда ағашпен арнайы құрылыс салынған, соның айналасын және төбесін осы ордан алған топырақпен үйген, беткі қабатын ойып алып, үстіне жапқан болуы мүмкін деп жорамалдады.
Қазба барысының әр кезеңі жерден және әуеден фото мен видеоға түсірілді. Әр ашылған шұңқырдың 3d нұсқасы да жасалды. Бұдан әрі табылған адам сүйектері, малдың қаңқалары мен жәдігерлерге зертханалық зерттеулер жасап, жан-жақты талдауымыз қажет.
Жайық қаласы аумағын ашық аспан астындағы музей қылу жоспарда бар екені белгілі. Осы кешеннің бастауы тап осы ерте сармат кезеңіне жататын қорғаннан басталғаны дұрыс деп есептеймін. Ол үшін әзірге арнайы жабын ойластырып, кідіртпей сол қорғанның үстіне жабық музей ғимаратын тұрғызған жөн.
Себеп, біріншіден, дәл осы жерде шамамен 2500 жылдай бұрын өмір сүрген адамдардың мәңгілік мекені әрі қолданған әшекей бұйымдары мен құрал-саймандарының сақталған орны ретінде қасиетті. Екіншіден, бұған дейін де талай қорған қазылды, бірақ ешбірінің орны сақталып, халықтың барып таныса алатын орнына айналған жоқ. Кәсіби мамандар болмаса, жалпы халықтың ерте кезеңдегі жерлеу рәсімінен хабары аз. Келіп танысқан әр адам даламыздағы самсап тұрған қорғандардың астында талай ата-бабамыздың сүйегі жатқанын сезінеді. Үшіншіден, қала маңына жақын болғандықтан, жасақталған музей кешенімен танысуға көпшіліктің мүмкіншілігі болып, болашақта тамыры терең тарихымызбен таныстыратын маңызды туристік орталыққа айналары хақ.
Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Dana» журналынының ақылдастар алқасының төрағасы
Қазба барысы мен табылған жәдігерлер
Жайық-1 кешені, қорған-1 |

Орал қаласының оңтүстік-батысынан 13 км қашықтықта орналасқан. Кешен 4 қорған үйіндісінен тұрады. Қорған апаттық жағдайда болды. 2019 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының қызметкерлері қазба жұмысын жүргізді. Солтүстік-оңтүстікке бағытталған қорғанның стратиграфиясын зерттеу үшін үш жиек қалдырылды. Жиек аралықтары 7 м.
Жайық-1, қорған-1-ге археологиялық қазба жұмысы 2019 жылдың 28 мамыр күні басталды.
Табылған жәдігерлер:
- Ромб тәрізді гешир моншақтардың 3 данасы. Моншақтар қара түсті, екі жағында өтпелі тесік, ортасында тереңдетілген қуыс бар.



- Ішкі жағы алтын жалатылған шыныдан жасалған, кеспек пішінді өтпелі тесілген моншақ – 39 дана. Моншақ биіктігі – 0,7 см, тесік диаметрі – 0,3 см. Зеңжарланған, жақсы сақталған. Шайба пішінді жайпақ гешир бір өтпелі тесілген моншақтардың диаметрі – 0,5 см, биіктігі – 0,2 см – 18 дана. Ақшыл түсті, суласа не ашық күн астында ұстаса, алтындай жалтырайды.

моншақтар 
Ішкі жағы алтын жалатылған шыныдан жасалған, кеспек пішінді өтпелі тесілген моншақтар - Ою-өрнектелген ағаш тарақтың бөлігі. Бөліктерінің негізі тікбұрышты, ірі және ұсақ тісті тарақ. Тарақтың бір жағында бұрғылып 7 тесік тесілген, қарама-қарсы жақтың бетінде 5 шоғырлас шеңбер салынған. Биіктігі – 4,8 см, қалыңдығы – 3 см. Дұрыс сақталмаған, сынған, екі бөліктен құралған.

- Қаптамалар (Накладки) бөлшектері тікбұрышты пішінде бір-біріне қосылып жалғасқан толқын ою-өрнектерінің ортасында концентрлік дөңгелек салынған. Екі фрагменті тікбұрыш пішінде, екі шоғырлас шеңбермен және үшбұрышпен безендірілген. Үш кішкентай бөлігі ою-өрнексіз. Бес қаптаманың ұзындығы ою-өрнекпен 2,2 см-ден 3,6 см дейін. Ені 1,3-1,5 см. Қалыңдығы 0,3 см-ден басталады. Екі қаптаманың ұзындығы 2,6 см-ден 3 см-ге дейін, ені 0,9 см-ден 1,0 см дейін. Дұрыс сақталмаған, шеттері сынған.

- Тостаған. Керамикалық ыдыстың ішкі түпкі жағында вертикалды сызық ою-өрнектермен айналдыра қоршалған, төртжапырақты гүлөрнекпен өрнектелген. Биіктігі – 4,2 см, түпқойма биіктігі – 1 см, диаметрі – 14 см, түбінің диаметрі – 6,5 см. Керамикалық ыдыста қайта жөндеу ізі бар, жарылып сынған тұстағы тесіктер сынған тұстағанды бүтіндеу үшін жасалғандай. Шеті сынған.

- Кесілген шлак, тастан жасалған төртбұрышты заттың трапеция пішінді бөлігі, қара түсті, бір жақ шеті сынған.

- Көзеші ұршығында жасалған сұр сазды тұтқасы бар ыдыс. Орта шамасы кең ұзын, жоғары жағына қарай кеңейетін қаз мойын ыдыс. Биіктігі шамамен – 16,3 см, түп диаметрі – 12 см, түп қалыңдығы – 1,3 см, кең тұсының диаметрі – 28,6 см, жоғарғы жағының диаметрі – 14 см, қабырға қалыңдығы – 0,7 см. Дұрыс сақталмаған, толық сынған, бөлшектері тұтас қосылмайды.

Шұңқыр-2, жерлеу орны 2 |
Орталық шұңқырдан солтүстікке қарай орналасқан ер адамның қаңқасы. Басы батыс бағытқа бағытталған. Қабірдің сол жағында шынтақ сүйегінің деңгейінде қойдың сүйектері табылды. Қаңқаның сол жағынан аяқ сүйек деңгейінен үш қырлы ұзындығы 3,7 см, ұшқалақты төлкесіз екі қола жебе ұштары табылды. Жақсы сақталған, зеңжарланған.


Шұңқыр-3, жерлеу орны 3 |
Ер адам қаңқасы. Басы оңтүстік-шығысқа бағытталған. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған ұзын шұңқыр.
Жерлеу орнының сол жағында жебе ұштарының төрт түрі табылды. Бірінші түрі: төрт қола, басы үш қалақты, төлкелік үшбұрышты, ұзындығы – 3,5 см, төлке диаметрі – 0,4 см; екінші түрі: екі қола үшқалақты, ішкі төлке басы орташа үшбұрышты, жебе ұштарының ұзындығы – 2,5 см, 2,6 см, төлке диаметрі – 0,4 см; үшінші түрі: екі үшқалақты, ішкі төлкіге қарай қиғаш бұрышта кесілген қалақша басы ұзын үшбұрышты, қола жебе ұштарының ұзындығы – 3,6 см, 3,8 см, төлке диаметрі – 0,4 см; төртінші түрі: үш темір үшқалақты жебе ұштарының ұзындығы – 2 см.
Темір сынықтары мен қой сүйектерінің арасында ұзындығы – 13 см, ені – 2,1 см сақақты темір пышақ табылды. Пышақ дұрыс сақталмаған, екі жерден сынып, тот басқан.

Шұңқыр-4, жерлеу орны 4 |
Ерте кезде тоналған болжам бойынша әйел адамның жерлеу орны. Шұңқыр солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған, ұзын тікбұрышты. Шұңқырдың түбінде орталық бөлікте табылған ішкі алтын жалатылған биіктігі – 0,7 см, ені – 0,8 см, тесігінің диаметрі – 0,4 см үш шыны моншақ дұрыс сақталмаған, тотық зеңі басқан және шұңқырдың оңтүстік бұрышында жапсырма ыдыстың фрагменттері табылды.


Шұңқыр-5, жерлеу орны 5 |
Әйел адам жерленген, қозғалған, оң қол, қабырға, иық және жауырын сүйектері жоқ. Басы оңтүстікке бағытталған. Білегінде екі шеті бір-бірінің үстіне шығып диаметрі – 6,5 және 6,6 см, қалыңдығы 0,4 см тұтас қола металл шыбықтан жасалған білезік. Жайпақталған шеттері сыртқы жағынан X әрпі түрінде «өрнек» тырналар жазылған. Мойын омыртқалары тұсынан алты қоңыз түріндегі ұзындығы 1,7 см, ені 1 см, биіктігі 0,3 см, тірі үшін 5 тесігі бар жапсырма, екі жапсырма сынған, деформацияланған, бір жапсырма екі бөлікке айырылған, қалған төртеуі жақсы сақталған;


Шұңқырды көму барысында әйел адамның қалған сүйектері мен екінші білезік және қола айна бөлігі табылды. Айна тегіс дискілі құйылған, тұтқасының ұзындығы – 10,5.




Шұңқыр-5, жерлеу орны 6 |
Шамамен әйел адамның жерлеу орны. Басы оңтүстік бағытқа бағытталған. Мәйіт қозғалған, қабірдің үстінде беренелі конструкция түрінде салынған.
Жерлеу орнында сол жақ білегінде 36 моншақ, оң жақ білегінде 31 моншақ табылды. Көлемі 56 моншақтың оң жағында киім декоры болуы мүмкін.


Мойын омыртқаларының айналасында ішкі алтын жалатылған биіктігі 0,4-0,6 см, тесік диаметрі 0,3-0,4 см моншақтардың 193 данасы және үшбұрышқа ұқсас, биіктігі 2,2 см тас амулет-аспасы бар мойын әшекейі табылды. Көмілген аяқтың оң жағында дұрыс сақталмаған, тот пен тотық зеңі басқан, дөңгелек қимасының диаметрі 0,3 және 0,6 см, ұзындығы 4,5 см, темір дротиктер және ұзындығы 7 см мен пышақ табылды.






Бас жағында ұзындығы – 5,4 см төлке диаметрі – 0,4 см үшқалақты ерекшеленген төлкесі бар тот басқан жебенің ұштары, нашар сақталған. Сонымен қатар ұзын конус аяқты үш тұтқалы қола қазан табылды. Қазан диаметрі – 30х25 см, биіктігі – 31,5 см, аяғының биіктігі – 12 см, қазан қабырғаларының қалыңдығы – 0,4 см, тұтқаның биіктігі – 5,2 см, тұтқа шығырышының диаметрі – 3 см.
Бас сүйегінің астында бүйірлік сабы бар дөңгелек пішінде шетінде білікшесі бар қола айна табылды, қалыңдығы – 0,3 см, диаметрі – 19,5 см, тұтқасының ұзындығы – 6,5 см, білікшенің ені – 1,5 см, айнаның шағын бөлігі жоғалған, орташа деңгейде сақталған. Тап сол жерде 1,5 см айналымды жұқа сары металды сымның диаметрі – 1 см, қалыңдығы – 0,1 см жақсы сақталған алтын сырға табылды.


Әйел адамның тобық сүйегінің қасынан ұзын түпқоймалы салт-жораларға арналған керамика тостаған табылған. Жапсырылып жасалған ритуалды тостаған қабырғасының жоғарғы жағында екі білікше бар, түпқоймасы төменге қарай кеңейтілген, цилиндрлік пішінді. Сонымен қатар сопақша және шаршыға ұқсас пішінді, ортасынан диаметрі 0,6 см өтпелі тесілген тас балғашалар табылды. Биіктігі 5,3-тен бастап 6,3 см-ге дейін, қалыңдығы 1,3-тен бастап 1,4 см-ге дейін. Жерлеу орнының сол жағында бордан жасалған, шайба пішіндес ұршықтың басы табылды. Диаметрі – 4 см, биіктігі – 2,1 см., ортасында диаметрі 0,7 см өтпелі тесігі бар.
Жапсырма ыдыс пен тас балғалар


1,5 айналым жұқа сымнан жасалған алтын сырға

Ұзын аяқты қола қазан


Шұңқыр-6, жерлеу орны 7 |
Шамамен әйел адам жерлеу орны. Бетін төмен қаратып жерлеген. Солтүстік-оңтүстікке бағытталған терең емес шұңқыр. Басы оңтүстік бағытқа бағытталған. Сол қол мен қабырғалардың арасында биіктігі – 3,5 см, диаметрі – 0,3 см өтпелі тесілген, биконус пішінді, беткі қабатында вертикалды сызықтармен өрнектелген жақсы сақталған ұршық басы, өңделген тас, сондай-ақ аяқтарында көлденең толқынды сызықпен өрнектелген сынған сазбалшықтан жапсырылып жасалған ыдыс табылды.
6 және 5-шұңқырлар лазбен қосылған.



Шұңқыр-7, жерлеу орны 8 |

Қыз бала жерленген. Басы оңтүстік бағытқа бағытталған. Шұңқыр қорғанның батыс бөлігіндегі айналма орда болды. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған ұзын шұңқыр. Мойын омыртқасының айналасынан 4 дана шыныға ұқсас материалдан жасалған моншақ. Биіктігі – 0,4 см, диаметрі – 0,2 см. 22 дана уақ, қара түсті бисер. Биіктігі – 0,2 см, диаметрі – 0,1 см. Керамикадан жапсырылып жасалған
орта шамасы кең дөңгелек пішінді, жоғарғы қарай кеңейтілген ұзын мойынды, жанында тұтқасымен, тегіс түпті құмыра табылды. Құмыра биіктігі – 20,5 см, мойнының жоғарғы жағының диаметрі – 11 см, мойнының орта тарылған тұсының диаметрі – 8 см, құмыраның орта кеңейген тұсының диаметрі – 16,8 см, түп диаметрі – 9,5 см, тұтқасының биіктігі – 7 см, қалыңдығы – 1,4 см. Құмыра қалыңдығы – 0,7 см, түп қалыңдығы – 1 см. Дұрыс сақталмаған, желімделген, жоғарғы шеті сынған.


Шұңқыр-8, жерлеу орны 9 |

Шығыс жиектің астынан табылған, оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа бағытталған сопақша пішінді шұңқыр. Шұңқырдың шығыс бөлігінде саты анықталды. Шұңқырдан басы оңтүстік-шығыс бағытқа бағытталған ер адам жерлеу орны табылды. Қолдары мен аяқтары дене бойымен созылған. Басы оң жаққа бұрылған.
Ер адамның бас жағында жануар қой сүйегінің үстінде жануар терісінен жасалған қорамсақ бөлшегі (түбі). Қасында темірден жасалған қорамсап ілмегі. Ұзындығы – 7 см, ені – 0,6 см, топса тесігінің диаметрі – 1,1 см.
Нашар сақталған.
Қорамсапта 43 жебе ұштары ағаштарының бөлшегімен сақталған. Жебе ұштары жақсы сақталған, ұзындығы 2,5 см-ден 4,5 см-ге дейін. Қорамсап екі бөлікті болуы мүмкін.

Келесі бөлігінде сүйектен жасалған бізге не ілмекке ұқсас құрал. Ұзындығы – 12 см, қима диаметрі – 0,7 см, ұшын санамағанда біз ұзындығы – 13,5 см, қима диаметрі – 0,4 см. Найза пішінді ұшымен біздің ұзындығы – 14,7 см, қима диаметрі – 0,4 см.
Темір 2 дротик. Дротиктің біреуінде ұшы лавр жапырақты пішінде аяқталады.
Адам сүйегінің бас жағындағы қой сүйегінің үстінде жатыр.

Керамикалық, төменнен жоғарыға қарай ортасы кеңейтілген қыш құмыра. Қыш құмыраның биіктігі – 10,5 см, бойының биіктігі – 3 см, түп диаметрі – 6 см, қабырға қалыңдығы – 0,5 см, түп қалыңдығы – 1,5 см, кең бөлігінің биіктігі – 13 см, жақсы сақталған, бас жағында жарылған сызығы бар.

Жамбас сүйегінің үстінде қылыш. Қысқа қылыш жүзінің ұзындығы – 29,5 см, ені – 4,5 см, сабының жоғарғы жағы көбелек тәрізді қиылысқан екі антен түрінде ұштарымен аяқталады, қылыштың жалпы ұзындығы 41,5 см, нашар сақталған, қатты тот басқан.
Жерлеу орны 10 |

Ежелгі көкжиек деңгейінде жасалған жерлеу, ол обаның шығыс бөлігінде солтүстік перифериядағы ор бетінде табылды. Шамамен ер адам жерленген. Басы оңтүстік-шығыс бағытқа бағытталған, қолдары корпус бойымен созылған, аяқтары да созылған. Басы оң жаққа ауытқыған. Жерлеу орнында заттар табылмады. Адам сүйектері нашар сақталған.
Шұңқыр-9, жерлеу орны 11 |

Сопақша пішінді, ұзын жақтары солтүстік-шығысқа бағытталған шұңқыр, шұңқырдың батыс шекарасы ордың аумағына кіреді. Беті төмен қаратып жерленген шамамен ер адам. Басы оңтүстік бағытқа бағытталған, қолдары мен аяқтары дене бойымен төмен қарай созылған, өңшелері қосулы. Басы оң жаққа бұрылған. Оң жағынан батыс қабырғасының бойымен және солтүстік қабырғасының астында қой сүйектері. Жерлеу орнында заттар табылмады.
Шұңқыр-10, жерлеу орны 12 |
Жерлеу ор түбіндегі батысқа қарай 11-ші қабірге параллель орналасқан. Баланың жерлеу орны. Баланың сүйегі ағаш құдықша (колодка) салынған. Басы оң жаққа бұрылып, оңтүстікке бағытталған. Тізе мен екі аяқ сүйектерінің арасында қой сүйектері табылды.
Оң жағынан білек сүйегінің деңгейінде дөңгелек пішінді қоңыр түсті моншақ. Орта бөлігі екі ақ сызықпен бөлініп, ақ ирек ою өрнектелген. Моншақ биіктігі – 1,2 см, тесік диаметрі – 2 мм.
Темір сақақты пышақ, ұзындығы – 8,4 см, ені – 1,5 см, нашар сақталған, екі жерден сынған, қатты жемірілген.
Орта шамасы дөңгелеген, қысқа мойынды, жанында тұтқасы бар, түп жағына қарай жатық ауысқан, керамикалық ыдыстың бөліктері табылды. Түп жағы бұдыр дөңгелеген, тұтқасы ыдыстың жоғарғы бөлігінде бекітілген. Ыдыс биіктігі – 21,8 см, кең бөлігінің диаметрі – 20 см, мойын биіктігі – 4,5 см, түп диаметрі – 9 см. Сынған. Нашар сақталған.



ерлеу орны 13
Жерлеу орны 13 |

Қорғанның солтүстік бөлігіндегі ор түбінен табылды. Қаңқа органикалық төсеммен көмілген, шығысқа бағытталған, қолдары мен аяқтары дене бойымен төмен қарай созылған. Бас сүйегі оң қолының білек тұсынан табылды. Қабырға сүйегінен ұзындығы 4,1 см үшқалақшалы жебе ұшы табылды.


Шұңқыр-11, жерлеу орны 14 |


Шұңқыр батыс-шығысқа бағытталған. Солтүстік қабырғасы жырмамен шектеседі. Қорғанның солтүстік бөлігінде орналасқан. Шұңқырда ересек адам бас сүйегі ғана қалған. Жерлеу орны тоналған болуы керек. Өңделген тас, пышақ табылды.

Үйінді. Қорған үйіндісінің қабатын алған кездегі табылған заттар: |
1) Моншақ. Биіктігі – 0,8 см, тесік диаметрі – 0,2 мм.
2) Қорғанның шығыс жағындағы жиек астынан шамамен әйел адамның бас сүйегі.
3) Керамикадан жапсырылып жасалған жалпақ түпті, аласа мойынды, аузына қарай кеңейтілген қыш құмыра. Қыш құмыраның мойын астынан бастап түп жағына қарай екі қатар затпен көлденең сызықтар салынған, орта бөлігінде ирек сызықпен өрнектелген. Биіктігі – 11,3 см, түп диаметрі – 9 см, венчик диаметрі – 7,5 см, ыдыстың кең бөлігінің диаметрі – 11,5 см, қабырғаларының қалыңдығы – 1 см. Дұрыс сақталмаған, сынған.

1) Бояуларды немесе шөптерді үгіту үшін тас тікбұрышты құрбандық тақташасы. Қорғанның солтүстік шеті, шығыс бөлігі.
2) Темір ат әбзелі, ұзындығы – 8,3 см, қалыңдығы – 0,6 см.
3) Құрбандық тас бөлігі. Қорғанның оңтүстік шеті, шығыс жиек астынан табылды.
4) Құрбандық ыдыс бөлігі. Қорғанның оңтүстік шеті, батыс жиек астынан табылды.
5) Қалып қабырғалы – 1,8 см жапсырылып жасалған керамика ыдыс бөлігі.
6) Құрбандық ыдыс бөлігі (жертвенник), өңделген шлак бөлігі, бор, тас.
7) Тегіс дискілі, жанында құйылмалы тұтқасымен қола айна бөлігі, биіктігі – 10,5 см, ені – 10,5 см, қалыңдығы – 0,3 см. Қорғанның орталық бөлігі және адамның төменгі жағы. Тереңнен 2,8 м тереңдікте күйдірілген конструкциялы жылқы сүйектері.




Ор |
Жайық қорғанында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысы кезінде үйінді астынан айналма ор анықталды. Қорғанның барлық жерлеу орны 11 жерлеу орны орналасқанда, осы ордың ішкі бетінде орналасқан. Ордан екі қаңқа және келесі заттар табылды:
1) Тастар. Оңтүстік шеті, ордың шығыс бөлімі
2) Тастар. Оңтүстік шеті, ордың батыс бөлімі
3) Өңделген тас бөлігі. Ордың батыс-солтүстік бөлімі.
4) Кезінде дөңгелек болған тас құрбандық ыдыстың үшбұрыш пішінді бөлігі, тамшы пішінді ақпен. Ұзындығы – 8,5 см, қалыңдығы – 2,5 см. Ордың солтүстік бөлімі.
5) Өңделген тас бөлігі. Ұзындығы – 8,5 см, қалыңдығы – 1,5 см. Ордың батыс-солтүстік бөлімі.




