Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды зерттеу отырысының баспасөз баяны

2015 жылғы 18 ақпан күні сағат 15.00.-де Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1 мекенжайында, «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының конференц-залында Батыс Қазақстан облысы аумағындағы көне ескерткіштер – ХVІІІ-ХХ ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша тұңғыш рет мүдделі топтардың басқосуы өтеді.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің 2014 жылғы 11 желтоқсан, бейсенбі күнгі №141 санында «Құлпытасты құрметтеу – ардың ісі» атты мақала жарияланған болатын. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы көне ескерткіштер – ХVІІІ-ХХ ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, зерттеу мәселесі «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының «Мирас» қоғамдық кеңесінде де көтерілді. Бұл бастама «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратынан қолдау тауып, жобаны жүзеге асыру үшін тиісті орындарға тапсырма берілді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеу бойынша жұмыс тобын құрылып, оның құрамына әр ауылдық округтен ескілікті әңгімелерді білетін шежіре қариялар, орта мектептің тарих пәні мұғалімдері, жастар белсенділері, араб жазуын оқи алатын мешіт имамдары, басқа да ықыласты тұлғалар қосылды. Негізгі мақсат – облыс аумағындағы араб жазулы құлпытастардың саны мен сапасын түгел анықтап, қаттап, мәтінін аударып, ғылыми айналымға енгізу, жинақтарға жариялау.

Барлық ауданнан келген осы топ мүшелері және облыс орталығындағы мамандар, тарихшылар мен ғалымдардың қатысуымен өткелі отырған тұңғыш басқосуда болашақ жұмыс жоспары жасалып, топ мүшелеріне нақты нұсқаулық, бағдарлама беріледі.

Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұсынған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» жобасы таныстырылады.

Басқосу барысында Батыс Қазақстан облысы аумағындағы көне ескерткіштер – ХVІІІ-ХХ ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша мүдделі топтар, атап айтқанда «Нұр Отан» партиясы БҚОФ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы меморандумға қол қояды.

Анықтама үшін 8(7112)51-24-48

https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=pfbid0rfrSGxgNm1vgcy1jCtEnmZNzGJjA411Ba1oVLUhkjQSE4dN4xCbUvxfPbZ3vzuJyl&id=100001986662575