Тарихты зерттеуде бір дерек екіншісіне жол ашып, бастапқыда мүлде ойламаған нәтижеге алып келетін жағдайлар болады. Бір адамның өмір жолын анықтауға бағытталған ізденіс тұтас бір қорымның тарихын ашып, белгілі тарихи тұлғалардың өмірбаянын нақтылайтын жаңа мәліметтер табуға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Бекей ауылы маңындағы көне қорымды зерттеуіміз де осындай жолмен қалыптасты.
Есенгелді байдан басталған ізденіс
Бұл зерттеудің бастауында кезінде өзім шығаруды ұйымдастырған «DANA» тарихи-танымдық журналы тұр. Журнал арқылы өлке тарихындағы есімі белгілі болғанымен, өмір жолы толық зерттелмеген тұлғалар туралы деректер жинауға ерекше көңіл бөлдік. Сондай жұмыстардың бірі Есенгелді байға арналды. Есенгелді туралы мақала жаздырғаннан кейін оның ұлы Бекей Есенгелдіұлын іздестіру жұмыстары басталды. Осы ізденіс барысында Нұртас Набиоллаұлы Бекей ауылы маңында көне құлпытастар сақталған қорым бар екенін естіп, арнайы барып қорымдағы тастарды суретке түсіріп, құлпытастарды әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған. Сол кезде араб әліпбиіндегі тас жазуына ешкім мән бермеген. Арада үш жыл өткенде Facebook сол жазбаны қайта еске салып, фотосуреттерді қайта жарияланды. Осы кезде құлпытас жазуларын оқумен айналысып жүрген Мұратбе Жахатов суреттердің біріндегі мүк басқан жазудан «Айшуақ хан Әбілхайырұлы» деген есімді анық оқыды.
Осылайша Есенгелді бай туралы зерттеуден басталып, оның ұлы Бекейді іздеумен жалғасқан жұмыс Кіші жүз тарихына қатысты маңызды жаңалыққа ұласты.
2017 жыл: Айшуақ ханның құлпытасының анықталуы
2017 жылғы 17 маусымда Теректі ауданындағы Бекей ауылы маңындағы қорымға арнайы барып, құлпытасты мүктен тазалап, жазуын Мұратбек Жахатов Және Қазыбек Қабжан оқыды.
Қазіргі нақтыланған оқылым бойынша құлпытастың алдыңғы бетінде:
«Һуә ль-Мәлик уль-Хайю лләзи лә йәмуту әбәдән.
Һәзә ль-марқад әл-мархум әл-мағфур әл-мабрур.
Әбу ль-Музаффар уә ль-Мансур, сәйид баһадүр хан.
Айчуақ ибн хан Әбулхайыр ибн Хажы сұлтан, алейһи ль-афу уа р-рахмат уә ль-ғуфран.
Аллаһуммә джъаль қабраһу раудатән мин рияд әл-джинән, уә лә тәджъаль хуфратән мин хуфрат ән-ниран. Кәфә биль-мәути [уағизан].
Тарих 1227 сәнә, 15 маһ-и сәуірде рихлат ейледі, сексен беш йашында», –
деп жазылған.
Мағынасы:
«Ол (Алла) – Мәңгі тірі, ешқашан өлмейтін Патша. Бұл – Алланың рақымына бөленген, кешірілген, ізгі марқұм, жеңістер иесі әрі жеңімпаз, мырза, баһадүр Айшуақ хан, Әбілқайыр ханның ұлы Қажы сұлтанның немересінің қабірі. Алланың кешірімі, рақымы мен жарылқауы оған нәсіп болғай. Уа, Алла! Оның қабірін жәннат бақтарының бір бағына айналдыра гөр, оны тозақ шұңқырларының біріне айналдыра көрме. Өлімнің өзі-ақ ғибрат. Тарихы: 1227 жылы сәуір айының 15-күні сексен бес жасында дүниеден өтті».
Құлпытастың артқы жағында:
«Кічі йүз қазақ халқы ічінде,
хүкүмет ейлейүб ханлық ічінде,
олыб разы …сында,
… едерді хызметі …,
хайатында екі ұғлы хан олды,
бірі Жантөре, бірі Шерғазы,
шәриф …,
қойұбды ішлетіб Алғазы сұлтан», –
деген жолдар сақталған.
Бұл құлпытас Айшуақ Әбілхайырұлының жерленген орнын ғана анықтап қойған жоқ. Ондағы жазу ханның өмірбаянын нақтылайтын тікелей эпиграфикалық дерек болды. Айшуақ ханның 1812 жылғы 15 сәуірде 85 жасында дүниеден өткені, Жантөре мен Шерғазы есімді екі ұлының хан болғаны тасқа қашалып жазылған. Құлпытаста Алғазы сұлтанның есімі де сақталған.
Айшуақ Әбілхайырұлы 1797–1805 жылдары Кіші жүздің ханы болған. Бұған дейінгі құлпытастарды зерттеу жұмыстарымыз барысында Ақжайық ауданынан 1795–1797 жылдары хан болған Есім Нұралыұлының, Теректі ауданынан 1805–1809 жылдары хан болған Жантөре Айшуақұлының құлпытастары анықталған еді. Осылайша бірінен кейін бірі билік құрған үш ханның құлпытастары арқылы Кіші жүз тарихының тұтас бір кезеңіне қатысты нақты эпиграфикалық деректер жинақталды.
Тоғыз жылдан кейін табылған жаңа дерек
2026 жылы араб әліпбиіндегі құлпытастарды жетік аударатын әріптесім Орынбасар Нұрланұлымен бірге Бекей ауылы маңындағы осы қорымға қайта бардық. Қорымды қайта қарау барысында бұрын мән берілмей қалған тағы бір көне құлпытас анықталды.
Ондағы жазу:
«Һуә Ллаһ әл-Бақи әл-Әбәд.
Байбақты руғы Тоқсаба тайфасы.
Чұмақ Өмірзақ би ұғлы офат болды отыз тоқыз йашында.
Иннә лиЛләһи уә иннә иләйһи раджиъун.
Бұ ташны әкесі Өмірзақ би қылдырды.
1810 сәнә».
Мағынасы: «Ол – Мәңгі Алла. Байбақты руы, Тоқсоба тайпасы. Шұмақ Өмірзақ би ұлы 39 жасында қайтыс болды. Расында, біз Аллаға тиесіліміз және Оған қайтамыз. Бұл тасты әкесі Өмірзақ би жасатты. 1810 жыл».
Осы мәтін арқылы Байбақты руының Тоқсоба бөлімінен шыққан екі адамның есімі тарихқа қайта оралып отыр: Шұмақ Өмірзақұлы және оның әкесі Өмірзақ би.
Шұмақ 1810 жылы 39 жасында қайтыс болғандықтан, шамамен 1771 жылы туған.
Құлпытаста әкесінің аты екі рет «Өмірзақ би» түрінде кездеседі: «Өмірзақ би ұғлы» және «әкесі Өмірзақ би». Сондықтан қолдағы эпиграфикалық дерек Өмірзақты есімі мен лауазымы бірге көрсетілген тұлға ретінде қарастыруға негіз береді. Оның өмірбаяны, Тоқсоба ішіндегі орны және ұрпақтары архивтік және шежірелік деректер арқылы әрі қарай анықталуға тиіс.
Қорым Айшуақ ханнан бұрын болған
Шұмақ Өмірзақұлының құлпытасы қорым тарихына қатысты маңызды жаңа қорытынды жасауға мүмкіндік берді.
Шұмақ 1810 жылы жерленген.
Айшуақ хан 1812 жылы жерленген.
Демек, бұл қорым Айшуақ хан қайтыс болғанға дейін қалыптасқан. Айшуақ ханның осында жерленуі бұрыннан пайдаланылып келе жатқан қорымның кейін хан әулетімен де байланысқанын көрсетеді. Оның нақты сипатын анықтау үшін қорымдағы адамдардың өзара туыстық, әлеуметтік және саяси байланыстарын архив деректерімен салыстыра зерттеу қажет.
Қорымдағы басқа құлпытастар бұл тұжырымды одан әрі тереңдете түседі.
Құжатталған мәлімет бойынша Бекей ауылы маңындағы қорымның аумағы 29 891,69 шаршы метр, периметрі 753,85 метр. Қазір онда 20 шақты құлпытас сақталған.
Ең маңыздысы – қорым бір ғана рудың зираты болмаған. Мұнда Төре әулетімен қатар Байбақты, Кердері, Тама, Табын, Масқар, Ысық руларының өкілдері жерленген.
Тама руынан Дәнекөз бай
Қорымдағы туған жылы бойынша әзірге ең ерте анықталған адамдардың бірі – Дәнекөз Жарылғапұлы.
Оның құлпытасында:
«Әл-мархум әл-мағфур.
Тама руғының Дәулеткелді тайфасы.
Қарачаның нәбирасы Жарылғаб баласы.
Дәнекөз бай офат болды 88 йашында.
1827 сәнәда әл-хукм лиЛләһи…
Иннә лиЛләһи уә иннә иләйһи раджиъун», –
деп жазылған.
Дәнекөз Тама руының Дәулеткелді бөлімінен, Қарачаның немересі, Жарылғаптың баласы болған. Құлпытас оны тікелей «Дәнекөз бай» деп атайды. Ол 1827 жылы 88 жасында қайтыс болған. Осы есеп бойынша шамамен 1739 жылы туған.
Яғни қорымда XVIII ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келген адамның да құлпытасы сақталған.
Масқар руынан Сатыбай Қарақұлақұлы
1833 жылғы құлпытаста:
«Масқар руғы Өтебай тайфасы Қарақұлақ баласы.
Сатұбай офат 35 йашда.
1833 йылда бұ ташны қойды інісі…», –
деп жазылған.
Сатыбай Масқар руының Өтебай бөлімінен, Қарақұлақтың баласы. 35 жасында қайтыс болған. Тасты інісі қойғанымен, оның есімі толық оқылмаған.
Бұл құлпытас та ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қорымның әртүрлі ру өкілдері үшін ортақ жерлеу орны болғанын дәлелдей түседі.
Табын руынан Досқан Тайманұлы
1846 жылғы құлпытаста:
«Әл-мархум әл-мағфур Табын руғы … тайфасы.
Сарыкөкен немересі Тайман баласы Досқан офат болды.
28 йашында, 1846. Ташны қойды әкесі Тайман мырза», –
деп жазылған.
Досқан 28 жасында қайтыс болған. Құлпытасты әкесі Тайман мырза қойған. Бұл жердегі «мырза» атауы қорымдағы эпиграфикалық мәтіндерде адамдардың әлеуметтік мәртебесі де көрсетілгенін аңғартады.
Жасбай молданың төрт баласы
1854 жылғы құлпытас бір отбасының төрт баласының есімін бүгінге жеткізген.
Онда:
«Кердері руғы Құлтай Тұрдалы нәбирасы Жасбай молла балалары.
Хасан 12 йашда, Ғабдолхалық 7 йашда офат болдылар.
Ғабдысаттар 2 йашда, Фатима 2 йашда офат болдылар.
1854 сәнә», –
деп жазылған.
Хасан 12 жаста, Ғабдолхалық 7 жаста, Ғабдысаттар мен Фатима 2 жаста болған. Төртеуі де 1854 жылы қайтыс болған.
Құлпытас олардың өлім себебін көрсетпейді. Сондықтан бұл деректі қандай да бір індетпен немесе тарихи оқиғамен байланыстыруға әзірге негіз жоқ. Дегенмен бір отбасының төрт баласының бір жылда қайтыс болуы 1854 жылға қатысты жергілікті архивтік деректерді арнайы зерттеуді қажет ететін маңызды белгі.
Ысық руынан Бесбайұлы
1860 жылғы тастың жазуында:
«Ұсық руғының Қадырғұл тайфасы.
Сейдек аймағы Іздібай немересі Бесбай баласы.
… офат.
1860 сәнәда 37 йашында», –
деп көрсетілген. Марқұмның аты толық сақталмағанымен, оның Ысық руының Қадырғұл бөлімінен, Іздібайдың немересі, Бесбайдың баласы екені және 1860 жылы 37 жасында қайтыс болғаны анық оқылады.
Кердері руының өкілдері
Қорымдағы кейінгі кезеңдегі тастардың едәуір бөлігі Кердері руының өкілдеріне тиесілі. 1869 жылғы құлпытаста:
«Һәзиһи әт-турбәт.
Кердері руғы Жабағы тайфасы Есенай аймағы Жәнібек баласы.
Жауқачар офат болды 58 йашында 1869 йылда.
Бұ ташны қойды балалары Жұмғали, Қоңырбай», –
деп жазылған.
1902 жылғы Айкенже Оразқызының құлпытасында:
«Әл-мутәуәффәт Айкенже Ораз қызы.
Кердері руғы, Жанбас тайфасы, Сұлтанқұл аймағының Мұхаммеджан
Баймұхаммед ұғлының жамағаты.
1902-нчі сәнә хұт йұлдызында 36 йашында…», – деген жазу бар.
Бұл жазу бір ғана адамның есімін емес, оның руын, ру ішіндегі бөлімін және отбасылық байланысын да көрсетеді.
1904 жылғы Арыстан Төлекұлының тасында:
«Аллаһуммә джъаль қабраһу нуран.
Кәфә биль-мәути уағизан.
Кердері руғы Жабағы тайфасы.
Арыстан Төлек баласы офат.
55 йашында 1904-нчі йылда.
Бұ ташны йаздұрды баласы Өтеғали мырза», – деп жазылған.
Бұл жерде тағы да «мырза» атауы кездеседі. Құлпытасты марқұмның баласы Өтеғали мырза жаздырған.
Қазіргі оқылған тастардың мерзімі 1944 жылға дейін жетеді. Сол жылғы құлпытаста:
«Кердері Жабағы тайфасы.
Малашы Бесбей жамағаты офат болды.
Әсет айында 1944 жылда.
75 жасында. Бұл тасты қойдырды қызы…», – деген жолдар сақталған.
Осылайша қолымыздағы араб әліпбиіндегі құлпытастар Бекей ауылы маңындағы қорымның кемінде 1810 жылдан 1944 жылға дейінгі 134 жылдық тарихын нақты даталармен көрсетіп отыр.
Қорымның тарихи сипаты
Оқылған құлпытастарды біртұтас дерек ретінде қарастырғанда қорымның бірнеше маңызды ерекшелігі анық байқалады.
Біріншіден, бұл – бір рудың әулеттік қорымы емес. Мұнда Төре әулетімен бірге Байбақты, Тама, Масқар, Табын, Ысық және Кердері руларының өкілдері жерленген.
Екіншіден, қорым ХІХ ғасырдың басында, Айшуақ хан жерленгенге дейін қалыптасқан. Мұны 1810 жылғы Шұмақ Өмірзақұлының құлпытасы дәлелдейді.
Үшіншіден, құлпытастарда адамдардың қоғамдық мәртебесін білдіретін атаулар жиі кездеседі. Айшуақ – хан, Алғазы – сұлтан, Өмірзақ – би, Дәнекөз –бай, Тайман мен Өтеғали – мырза, Жасбай – молда деп көрсетілген.
Бұл атаулар кейінгі зерттеушілер берген сипаттама емес, тікелей құлпытастардың өзінде жазылған. Сондықтан Бекей ауылы маңындағы бұл қорымның ХІХ ғасырдың алғашқы кезеңінде жергілікті орта үшін маңызы жоғары жерлеу орны болғаны байқалады. Алайда оның нақты мәртебесін – хан әулетіне, белгілі бір саяси орталыққа немесе сол кезеңдегі қоныстық жүйеге қатысын – архивтік және археологиялық зерттеулер арқылы нақтылау қажет.
Айшуақ ханның бұрыннан қалыптасқан осы қорымға жерленуі де кездейсоқ таңдау болмауы ықтимал. Бұл тұжырымды нақтылау үшін ханның соңғы жылдардағы қонысы, осы аумақтағы сұлтандар мен билердің орналасуы және қорымдағы адамдардың өзара байланысы зерттелуі тиіс.
Өмірзақ би туралы жаңа деректің маңызы
Осы тұрғыдан алғанда 2026 жылы анықталған Шұмақ Өмірзақұлының құлпытасы ерекше мәнге ие.
Бізде қазір Өмірзақ би туралы кем дегенде бірнеше нақты дерек бар: ол Байбақты руының Тоқсоба бөлімінен; Шұмақ есімді ұлы болған; Шұмақ шамамен 1771 жылы туған; 1810 жылы 39 жасында қайтыс болған; әкесі ұлына осы қорымнан құлпытас орнатқан. Бұл Өмірзақ бидің XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген тұлға екенін шамалауға мүмкіндік береді. Оның нақты өмірбаяны мен қоғамдық қызметі Байбақты–Тоқсоба шежіресі және сол кезеңдегі архив құжаттары арқылы анықталуға тиіс. Өмірзақ би туралы деректің құндылығы – оның есімінің анықталуымен ғана шектелмейді. Оның ұлының Айшуақ ханнан екі жыл бұрын дәл осы қорымға жерленуі қорымның ерте тарихын анықтауға мүмкіндік беретін жаңа хронологиялық тірек болып отыр.
Құлпытас – тасқа жазылған архив
Бекей ауылы маңындағы қорымды зерттеу бірнеше жылдан бері айтып жүрген бір ойымызды тағы да дәлелдейді: көне құлпытас – жай ғана қабір белгісі емес, толыққанды тарихи дереккөз.
Кейде ол архивтен табылмайтын адамның аты-жөнін, әкесін, руын, ру ішіндегі бөлімін, әлеуметтік мәртебесін, өмір сүрген уақытын, қайтыс болған жасын, балалары мен басқа да туыстық байланыстарын сақтап қалады. Айшуақ ханның құлпытасы оның қайтыс болған мерзімі мен жасын нақтылады, Жантөре мен Шерғазының хан болғанын тасқа қашап жеткізді.
Шұмақтың құлпытасы Байбақтының Тоқсоба бөліміндегі Өмірзақ бидің есімін қайта жаңғыртып, қорымның Айшуақ ханнан бұрын болғанын көрсетті.
Дәнекөздің құлпытасы оның Тама руынан шыққан бай болғанын сақтады.
Досқанның тасынан оның әкесі Тайманның мырза аталғанын білеміз.
Жасбай молданың құлпытасы төрт баласының есімін бір мезетте бүгінге жеткізді.
Жәнібектің тасынан оның балалары Жұмғали мен Қоңырбайдың есімдері белгілі болды.
Осы деректерді біріктіргенде алдымызда жеке-жеке қабір белгілері емес, бірнеше ұрпақтың өмірбаянын сақтаған тасқа жазылған архив тұрғаны анық көрінеді.
Бір зерттеудің жалғасы
Бұл жұмыстың тарихына тұтас қарағанда оның бірізді зерттеу ретінде қалыптасқанын көреміз.
«DANA» журналы аясындағы Есенгелді бай туралы зерттеу оның ұлы Бекей Есенгелдіұлын іздеуге ұласты. Бекейді іздеу Бекей ауылы маңындағы көне қорымға алып келді. Сол жерде түсірілген фотосуреттердің бірі арқылы Айшуақ ханның құлпытасы анықталды. 2017 жылғы арнайы сапар оның жерленген орнын және құлпытас мәтінін нақтылады. Арада тоғыз жыл өткен соң қорымға қайта оралуымыз Шұмақ Өмірзақұлының құлпытасын анықтауға мүмкіндік берді. Ол өз кезегінде Өмірзақ би деген тұлғаның есімін алға шығарды. Ал қорымдағы өзге тастарды бірге зерттеу оның бір ғана тарихи тұлғаға немесе бір руға қатысты емес, Кіші жүз тарихының әр кезеңінен хабар беретін күрделі тарихи нысан екенін көрсетіп отыр.
Бұдан тоғыз жыл бұрын мүк басып, далада үнсіз тұрған бір құлпытас Айшуақ ханның мәңгілік мекенін анықтауға жол ашты. Тоғыз жылдан кейін сол қорымдағы тағы бір тас Өмірзақ би деген есімді тарихқа қайта алып келді.
Бұл – құлпытастарды жүйелі зерттеудің нақты нәтижесі.
Сафуллин Жантас Набиоллаұлы
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры,
Орал қаласы, 15 қыркүйек 2026 жыл



