Музей жұмысы тек қордағы жәдігерлерді сақтау немесе экспозиция арқылы тарихты таныстырумен шектелмеуі керек. Өлке тарихының әлі де зерттелмеген тұстарын анықтау, ел ішінде сақталған деректерді жинау, тарихи орындарға барып, олардың бүгінгі жағдайын тіркеу – музейдің ғылыми-зерттеу қызметінің маңызды бағыттарының бірі.
Осы мақсатта Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен Теректі ауданының Сарыөмір ауылына далалық экспедиция ұйымдастырдық. Біздің алдымызға қойған негізгі міндетіміз – Сарыөмір өңірінің тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеу, жергілікті тұрғындардың жадында сақталған ауызша деректерді жинақтау, тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтерді нақтылау, музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтыру және алдағы ғылыми зерттеулерге негіз болатын материалдарды тіркеу болды.
Ел ішінде сақталған жәдігер – тарихтың нақты дерегі

Сапарымыз Сарыөмір ауылындағы Хамза Есенжанов атындағы мектеп музейінен басталды. Мұнда ауыл ақсақалдары және мектеп басшылығымен кездесіп, Сарыөмірдің өткені, көне қоныстары, тарихи орындары мен осы өңірден шыққан тұлғалар жөніндегі естеліктерді жазып алдық. Ауыл тұрғындарының әңгімелері дыбыс және бейнежазбаға түсіріліп, музейдің ғылыми қорына тіркелді.
Экспедицияның маңызды нәтижелерінің бірі – Құныскерей есімімен байланысты кісеннің облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына қабылдануы болды.
Ауызша деректер бойынша, бұл кісен 1976 жылы Еламан тауындағы Құныскерей үңгірінен табылған. Содан бері ол бірнеше адамның қолында сақталып, кейін Хамза Есенжанов атындағы мектеп музейіне тапсырылған. Экспедиция барысында жәдігердің сақталу тарихы мен оған қатысты куәгерлердің естеліктерін мүмкіндігінше толық жазып алып, фото және бейнематериалдармен құжаттадық.
Мұндай жәдігерлердің құндылығы оның заттық сипатында ғана емес. Оның артында адамдардың естелігі, ел ішінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен әңгіме және белгілі бір тарихи кезеңнің ізі жатыр. Сондықтан жәдігермен бірге оның тарихын да жоғалтпай қабылдау музей үшін аса маңызды.
Ауылдағы жеке көрме-үй
Сарыөмір сапары барысында суретші Ғинаят Даулбаевтың жеке көрме-үйінде болып, шығармашылық мұрасымен таныстық. Оның туындыларында қазақ халқының дүниетанымы, салт-дәстүрі мен белгілі тарихи-мәдени тұлғалар тақырыбы көрініс тапқан.
Кездесу соңында суретші өзінің «Әжемнің әңгімесі» картинасын облыстық музей қорына тұрақты сақтауға сыйға тартты. Сонымен қатар «Төрт мезгіл» туындысын уақытша сақтауға ұсынды. Осылайша экспедиция барысында музей қоры тарихи жәдігермен ғана емес, бейнелеу өнерінің жаңа туындысымен де толықты.
Сарыөмір даласындағы бес көне құдық
Сарыөмір сапарының біз үшін ең қызықты әрі алдағы ғылыми зерттеулерге жаңа бағыт берген тұстарының бірі – көне құдықтардың анықталуы болды.
Бұл аумақта көне құдықтардың бар екені жөнінде жергілікті тұрғындардан бұған дейін де мәлімет алынған. Алайда олардың нақты орналасқан жеріне барып, құрылымын көзбен көріп, ғылыми тұрғыдан тіркеу мүмкін болмаған еді. Сондықтан бұл жолғы экспедиция барысында құдықтарды іздеп табуға арнайы мән бердік. Ауыл тұрғындарының көмегімен Сарыөмірден Өлеңті бағытына қарай орналасқан Тасқұдық қонысы мен оған іргелес аумақтарды аралап, бес көне құдықты анықтадық.

Бірінші құдық Сарыөмір ауылынан Өлеңті бағытына қарай шамамен 12 шақырым жердегі Тасқұдық қонысы маңында орналасқан. Оның ішкі қабырғалары жалпақ табиғи тастармен дөңгелек пішінде қаланған. Қазіргі уақытта тас қалауының шамамен 4–5 метрге дейінгі бөлігі анық көрінеді. Одан төменгі бөлігінде су мен шөгінділер болғандықтан, құдықтың нақты тереңдігін анықтау мүмкін болмады. Экспедиция барысында нысанның координаттары белгіленіп, фотофиксация жасалды.
Одан небәрі он адымдай жерде екінші құдықтың орны анықталды. Бұл құдық уақыт өте келе топырақпен толық бітеліп қалған. Бүгінде жер бетінде оның орны ғана байқалады. Сондықтан ішкі тас қалауы мен құрылысын толық зерттеу мүмкін болмады. Бірақ екі құдықтың бір-біріне өте жақын орналасуының өзі біз үшін назар аударарлық дерек болды.

Үшінші құдықтың құрылымы ерекше қызығушылық тудырды. Оның аузы ірі жалпақ таспен жабылған. Тасты алғаннан кейін ішкі құрылысына визуалды бақылау жүргіздік. Құдық аузының диаметрі шамамен 60–70 сантиметр. Ең басты ерекшелігі – аузы тар болғанымен, төмен қарай біртіндеп кеңейіп, құмыра тәрізді пішінге ауысады. Қабырғалары әртүрлі көлемдегі жалпақ табиғи тастармен өрілген. Жергілікті тұрғындардың ауызша дерегінде бұл құдық XII–XIII ғасырлармен байланыстырылады. Дегенмен оның нақты мерзімін тек археологиялық зерттеу нәтижесінде анықтауға болады.

Төртінші құдықтың ерекшелігі – ғасырлар өтсе де өзінің бастапқы қызметін жоғалтпай, бүгінгі күні де су көзі ретінде пайдаланылып отырғандығында. Құдықтың ішкі қабырғалары таспен өрілген. Жергілікті қожалық иелері оны тазалап, электр сорғысын орнатып, суды мал суаруға пайдаланып келеді. Қожалық иесінің айтуынша, су шамамен бес метр тереңдіктен шығарылады және құдық соңғы үш жылдан бері қайта пайдаланылып отыр. Жергілікті тұрғындар бұл нысанды XII ғасырмен байланыстырады, алайда бұл мерзім де ғылыми зерттеу арқылы нақтылануы қажет.

Бесінші құдық жер бедерінің табиғи ойпаң бөлігінде орналасқан. Оның да қабырғалары жалпақ табиғи тастармен өрілген және үшінші құдық секілді аузы тарылып, төмен қарай кеңейетін құмыра тәрізді құрылымға ие. Түбінде су сақталған, ал қабырғаларының жоғарғы бөлігінде ылғалдан мүк пайда болған. Бұл құдықты жергілікті шаруалар өзгеше мақсатта пайдаланып отыр: оның ішіндегі табиғи салқындықты пайдаланып, азық-түлік пен тұрмыстық заттарын сақтайды.
Бізді қызықтырғаны – бес құдықтың жеке-жеке сақталуы ғана емес, олардың бір аумақта, көне қоныстарға жақын орналасуы. Жергілікті тұрғын Рауан Амангелдіұлының айтуынша, бұл маңда мұндай құдықтар бұлармен шектелмейді, сайлардың ішінде әлі де зерттелмеген нысандар болуы мүмкін. Ауыл қариялары оларды XIII–XIV ғасырлардағы Алтын Орда кезеңімен байланыстырып келген. Оның айтуынша, құдықтардың бір-біріне жақын орналасуы бұл жерде кезінде ірі қоныс болған болуы мүмкін деген болжамға негіз береді.
Бұл ауызша деректердің ғылыми тұрғыдан тексерілуі аса маңызды. Өйткені осы аумақта бұған дейін археологиялық зерттеулер жүргізіліп, 2020 жылы Алтын Орда дәуіріне жататын кесене орны анықталған. Енді сол маңнан бірнеше көне құдықтың тіркелуі Сарыөмір аумағының ортағасырлық тарихын кешенді түрде зерттеуге негіз болатын жаңа материал беріп отыр.
Сондықтан біз бұл құдықтарды бірден «Алтын Орда дәуірінің ескерткіштері» деп ғылыми тұрғыдан түпкілікті бағалаудан аулақпыз. Экспедицияның міндеті – ең алдымен оларды анықтау, орналасқан жерін белгілеу, құрылысын сипаттау, жергілікті халық жадындағы деректерді жазып алу және ғылыми зерттеуге негіз қалыптастыру. Ал олардың нақты қай кезеңге жататынын археологиялық зерттеу анықтауы тиіс.
Бір аумақта тоғысқан бірнеше тарихи кезең
Экспедицияның келесі бағыты – 2020 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген, Алтын Орда дәуіріне жататын ортағасырлық кесене орны болды. Нысан орналасқан аумаққа барлау жүргізіліп, тарихи-мәдени ландшафт қаралды.
Бұдан кейін Байбақты руының тарихи тұлғасы Ақсақал ата кесенесіне бардық. Кесененің қазіргі жағдайымен танысып, маңындағы көне обалар мен қорғандардың іздерін тіркедік. Аумақты кең көлемде қарау үшін дрон арқылы әуеден түсірілім жүргізілді.
Осының барлығы Сарыөмірді бір ғана тарихи кезең аясында емес, әр дәуірдің іздері сақталған тұтас тарихи-мәдени кеңістік ретінде қарастыру қажеттігін аңғартады.
Даладағы дерек жоғалмауы керек
Сарыөмірге жасаған бұл сапар тағы бір маңызды мәселені көрсетті. Біздің ауылдарымызда ғылыми айналымға әлі толық енбеген қаншама тарихи дерек бар. Оның бір бөлігі – жерде жатқан археологиялық нысандар болса, екінші бөлігі – тұрғындардың қолындағы жәдігерлер, үшіншісі – ауыл ақсақалдарының жадында сақталған әңгімелер.
Уақыт өткен сайын мұндай ауызша деректерді білетін адамдардың қатары азаяды. Кейбір тарихи орындардың табиғи және антропогендік әсерден бұзылу қаупі де бар. Сондықтан музей қызметкері деректің музейге өздігінен келуін күтіп отырмауы керек. Біз елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, тарихи нысандарды анықтап, жәдігерлерді тіркеп, ғылыми мекемелермен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуге тиіспіз.
Сарыөмір экспедициясының нәтижесінде Құныскерейге қатысты тарихи жәдігер музей қорына қабылданды, ауыл тұрғындарының естеліктері жазып алынды, Ғинаят Даулбаевтың шығармашылық мұрасы зерттеліп, музей қорына жаңа көркем туынды түсті. Бес көне құдық анықталып, тарихи орындар фото, бейне және дрон арқылы құжатталды. Ортағасырлық кесене мен Ақсақал ата кесенесі аумағында барлау жүргізіліп, болашақ зерттеулерге қажетті материалдар жинақталды.
Бұл – жұмыстың аяқталғанын емес, керісінше, жаңа зерттеулердің басталғанын білдіреді.
Алдағы міндет – анықталған нысандарды археологтар, тарихшылар және тиісті сала мамандарымен бірлесіп кешенді зерттеу, олардың нақты мерзімін ғылыми тұрғыдан анықтау, тарихи нысандарды есепке алу мен қорғау мәселесін қарастыру.
Өйткені музей үшін тарих – тек витринада тұрған жәдігер емес. Тарих – далада жатқан көне қоныста, ғасырлар бойы сақталған құдықта, ауыл тұрғынының қолындағы бұйымда, ақсақалдың жадындағы естелікте. Сол деректі дер кезінде жинап, зерттеп, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің негізгі міндетіміз.
Сафуллин Жантас Набиоллаұлы
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры,
Орал қаласы, 5 тамыз, 2026 жыл



