15 тамызда музей қабырғасында музей директоры Жантас Набиоллаұлының бастамасымен өңіріміздің тарихын тереңнен зерттеп жүрген тарихшылар мен өлкетанушылар кездесті.
Қонақтар қатарында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазыбек Қабжан, өлкетанушы Нұрлан Сәдір, тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚУ доценті Жаңабек Жақсығалиев, тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин және тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚУ «Қазақстан Республикасы тарихы» кафедрасының меңгерушісі Альфия Байболсынова болды.
Жиналыс барысында музейдің бүгіні мен болашағына қатысты маңызды ұсыныстар, тың идеялар, пікір алмасулар және даму бағыттары талқыланды.
Музей қызметкерлері де белсенді қатысып, өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, жаңа жобаларға бағыт беретін пікірлерін ортаға салды. Кездесу шынайы пікір алмасу алаңына айналып, мәдениетімізді сақтау мен дамытудағы бірлескен қадамдар айқындалды.
Тарихшы қонақтар алдағы уақытта музейдің тыныс-тіршілігіне қолдау көрсетіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына өз үлестерін қосуға дайын екендігін жеткізді.



