«Музей Travel»: кәсіби тәжірибе мен тағылымды сапар 

«Музей Travel»: кәсіби тәжірибе мен тағылымды сапар 

Музей жұмысы – өткенді сақтаумен ғана шектелмейтін, бүгінгі ізденіс пен ертеңгі жаңаруды қатар талап ететін жауапты сала. Экспозицияны заман талабына сай жасақтау, қордағы құндылықтарды дұрыс сақтау, оларды цифрландыру және келушіге тартымды түрде ұсыну үшін музей маманы үнемі білімін жетілдіріп, әріптестерінің тәжірибесімен танысып отыруы керек. Осы қажеттіліктен басталған бір бастама кейін халықаралық семинарды, бірнеше өңірдегі музейлермен танысуды және мыңдаған шақырымдық жолды біріктірген «Музей Travel» жобасына ұласты. 

 Жаңаруға бастайтын жол 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне директорлық қызметке келгеннен кейін әріптестеріммен жеке-жеке сөйлесіп, осы уақытқа дейін қандай семинарлар мен тренингтерге қатысқанын, кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндіктерінің қай деңгейде болғанын сұрадым. Сонда музей мамандарының арнайы семинарлар мен тәжірибелік оқуларға көп бара қоймағанын байқадым. 

Бұл мәселенің біз үшін маңызы ерекше еді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залдары 2004 жылы жасақталған, содан бері тұтастай жаңартылмаған. Екіншіден, болашақта музейге жаңа ғимарат салу мәселесін көтеруіміз керек. Мұндай үлкен істі қолға алғанда қызметкерлеріміз жаңа музейдің қандай болуы керектігі жөнінде кәсіби пікір айтып, нақты ұсыныс бере алатын деңгейде болуы қажет. Сондықтан Астана мен Алматыда немесе еліміздің өзге қалаларында салалық семинарлар ұйымдастырылса, әріптестерімді мүмкіндігінше қатыстырып, тәжірибесін молайтуды ойлап жүрген едім. 

Дәл осы кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің бастамасымен, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасы музейлерін цифрландыру және дамыту» халықаралық семинарына шақыру келді. Түркиядан музей саласының білікті мамандары келіп, бес күн бойы дәріс өткізетіні хабарланды. Бұл – біз күткен мүмкіндік еді. Семинарға қатысу мен жолай музейлердің тәжірибесін зерделеуді қамтыған сапарымыз 2026 жылғы 20–29 шілде аралығына жоспарланды. 

Әріптестерімді жинап, ұсынысты ортаға салдым. Жолдың алыстығына қарамастан, барлығы да қуана қатысуға дайын екенін білдірді. Алайда мәселе қаржыға келіп тірелді: музейде мұндай көлемдегі іссапар шығындары қарастырылмаған еді. Ұшақпен не пойызбен бірнеше қызметкерді жібергеннен гөрі, сыйымды көлікпен барып, көбірек маманның тәжірибе алуына жағдай жасауды жөн көрдік. Нәтижесінде сапарға музейдің әртүрлі бөлімдерінде еңбек ететін он шақты қызметкер шықты. 

Орал–Ақтөбе–Қостанай–Астана бағыты бір бағытта шамамен 1950 шақырымға, яғни екі мың шақырымға жуық қашықтыққа созылатын. Жол бірнеше облыс орталығын басып өтетіндіктен, осы сапарды тек семинармен шектемей, жолай кездесетін музейлердің жұмысымен танысумен ұштастыру туралы ой келді. Музейлерге саяхат мәнін білдіретін жобаға қазақша «Музей» және ағылшынша «Travel» сөздерін біріктіріп, «Музей Travel» деген атау бердік. Маршрутты құруды Әсел Сүйінғалиқызына тапсырдым. 

Алдымен «Газель» жалдаудың бағасын анықтадық. Оның құны қымбат болған соң, алыс жолға шыдайтын көлікті өз ортамыздан іздестірдік. Бұл ретте Бәйтерек ауданындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәулеткерей Атауұлы қолдау көрсетіп, өзі басқаратын мекеменің «Газель» көлігін сапарға уақытша берді. Көлікті алғаш көргенде жаңа әрі жайлы екені көңілімізден шықты. Тек терезе жапқыштары жоқ болып шықты. Мұны естіген әріптесім Айнагүл Халыққызы оларды тігіп беруді өз еркімен мойнына алды. «Үлгереміз бе?» деген сұрағыма: «Әрине, үлгереміз», – деп жауап беріп, жолға дейін дайындап қойды. 

Едәуір шығынның бірі – қонақүй мен пәтерақы. Сондықтан әріптестеріме әйелдер мен ер адамдарға бөлек пәтер жалдап, тек соның ақысын төлей алатынымызды ашық айттым. Барлығы бұл ұсынысты түсіністікпен қабылдады. 

Ұзақ жолда уақыт жоғалтпау үшін әр міндетті алдын ала бөліп бердік. Бір қызметкер тамақтанатын орындарды анықтаса, енді бірі жанармай құю бекеттерін белгіледі. Әсел Сүйінғалиқызы жалпы бағытты және қай музейлерге тоқтайтынымызды жоспарлады. Сонымен бірге әр қызметкерге арнайы іссапар күнделігін дайындап, жиналыста үлестірдім. Оның мақсаты – сапарға шыққан әр маманның көрген-білгенін, ойға түйгенін жазып отыруы, өзге музейлердің ұтымды тұстарын біздің жұмысымызға енгізу жөнінде ұсыныс әзірлеуі және атқарылған істің есебін жинақтауы еді. 

Осылайша жоспарымызды бекітіп, күнделіктерімізді қолымызға алып, 2026 жылғы 20 шілде күні таңғы сағат бес пен алтының шамасында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдынан жолға шықтық. 

Жолға дайындық кезінде әріптестеріме әрқайсысы үш ғибратты әңгіме оқып, сапар барысында соның бірін ұжыммен бөлісу жөнінде тапсырма бердім. Тапсырманың мақсаты – ұзақ жолдағы уақытты мазмұнды өткізу, қызметкерлерді ізденуге ынталандыру және ортақ әңгіме арқылы ұжымдық байланысты нығайту еді. 

Оралдан шыққаннан кейін жолай кездескен тарихи орындар туралы өзім білетін, бұрын естіген әңгімелерімді әріптестеріммен бөлістім. Сырым шыққан төбе, Есенгелді мен оның ұлы Бекей туралы айтып, Жайық өзенінің бойында бір кездері мешіттердің болғанын және өзеннің табиғи шекара ретіндегі тарихи маңызын түсіндірдім. Мұндағы мақсатым – әріптестерімнің жол бойындағы жер-су атауларына мән беріп, өлкеміздің тарихын тереңірек сезінуіне ықпал ету еді. 

Жол үстінде «Бұлан» деген жер атауы кездесті. Оның шығу тарихын сұрағанымда ешкім нақты жауап бере алмады. Сонда бұл атаудың тарихын өздерің ізденіп, анықтап біліп алыңдар деп тапсырдым. Өйткені музей қызметкері үшін әрбір жер-су атауының мәніне үңіліп, оның тарихын білу маңызды. 

Одан кейін бір-екі қызметкер дайындаған ғибратты әңгімелерін айтып берді. Әріптестеріміз географиялық сұрақтардан шағын викторина да өткізді. Осылайша жол бойы тарихи әңгіме айтып, сұрақ-жауап өткізіп, уақытты мазмұнды пайдаландық. Сөйтіп, жолдың ұзақтығын көп сезінбей, Ақтөбе қаласына да жетіп қалдық. 

 Ақтөбеден басталған музейлер сапары 

Алдын ала Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылығына хабарластық. Қалаға жеткен бойда бірден музейге барып, жұмысымен таныстық. Жаңадан салынған ғимараттың іші көркем әрі мазмұнды жасақталған екен. Әріптестерім өздеріне ұнаған шешімдер мен артықшылықтарды күнделіктеріне түртіп алды. Кейін жол үстінде сол байқағандарымызды бірге талқылап отырдық. 

Ақтөбеден кейін Қостанайға жеттік. Таңертең Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейді аралауды жоспарлаған едік. Өкінішке қарай, екі музей де жабық болды. Сондықтан тамақтанып алып, түстен кейін Астанаға қарай жол тарттық. Елордаға сол күні түнде жетіп, аз-кем тыныққан соң, ертеңіне халықаралық семинарға уақытында бардық. 

Бес күндік білім алаңы 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен семинарға қатысушылар алдын ала екі секцияға бөлінген екен. Біздің қызметкерлеріміз де сол екі топқа бөлінді. Ресми ұйымдастырушылар қатарындағы Ұлттық музей шараның жоғары деңгейде өтуіне жан-жақты жағдай жасады. Ұйымдастыру жұмысына музей қызметкері Анар Срайылқызы жетекшілік етті. Батыс Қазақстан облысынан келген топқа өңірімізге белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің қызы Жадыра Қайратқызы куратор болды. Түркиядан келген мамандармен алғашқы күннен танысып, олардың музей саласында мол тәжірибе жинаған білікті мамандар екеніне көз жеткіздік. 

Бірінші күні спикерлер алдағы бес күнде қамтылатын тақырыптарды таныстырды. Содан кейін әріптестерім семинарға толық қатысып, бір минутын да бос жіберген жоқ. Дәрістерді мұқият тыңдап, сауалдарын қойып, пікірталастарға белсенді араласты. Ұйымдастырушылар Батыс Қазақстан облысынан келген мамандардың белсенділігін бірнеше рет атап өтті. Әсіресе біздің арнайы күнделік дайындап әкелгенімізді жақсы бастама ретінде көрсетіп, өзгелерге үлгі етті. 

Семинар музейдегі жәдігердің бүкіл қозғалысын жүйелі түрде қамтыды. Құндылық музейге түскен сәттен бастап қалай рәсімделетіні, одан кейін қалай сақталатыны, экспозицияға қандай тәртіппен шығарылатыны, көрмеден соң қорға қалай қайтарылатыны және осы үдерістердің құқықтық тұрғыдан қалай қорғалуы керектігі рет-ретімен түсіндірілді. Бұған қоса, экспозициялық залдарды жасақтаудың заманауи бағыттары, бүгінгі музей ісіндегі үрдістер және мамандар назар аударуы тиіс мәселелер талқыланды. 

Түркиялық мамандармен өткен сұрақ-жауап кезінде Батыс Қазақстанның бірегей мұрасы – Тақсай ханшайымы да сөз болды. Олар алтын бұйымдарымен бірге табылған әйелдің қоғамдағы орны қандай болғанын сұрады. Біз оның абыздық қызмет атқарып, діни әдет-ғұрыптарды орындаған тұлға болғаны жөнінде әңгімеледік. Бұл мәлімет шетелдік мамандардың ерекше қызығушылығын туғызды. 

Тақсай ханшайымының алтын бұйымдарының түпнұсқалары Ұлттық музейде сақталғандықтан, түркиялық мамандар семинардан кейін сол залды бізбен бірге аралап, жәдігерлер туралы кеңірек білгісі келді. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдадық. Алайда уақыттың тығыздығынан оларды өзіміз таныстырып шығуға мүмкіндік болмай қалды. Сондықтан Оралдағы әріптестерімізбен жедел хабарласып, экскурсия кезінде айтылатын мәтінді алдырдық. Оны ықшамдап, түрік тіліне аудардық. Содан соң жасанды интеллект көмегімен менің фотосуретімді қимылдатып, өз дауысымды түрікше сөйлетіп, бейнеролик әзірледік. Дайын нұсқаны ұйымдастырушыларға қалдырдық. 

Семинар барысында бізді қуантқан тағы бір жағдай болды. Әріптесіміз Алина Асланқызының түрік тілін жетік білетінін сол жерде аңғардық. Ол Түркиядан келген мамандармен еркін сөйлесіп, сұрақтарын түрік тілінде қойды. Анар Срайылқызы да мұны ерекше атап өтті. Қатысушылар арасында түрікше білетін адамдар санаулы болса, солардың бірі біздің қызметкеріміз болды. Алина жолға шығарда өзінің тіл білетінін айтып мақтанған емес. Оның білімі мен қабілеті іс үстінде көрінді. Семинар ұйымдастырушылары түрікше пікір білдіретін қатысушы ретінде оны таңдағанда бәріміз марқайып қалдық. 

Халықаралық байланыстың жаңа мүмкіндігі 

 Семинар бізге тек білім алып қана қоймай, түркиялық мамандармен кәсіби байланыс орнатуға да мүмкіндік берді. Бірнеше маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қамқоршылық кеңес құруды жоспарлап жүрген едік. Семинар кезінде Түркиядағы 15 шілде демократия музейінің директоры Әли Хайдар Аталарға кеңес құрамына кіру туралы хат жолдадық. Ол ұсынысты қуана қабылдап, келісімін берді. Ендігі кезеңде тиісті құжаттарға қол қою рәсімі атқарылады. 

Сонымен бірге Түркия музейлері мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларындағы ортақ мұралар негізінде жасанды интеллект көмегімен арнайы бейнероликтер әзірлеу, өзара материал алмасу және онлайн көрмелер ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айттық. Түркиялық әріптестер бастаманы қолдап, бірлесе жұмыс істеу жөнінде ауызша уағдаластыққа келді. Бұл халықаралық қатынасты нығайтып, болашақтағы ортақ жобаларға жол ашатын жақсы мүмкіндік болды. 

Ұлттық музейге келген соң оның тек экспозициясын ғана емес, ішкі жұмыс жүйесін де тереңірек білгіміз келді. Анар Срайылқызынан бөлім басшыларымен кездесуге және олардың тәжірибесімен танысуға уақыт бөлуін өтіндім. Ол біздің өтінішімізді қолдап, бөлім жетекшілеріне алдын ала ескертіп қойды. 

Соның арқасында ғылыми-әдістемелік бөлімнің, қор бөлімінің және басқа да құрылымдардың жұмысымен таныстық. Тіпті қор қоймаларына кіріп, құндылықтарды сақтау ісінің қалай ұйымдастырылғанын көрдік. Әріптестерім өздерінің кәсіби бағыттарына сәйкес бөлім мамандарымен байланыс орнатып, көкейіндегі сұрақтарына нақты жауап алды. Құжаттарды рәсімдеу бойынша үлгілер алып, олардың тиімді тұстарын алдағы уақытта өз музейіміздің жұмысына енгізуге келістік. 

Бес күндік семинар мазмұнды өтіп, соңында әр қатысушыға сертификат тапсырылды. Бұл құжат – бес күн бойы алған біліміміз бен жинаған тәжірибемізді айғақтайтын маңызды нәтиже. Семинарды әріптестеріміз де, біз де, ұйымдастырушылар да көтеріңкі көңіл күймен қорытындыладық. 

АЛЖИР: үнсіз тарих сөйлеген мекен 

«Музей Travel»: кәсіби тәжірибе мен тағылымды сапар Астанада жүргенде қала маңындағы АЛЖИР музейіне баруды алдын ала жоспарлаған едік. Анар Срайылқызынан бір күні түстен кейін ертерек босатуды сұрап, сағат 16:30–17:00 шамасында өз көлігімізбен музейге аттандық. 

Бұл жердің өзгеше ахуалы табалдырықтан аттағаннан-ақ сезіледі. Экскурсия жүргізушісі экспозициялық залдарды түгел таныстырды. Қазақ халқының басынан өткен нәубет, жазықсыз әйелдердің тағдыры, балалардың көрген қиындығы, олардың құқығының тапталуы, зорлық-зомбылыққа ұшырауы және ата-анасынан күштеп ажыратылуы бәрімізге ауыр әсер етті. Әсіресе ата-анасынан жырақта қалған балалардың хаттарын оқу мүмкін емес дерлік: әр жолы адамның жанын қозғап, көзіне жас үйіреді. 

Сол хаттардың бірінде былай жазылған: 

«Здравствуй, дорогая мамочка. Почему ты мне не пишешь письма. Мамочка, ты не знаешь где папа. Мамочка, я учусь во 2-м классе. Мамочка, я очень долго болел стригучим лишаем. Мамочка, я жив и здоровый. Мамочка, ты писала, что у тебя нет бумаги. Мамочка, я тебе пришлю. Мамочка, я за тобой очень скучаю. Больше писать нечего». 

Хаттың төменгі жағына бала өз қолымен бір қабатты үйдің суретін салып, үш мұржадан будақтаған түтінді бейнелеген. Суреттің үстіне «3-а корпус», ал жанына «Мамочка, это мой корпус» деп жазып қойған. Бір баланың осы қысқа хаты тұтас бір дәуірдің қасіретін сезіндіреді. 

Бурабайдағы табиғат пен тарих сабақтастығы 

26 шілде күні түстен кейін Ұлттық музейде сертификаттарымызды алып, кері жолға шықтық. Бағытымыз – Бурабай. Әріптестеріміздің көбі бұл өңірге бұрын бармаған екен. Басқа жолмен қайтуға мүмкіндік болғанымен, барлығы Бурабайды көріп, ондағы музей кешендерімен танысуды қалады. Сондықтан Бурабай мен Көкшетау арқылы елге оралатын болып келістік. 

Жолға шығарда семинардағы кураторымыз Жадыра Қайратқызы: «Елден келген жерлестерімсіңдер ғой, сендерге арнайы дәм дайындап қойдым, ала кетіңдер», – деп бірнеше пакет тағам беріп жіберді. Оның бұл ықыласы бәрімізді риза етті. 

Бурабайға жақындағаннан-ақ биік қарағайлар, тегіс жол мен көркем табиғат жылы әсер сыйлады. Кештетіп жеткен соң алдын ала келіскен пәтерлерімізге орналасуға кірістік. Осы кезде де түрлі жағдай болды. Алғашқы топ барған пәтердің маңындағы шамы жоқ қараңғы аула, кіреберісте жатқан бос шөлмектер, есігінен жаңа келген адамдарға қызыға қараған көршілер мен үй алдында күбірлескен тұрғындар бізге ХХІ ғасырдан өткен ғасырдың 80–90 жылдарына өтіп кеткендей әсер қалдырды. Бірінші пәтердің орналасқан жері сәтсіз болғандықтан, басқа баспана іздеп, пәтерден пәтерге ауыстық. Сөйтіп жүргенде түн болды. 

Кешкі ас ішетін орын іздегенде Жадыра Қайратқызының берген дәмі есімізге түсті.Оны өзімізбен бірге алып, бір кафенің әкімгеріне жағдайымызды түсіндірдік: 

– «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген өлеңді білесіз бе? – деп сұрадым. 

Әкімгер өлеңді білетінін айтты. 

– Осы өлеңнің авторы – Қайрат Жұмағалиев. Оның қызы бізге алыс жолға арнайы дәм әзірлеп жіберген еді. Біз сіздердің кафелеріңізден де тапсырыс береміз. Егер қарсы болмасаңыздар, жолға дайындап берген сол дәмнен осы жерде отырып ауыз тисек деп едік, – дедім. 

Әкімгер жылы қабақ танытып, рұқсатын берді. Сөйтіп Қайрат ағаның қызы әзірлеп берген дәмнен сол жерде ауыз тиіп, сапардың тағы бір шуақты кешін өткіздік. 

Күні бойы жүріп шаршап, кеш жатсақ та, ертеңіне бәріміз ерте ояндық. Бурабайдың ауасы таза болғандықтан ба, ұйқымыз да жақсы қаныпты. Алдымен Бөлектауға бардық. Мұнда баспалдақпен көтерілуге жағдай жасалған. Биікке шығып, Бурабайдың  әсем көрінісіне тамсандық. Осындай көркем жерді ұрпағына аманаттап кеткен ата-бабамызға деген ризашылық көңілімізді тербеді. 

Бөлектаудың ең биік тұсында үстел мен орындықтар бар екен. Кешкісін тауыса алмаған дәмімізді өзімізбен бірге ала шыққанбыз. Сол жерде отырып таңғы асымызды ішіп, әңгімелескеннен кейін төменге түстік. Одан соң моторлы қайықпен Оқжетпеске жақындап, Жұмбақтас пен Жеке батырды  көрдік. Қайық жүргізген жігіт гид қызметін де атқарып, табиғат нысандарына қатысты аңыздарды әңгімеледі. 

Оқжетпес туралы аңызда қыз өзін таласқа салдырмау үшін жартастың басына шығып: «Кімнің оғы орамалыма тисе, соған тұрмысқа шығамын», – дейді. Алайда ешбір батырдың оғы оған жетпейді. Өз еркінен тыс тұрмысқа шығудан бас тартқан қыз ақырында жартастан секіріп, өмірін құрбан етеді. Жұмбақтас туралы аңызда да қыз өзін қорғау үшін көлге секіріп, тасқа айналады делінеді. Сондықтан жартастың бір қырынан жас қыздың, екінші жағынан орта жастағы әйелдің, үшінші жағынан қарт ананың бейнесі көрінеді деген наным бар. Бөлектау аңызында бір-бірін сүйген екі жастың ата-анасының қарсылығынан қаза табуы баяндалса, Жеке батыр туралы аңызда ел күзетінде қалғып кеткен батырдың тасқа айналғаны айтылады. Табиғат нысандарының әрқайсысының осындай аңыздармен сабақтасуы экскурсияны бұрынғыдан да әсерлі етті. 

Мультимедиялық музейден түйген ой 

Бұдан кейін Бурабайдағы мультимедиялық интерактивті музей кешеніне бардық. Кіру билеті бес мың теңге екен. Өз тәжірибемде музей билеттерінің мұндай бағасын сирек кездестіргендіктен, бұл бізге қымбат көрінді. Оның үстіне баратынымызды алдын ала ескертпеген едік. Өзіміздің Батыс Қазақстан облысынан келген музей қызметкерлері екенімізді айтқан соң, кешен мамандары бізге тегін кіруге мүмкіндік жасады. 

Музей саласында әріптестердің бір-біріне құрмет көрсетіп, кәсіби ниеттестігін білдіретін жазылмаған дәстүр бар. Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да өзіңді осы үлкен саланың бір бөлшегі ретінде сезіну көңілге қуат береді. Бурабайдағы кешен қызметкерлерінің бізге жағдай жасап, жұмысымен танысуға мүмкіндік бергеніне ризашылық білдірдік. 

Кешеннің мазмұны бай, технологиялық шешімдері ұтымды екен. Алдымен келуші Бурабай өңірінің табиғаты және айналасымен танысады. Әр залға өткен сайын қазақ тарихының түрлі кезеңдері ашылады. Келуші садақ тартып көріп, интерактивті ойындарға қатыса алады. Қазақ тарихы мен аңыздары фильмдер және 5D, 7D форматындағы көрсетілімдер арқылы ұсынылған. Осындай технологияларды өзге музейлерге де енгізсе, балаларға да, ересектерге де қызықты болар еді деген ой түйдік. 

«Ботай–Бурабай» және Көкшетаудағы тәжірибе 

Бурабайдан түстен кейін Көкшетау бағытына шықтық. Щучинскіден шамамен 15 шақырым жерде орналасқан «Ботай–Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық музейіне соқтық. Мамандар біздің келе жатқанымызды естіп, күтіп отыр екен. Құшақ жая қарсы алып, кешенді толық таныстырды. 

Ботай мәдениетіне қатысты археологиялық олжалар басқа аумақтағы қазба жұмыстары кезінде табылған. Ал көпшілікке сол көне мәдениетті таныстыруға және туристердің келіп-көруіне қолайлы болу үшін осы жерде археологиялық деректер негізінде баспаналардың реконструкциялық көшірмелері салынған екен. Кешен мазмұны бізге қатты ұнады. Осындай үлгіні өзге өңірлерде де қолдануға болады деген ойға келдік. Мұнда осыдан үш-бес мың жыл бұрынғы адамдардың қалай өмір сүргенін, үйлерінің қандай болғанын, баспананың қандай бөліктерге бөлінгенін және туыстық байланыстардың қалай құрылғанын көрнекі түрде тануға мүмкіндік бар. 

Кешкі сағат алты шамасында Көкшетаудағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне жеттік. Музей негізінен сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейді екен. Бірақ келе жатқанымызды басшылыққа алдын ала ескерткендіктен, әріптестер бізді күтіп қалды. Ғимараты ескілеу болғанымен, экспозициясының ішкі мазмұны өте жақсы жасалған. Біз үшін маңызды шешімдер аз болған жоқ. Әріптестерім музейді аралай жүріп, болашақта өз экспозицияларымызды жаңартқанда қолдануға болатын ұтымды тұстарды белгіледі. Музейден шыққан соң кідірместен Қостанай бағытына бет алдық. 

Қараңғы жолдағы сын сағаты 

Көкшетаудан Қостанайға қарай шыққаннан кейін біраз уақыт көзім ілініп кетіпті. Оянған соң бағытты тексеру үшін телефонымдағы картаны ашып қарадым. Негізгі тасжолдан ауытқып, басқа бағытқа түсіп кеткеніміз бірден байқалды. Алайда сол кезде едәуір жер жүріп қойған екенбіз. 

Күн батып, жол барған сайын нашарлай түсті. Алдымен ойқы-шойқы жолмен жүрдік, кейін жаңбырдан езілген тайғақ сүрлеуге түстік. Қалың тұман басып, қараңғыда жолды көру қиындай бастады. Біраз уақыттан соң интернет пен ұялы байланыс та жоғалды. Жағдайды бақылау үшін жүргізушінің жанына барып, алдыңғы жақта тұрып, жол мен бағытты бірге қадағаладым. 

«Газель» ойқы-шойқы жолда қатты шайқалып, арттағы жүк пен чемодандар орнынан қозғала бастады. Жүргізуші жанармайдың азайып қалғанын айтқанда, жағдайдың күрделі екені бұрынғыдан да анық сезілді. Байланыс жоқ, айнала қараңғы, елді мекен көрінбейді. Әріптестерімнің де алаңдап отырғаны байқалды. Ешкім ұйықтаған жоқ. Әркім іштей «Бісмілләсін» айтып, негізгі жолға аман-есен шығуды тіледі. 

Біраз уақыттан кейін ұялы байланыс қайта пайда болып, карта арқылы бағытымызды нақтылауға мүмкіндік туды. Сарыкөл маңын айналып өтіп, біртіндеп негізгі тасжолға жақындадық. Ақыры тегіс асфальтқа шыққан сәтте әріптестерім қуаныштан еріксіз қол шапалақтап жіберді. Бұл бірнеше сағатқа созылған алаң көңілдің басылған сәті еді. 

Қостанайдағы құрмет пен тарихи жады 

Астанаға бара жатқанда Қостанайдағы екі музей жабық болғандықтан, оларды көре алмай кеткен едік. Кері қайтарда осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген жерлесіміз Нарымбетов Бақытжан Хаберұлына хабарластым. Ол музейлерге қай уақытта баруға болатынын айтып, көмегін көрсетті. 

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейін біз үшін арнайы ашып, экспозициясымен таныстырды. Ол кезде залдар қайта жаңартылып жатқан екен. Музейдің сыртқы келбеті, тіпті түсіне дейін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қатты ұқсайды. Үлкен ауласы бар. 

Музейде айтылған ескілікті әңгімелерге қарағанда, Азамат соғысы кезінде осы аулада революцияға қатысқан адамдар ату жазасына кесілген. Тіпті олардың қаны жақын маңдағы Тобыл өзеніне дейін аққан деген сөз сақталған. Сол қасіретті кезеңнің куәсі болған қабырға бұзылмай, қалпында қалдырылыпты. Қабырғада оқ іздері әлі тұр. Тарихи орынның сақталуы музей мазмұны мен құндылығын арттыра түсетінін көрдік. 

Одан кейін жақын маңдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейге бардық. Оның ғимараты мен экспозициялық кеңістігі жаңадан жасақталғандай әсер қалдырды. Іші мазмұнды, көркемдік шешімдері заманауи әрі тартымды екен. Экспозицияда Ыбырай Алтынсариннің шәкірттеріне сабақ беріп тұрған сәтін бейнелейтін арнайы бөлме жасақталған. Мұндай көрініс келушіні ағартушы өмір сүрген дәуірге жетелеп, музейлік әңгімені әсерлі етеді. 

Музейлерді аралап болған соң Бақытжан Хаберұлы мен бірге жүрген азаматтар арнайы келгенімізге алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады. Бұл бізді қуантты, ал басшы ретінде мен үшін зор мәртебе болды. Түс мезгілі таяғандықтан, ол кісі: «Алда ұзақ жол бар, түскі астарыңызды ішіп кетіңіздер», – деп ұсыныс білдірді. Біз айтқан жеріне барып, арнайы жайылған дастарқаннан дәм таттық. Жылы тілектер айтылып, мазмұнды әңгіме өрбіді. Осылайша жерлесіміздің ерекше құрмет-ықыласын сезініп, Ақтөбе бағытына қарай жолға шықтық. 

Қостанайдан шыққандағы жол тақтайдай тегіс еді. Әңгімелесіп, кезек-кезек тынығып келе жаттық. Бір кезде жол күрт бұзылып, жүру қиындай бастады. «Жол неге бірден осыншалық нашарлап кетті?» деген сұрақ туды. Артынша оның себебін де түсіндік: Қостанай облысының аумағынан шығып, Ақтөбе облысына кірген екенбіз. Содан кейін ойқы-шойқы жолмен сапарымызды жалғастырдық. Ақтөбеге түнде жетіп, тоқтамастан жүріп отырып, 29 шілде күні таңертең Оралға аман-есен оралдық. 

Сапардан қалған ең үлкен сабақ

Он күнге жуық уақытқа созылған бұл сапарда жол қиындығын да көрдік, қызықты жағдайларды да бастан өткердік. Ең бастысы – халықаралық семинардан білім алып, бірнеше өңірдегі музейлердің жұмысымен танысып, болашаққа қажет мол тәжірибе жинадық. Әріптестерімнің бәрі сапардан көтеріңкі көңіл күймен, жаңа ой және тың ұсын  .,ыстармен оралды.

Мен үшін бұл сапардың тағы бір үлкен нәтижесі – ұжымның ауызбіршілігі болды. Алыс жолға шығарда ешкім қиындықтан қорыққан жоқ. Жол бойы бір-бірін қолдап, жағдайын жасап, жақсы көңіл күйді сақтай білді. Осындай ынтымақ қандай күрделі міндетті де бірге атқаруға болатынын көрсетті. 

Сапардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Ең алдымен, алыс жолдың жауапкершілігін бірге көтеріп, кәсіби білімге ұмтылған әріптестеріме ризамын.

Көлік жағынан көмектескен Дәулеткерей Атауұлына өз атымнан және бүкіл ұжым атынан алғыс айтамын. Оның қолдауы болмағанда осынша қызметкердің сапарға бірге шығуы қиын болар еді.

Ұлттық музейдегі семинардың жоғары деңгейде өтуіне еңбек сіңірген Анар Срайылқызына да ризашылығымды білдіремін. Ол шара барысында Батыс Қазақстан облысының музейлерін және біздің құнды жәдігерлерімізді үнемі атап, әріптестеріміздің белсенділігін үлгі етті. Ұлттық музей бөлімдерімен танысуымызға және АЛЖИР музейіне баруымызға қолайлы жағдай жасады. 

Жерлесіміз әрі кураторымыз Жадыра Қайратқызы бізге айрықша ілтипат білдіріп, үнемі қамқорлық танытты. Елге қайтарда арнайы уақытын бөліп, өз қолымен дәм дайындап, жолға салып жіберуі мені ерекше тебірентті. Мәселе тағамның өзінде ғана емес, алыстан келген жерлестеріне деген шынайы ықыласында еді. Қайрат Жұмағалиевтей текті тұлғаның қызының қолынан дәм татып, әріптестерімнің көңілі көтерілгеніне қуандым. Жадыра Қайратқызына шынайы алғысымды айтамын. 

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Нарымбетов Бақытжан Хаберұлына да айрықша ризашылығымды білдіремін. Бізді жылы қарсы алып, музейлермен танысуымызға жағдай жасауы, ақжарма тілегін арнап, қамқорлық көрсетуі әріптестеріме де, маған да жылы әсер қалдырды. Қай жерде жүрсе де туған елінің азаматтарын ұмытпай, жерлестеріне жанашырлық таныту – өзгелерге үлгі болар қасиет. 

«Музей Travel» біз үшін бір реттік сапар ғана болған жоқ. Ол кәсіби дамуға бастайтын жолдың, әріптестік байланыстың және ортақ мақсатқа жұмылған ұжымдық еңбектің айқын көрінісіне айналды. Көргеніміз бен үйренгенімізді енді өз музейіміздің жұмысында пайдалану – алдымыздағы негізгі міндет. Өйткені сапардың шынайы нәтижесі жүрген шақырыммен емес, туған жерге оралғаннан кейін жүзеге асқан жақсы өзгерістермен өлшенеді. 

Сафуллин Жантас Набиоллаұлы 
Батыс Қазақстан облыстық
тарихи-өлкетану музейінің директоры,
Орал қаласы
31 шілде 2026 жыл 

Тыңдау

  1. Тыңдау ↗