Жапонияның Мэйдзи университетінің ғылыми қызметкері, археология саласындағы PhD докторы Эйко Эндо мен Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиева қорымыздағы қола және ерте темір дәуірлеріне жататын қыш бұйымдарды зерттеуде. Тек жарты күн жұмыс жасағанның өзінде жәдігерлерімізге қатысты құнды деректер айқындалуда.
Ғалымдарға қолайлы әрі тыныш ортада жұмыстанулары үшін арнайы бөлме бөліп, зерттеуге қажетті жәдігерлермен сол жерде жұмыс істеуіне жағдай жасалды.
Эйко Эндоның ғылыми бағыты — ежелгі ауыл шаруашылығын, дәнді дақылдардың таралуы мен эволюциясын археологиялық материалдар арқылы зерделеу. Музей қорындағы қыш бұйымдардың осындай зерттеулерге арқау болуы олардың ғылыми маңызын тереңірек ашуға мүмкіндік береді.
Эйко Эндомен кездесу барысында музей қорындағы археологиялық материалдарды бірлесіп зерттеу, оларды халықаралық ғылыми айналымға енгізу және ынтымақтастық аясын кеңейту жөнінде пікір алмастық. Осы байланысты жүйелі түрде жалғастыру мақсатында музейіміз бен Мэйдзи университеті арасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум жасасуды ұсындым. Ғалым ұсынысымды өз университетіне жеткізетінін және бұл бастама қолдау табады деп ойлайтынын айтты.
Мұндай әріптестік бірлескен зерттеулер жүргізуге, мамандардың тәжірибе алмасуына және музей қорындағы құнды мұраларды халықаралық ғылыми ортаға таныстыруға жол ашар еді. Өзімізде жәдігерлеріміздің құндылығын тереңірек танып, экспозицияларымызды мазмұнды жаңартуға мүмкіндік аламыз. Сондықтан осы бағыттағы байланыстың жалғасуына мүдделіміз.
Эйко Эндо мен Жанаргүл Қалиеваға музей мұрасына танытқан қызығушылығы мен ғылыми ізденістері үшін алғыс білдіремін. Зерттеулерінің нәтижелі болып, алдағы бірлескен жұмыстарға негіз қалануына тілектеспін!



