190 ЖЫЛ ЖИНАҚТАЛҒАН МУЗЕЙ ҚОРЫН ТОЛЫҚ ТҮГЕНДЕУДІ БАСТАДЫҚ!

190 ЖЫЛ ЖИНАҚТАЛҒАН МУЗЕЙ ҚОРЫН ТОЛЫҚ ТҮГЕНДЕУДІ БАСТАДЫҚ!
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 190 жылдық тарихында осы уақытқа дейін қордағы барлық жәдігерді қамтитын толыққанды кешенді түгендеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл – музейдің қор сақтау ісіндегі ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе.
Музейдің ең басты байлығы – оның қорындағы тарихи-мәдени мұралар. Әрбір жәдігердің өзіндік тарихы, ғылыми құндылығы, ұрпаққа жеткізер ақпараты бар. Сондықтан олардың нақты есебін жүргізу, сақталу жағдайын бақылау және тиісті құжаттамаларын ретке келтіруге тиіспіз.
Қазіргі таңда облыстық музейдің орталық қорында 126 мыңнан астам сақтау бірлігі бар. Бұл көрсеткішке қаладағы және аудандардағы музей бөлімдерінің қорлары кірмейді. Қалалық және аудандық бөлімдердегі барлық музейлік құндылықтар да облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірыңғай қорына жатады. Оларды қоса есептегенде, жалпы сақтау бірліктерінің саны 200 мыңнан асады.
Осындай мол мұраның толық әрі нақты есебі болуы тиіс. Құжатта көрсетілген әрбір жәдігердің нақты бар-жоғы, сақталу жағдайы, есептік мәліметтерінің сәйкестігі жан-жақты тексерілуі қажет.
Осы мақсатта биылғы 7 тамызда арнайы бұйрық шығарып, музей қорындағы жәдігерлерге кешенді түгендеу жүргізу жөнінде комиссия құрдым. Тамыз айының ортасынан бастап нақты жұмыстар қолға алынды.
Бүгінге дейін комиссия мүшелері 1500-ге жуық жәдігерді түгендеуден өткізді. Алғашқы жұмыс барысы бұл істің қаншалықты күрделі әрі уақытты қажет ететінін көрсетті. Сондықтан комиссияның 9 қазан күнгі кезекті отырысында түгендеудің тиімділігін арттыру, жұмысты жеделдету және жаңа ұйымдастыру тәсілдерін енгізу мәселелерін қарастырдық. Ақылдаса келе түгендеу жұмыстарын жүргізудің басқа әдісіне көшуге шешім қабылдадым.
Бұл ретте қор құжаттарының толықтығына, есептік мәліметтердің дұрыстығына, жәдігерлердің сақталу жағдайына және анықталған сәйкессіздіктердің себептеріне ерекше назар аударылатын болады.
Қазіргі түгендеу жұмыстары облыстық музейдің орталық қорынан басталды. Алдағы кезеңде қаладағы және аудандардағы барлық музей бөлімдерінің қорларына да толық түгендеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, облыстық музей жүйесіндегі барлық сақтау бірліктерін қамтитын болады.
Мұндай ауқымды жұмысты сапалы жүргізу үшін музейдің қор қызметін уақытша шектеуге тура келіп отыр. Себебі, түгендеу барысында сырт адамдарға алаңдаса ағаттық кетуі мүмкін. Әрі жұмыс ауқымы көп, адам саны шектеулі.
Түгендеу нәтижесінде облыстық музейдің барлық бөлімдеріндегі жәдігерлердің бірыңғай әрі нақтыланған есебін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Бұл алдағы цифрландыру жұмыстарына, қор құжаттарын жүйелеуге, сақтау жағдайын жақсартуға және ғылыми зерттеулерді дамытуға берік негіз болуы керек.
190 жылдық мерейтой – тек өткен тарихымызды дәріптейтін кезең ғана емес, осы уақыт ішінде жинақталған баға жетпес мұрамыздың бүгінгі жағдайына жауапкершілікпен қарайтын және
бізден кейінгі ұрпаққа музей ғимараты мен оның тарихымен қатар қордағы әрбір құндылықты толық есебімен, ғылыми сипаттамасымен және тиісті сақталу жағдайымен жеткізуіміз керек.
https://www.facebook.com/share/v/19VQnoem2b/