ТАРИХИ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАБІРІНЕ БЕЛГІ ОРНАТЫЛДЫ

ТАРИХИ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАБІРІНЕ БЕЛГІ ОРНАТЫЛДЫ
Казталов ауданына арнайы іссапармен барып, музейіміздің бастамасымен жүзеге асырылған тарихи-зерттеу жұмыстарының нәтижесін көпшілікке таныстырып, қазақ драматургиясының алғашқы өкілдерінің бірі, ағартушы Ишанғали Меңдіханұлының жаңадан белгі қойылған қабірінің басында рухына Құран бағыштадық.
Бұған дейін музей қорында сақталған Ишанғали Меңдіханұлына қатысты материалдарды жинақтап, арнайы қаржы қарастырып, «Музей мұрасы» жобасы аясында «Ишанғали Меңдіханұлы» атты кітапты жарыққа шығарған едік. Тұлғаның ұрпақтарымен кездесіп, зерттеу еңбегін өздеріне табыстадық.
Осы жұмыстардың жалғасы ретінде Ишанғали Меңдіхановтың жерленген орнын нақты анықтап, қабіріне белгі қою мәселесін көтердік. Осы мақсатта музей мамандарын арнайы жіберіп, тарихи деректер мен жергілікті тұрғындардың мәліметтерін зерделеу арқылы қабірдің орнын анықтадық.
Біздің бастамамызбен көтерілген осы мәселе Казталов ауданы әкімдігінің қолдауымен, ауыл азаматтары мен тұлғаның ұрпақтарының атсалысуымен шешімін тауып, қабір басына жаңа ескерткіш тақта орнатылды.
Бұл – музейіміздің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нақты нәтижесі.
Жұлдыз ауылындағы А. Хұсайынов атындағы мектепте өткен «Ишанғали Меңдіханов: тарих төріндегі тұлға» атты дөңгелек үстелде осы жұмыстарымызды таныстырып, аудандық кітапхана мен мектепке кітаптар табыстадық. Қабірдің орнын анықтауға көмектескен ауыл тұрғыны Сәрсенбі Анухановқа музейіміздің барлық бөлімдеріне тегін кіруге мүмкіндік берілді.
Іссапар барысында ортағасырлық Жалпақтал қалашығының орнына да арнайы бардық. 2011–2015 жылдары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген тарих ғылымдарының кандидаты Денис Марыксин бұрын зерттелген тұрғынжайлардың орындарын көрсетіп, ғылыми мәліметтерімен бөлісті. Қалашық аумағын дрон арқылы түсіріп, тарихи нысанның бүгінгі сақталу жағдайын цифрлық форматта құжаттадық.
Бұл материалдарды алдағы ғылыми-зерттеу және цифрландыру жұмыстарымызға пайдаланамыз.
Тарихи мұраны құрметтеу – өткенді еске алумен ғана емес, оның жоғын түгендеп, келер ұрпаққа жеткізумен өлшенеді.