Жыр төгіліп, ән шалқыған күн

Алдағы жылы Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толғалы отыр. Осы айтулы мереке қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның делегациясы Қаратөбе ауданының Қоскөл және Егіндікөл ауылдарында іссапарда болып қайтты. Құрамында «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайдуллин, ақындар Қ. Жұмағалиев, Ғ. Сейтақ, Ұ. Сариева бар топты екі ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды.

Халықтың тайлы-тұяғы қалмай жиналғаны сондай, Қоскөл ауылының жөнделіп, жаңа кейіпке енген мәдениет үйінде бос орын болмады. 92 жылдық тарихи бар облыстық «Орал өңірі» газеті бұдан бұрын да облыс аудандарын аралап, оқырмандармен кездесу ұйымдастырған болатын. Бұл жолғы кездесудің жөні бөлек болды. Осы қасиетті қара шаңырақта қызмет істеп жүрген, республикаға белгілі ақындар «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғ. Сейтақ, бас диретордың кеңесшісі Қ. Жұмағалиев және газет тілшісі Ұ. Сариева ақын ретінде оқырмандармен кездесуі ауыл халқына ерекше әсер етті.

Кездесуді ашқан аудан әкімі Н. Қарағойшин сөз кезегін аталмыш кездесуді ұйымдастырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Ж. Сафуллинге берді.

  • Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгендігі жөнінде жас ұрпаққа ұлағатты әңгіме айту мақсатында келіп отырмыз, – деді Жантас Набиоллаұлы. – Директор, редактор – лауазымы тағайындалатын қызметтер, ал ақын деген атақты халық береді. Ақын қашанда қоғаммен бірге біте қайнап, қоғамның жарасын жүрегінен өткізеді. Бүгін, міне, сол ақындар өздерінің жүрегін жарып шыққан жырларымен сіздерді сусындатқалы келді.

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин қаратөбеліктерді жылғыдай облыстық басылымға ұйымшылдықпен жазылуға шақырды. Бұл ұсынысқа Қоскөл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құбаев қамшы салдырмай келісетіндігін алға тартты.

  • Ауылға пошта келгенде бір топ басылымның ішінен қолымызға алдымен «Орал өңірі» газетін аламыз, – деді қоскөлдік БаяновОразбай ақсақал. Бұл – жалдар бойы қалыптасқан, айнымайтын дағдымыз. Себебі «Орал өңірі» газеті облыстың тыныс-тіршілігің, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп келеді. Бұдан әрі редакция ұжымына шығармашылық табыс тілеген байырғы оқырман газетке алыс ауылдардан авторлар тарту керектігін, олардың мақаласын түзеп болса да жариялап тұрса деген тілегін айтты.

Күллі қазаққа «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген өлең жолдары және осы кезге дейін жарық көрген 30 жыр жинағы арқылы танылған, Орда топырағында дүниеге келіп, халықтың құрметіне бөленіп отырған Қайрат Жұмағалиев ағамызға деген жиналған ағайынның ілтипаты ерекше болды.

Ардақты әлеумет, Мұхиттың ізі қалған, Ғарифолланың даусы асқақтаған топырақты басқаныма толқып тұрмын. Тарихы бай осындай қасиетті өлке өнер адамына қанат бітіргендей болады. Жиырма жыл айтуға ғана оңай. Қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейін неше түрлі зобалаңды  басынан кешті, уақыттың әр баспалдағы талай арыстан айырды. Бүгін, міне, тәуелсіздік алғалы ел танымастай өзгерді. Күні кеше әлемдегі 56 елдің басшылары қатысқан саммит қазақ елінің абыройын асқақтатты. Қазақтың ендігі мақсаты – Отанымыздың тәуелсіздігін нығайтып, қазақ елінің мемлекеттілігін мәңгілік баянды ету, – деді өз кезегінде Қайрат ақын.

Бұдан әрі ақындар кезекпен жыр оқыды.

Беу, бостандық, талайдың арманы едің,

Батырлыққа қаншама барған ерім.

Боздақтарын қастерлеп енді ұмытпас,

Тәуелсіздік ақыры алған елім!

немесе

Зіл басқандай Ақ Жайық атырабын,

Қаламымды қайғыға батырамын.

Қош бол, қара орманым, қалын елім,

Желтоқсанда жұлынды жапырағың,

– деп Ғайсағали тебіренсе, Ұлдай Желтоқсан оқиғасы күндері билікке қасқайып қарсы тұрған Жұбанға арнаған жырын оқыды. Ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері мен мектеп оқушылары ақындардың  өлеңдерін жатқа оқып, олардың сөздеріне жазылған әндерді шырқады. Облыс орталығынан барып, кешті көріктендірген республикалық ән байқауларының жеңімпаздары Еркін Өтегенов пен Армат Есламғалиевке, сондай-ақ А. Ищанова, А. Мырзағалиев сынды өнерпаздарына жиналған үлкен-кіші сүйсіне қол соқты.

Қаламгер қонақтарды сол күні түс қайта Егіндікөл ауылы да асыға күтіп отыр еді. 1850 тұрғыны бар Егіндікөлде 11 жылдық мектеп, 19 оқушыға арналған интернат, балабақша, дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп  тұр.

  • Ауыл өмірін, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналған барлық инфрақұрылым жұмыс жасап тұр, – дейді ауыл әкімі Төлеген Ғабдолов. – Ауылда 3500 ірі қара, 7500 қой-ешкі, 210 жылқы бар. Ауыз суымыз тұщы. Тоғыз шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ 11 жеке кәсіпкер дүкен, жолаушы тасымалы, монша сияқты халық күнделікті қажетсінетін шаруалармен айналысуда.

Бұл ауылдың да берекелі тірлігі клуб толы ағайынның ақжарқын жүзінен білініп тұрды. Бірінен соң бірі жыр оқыған ақындарға оқырман сауалы да көп болды. Орта мектеп мұғалімдері Н. Аманшина діни ағымдар, исламды бұрмалаушылық туралы ақындардың ойын білгісі келсе, С. Ақатов суретші С. Ғұмаров туралы әңгімелеп беруді сұрады. Мектеп директоры М. Құрманғалиева ауылда көркем әдебиеттің тапшы екенін, батысқазақстандық қадамгерлердің кітаптарына зәрулігін айтты. «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Ж. Сафуллин сый ретінде 50 мың теңгеге қажет әдебиеттерді жеткізіп беретіндігін жеткізді. Әсерлі кеште ауыл әншісі Ж. Жұмағалиев, оқушы А. Талғатова ақындардың шығармаларын орындап берді.

Емен-жарқын кеш соңында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл халқына рухани ләззат сыйлаған «Жайық Пресс» ЖШС басшылығына алғыс айтты.

  • Өмірге ақын болып келу – Алланың сыйы. «Ақынның тілі қылыштан да өткір, гүлден де нәзік» дейді дана халқымыз, ө деген Наурызбай Қадырбайұлы Қайрат Жұмағалиев ағамыздың иығына шапан жауып, алғысхат тапсырды. Әкім Ғ. Сейтақ пен Ұ. Сариеваға да шығармашылық табыс тілеп, ауыл халқының атынан сый-сияпат жасады.

​Зағипа ІЛИЯС

Орал өңірі газеті

Scroll to Top