Дүйсенбі күні облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің 95, «Dana.kaz» тарихи-танымдық журналының 1 жылдығына орай облыстық қазақ драма театрында белгілі семейлік жыршы, республикалық ақындар айтысы мен жыршы-термешілер байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы Дүйсенғазы Нығметжановтың жыр кеші өтті.
Дүйсенғазы Нығметжанов 1949 жылы Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1969 жылы көз жанарынан айырылып, 1972 жылдан Семей қаласындағы «Соқырлар қоғамында» еңбек жолын бастайды. Қоғамдағы әртүрлі жұмыстарды атқара жүріп, 1975 жылдан бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қазақ қорына жетекшілік етеді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі.
Дүйсенғазы ағамыз жыршы ғана емес, өз жанынан жыр да төгеді. Кештің шымылдығын өзінің Ақ Жайық өңіріне арнауымен бастап, Марабай Құлжабайұлының нұсқасындағы “Қобыланды батыр” жырымен жалғады. Артынша көрермендердің сұрауымен “Алпамыс батыр” жырынан Алпамыстың зынданнан шығып, Тайшық хан мен мыстанды өлтірген жерін, “Қозы Көрпеш-Баян Сұлудан” Қарабай мен Қодардың танысқан сәтін (Шәкір Әбенов нұсқасы) жырлады. Шәкәрім қажының “Қалқаман-Мамыр” дастанын түгел айтып шықты.
Осы жыр кешінде оралдық жыршы-термеші Сағадат Рахметжанов өнер көрсетсе, Сәкен Жанғазиев Сансызбайдың Қорен қалмақпен жекпе-жегін ерекше нақышпен жырлады.
Кеш соңында облыстық мәдениет басқармасының атынан Дүйсенғазы Нығметжановқа алғысхат табыс етілсе, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жыршыға қазақы шапан жауып, құрметтеді.
Суреттерді түсірген Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Ләззат ШАҒАТАЙ,
«Орал өңірі» газеті
14.12.2010 жыл