«Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығынан кейінгі ой
Бүгінгі қоғамдық-саяси өмірімізде не көп, аймақтық және республикалық деңгейде өткізіліп жүрген әр түрлі атаулы даталар мен іс-шаралар кешені көп. Алайда солардың көпшілігі ведомстволық тар өрістіліктің аясында шектеліп қалып, тұтастай ел-жұрттың тойына айнала бермейді. Ал Батыс Қазақстанның бас ресми басылымдары «Орал өңірі» мен «Приуральенің» 95 жылдық мерейтойы жөнінде бұлай деуге мүлдем болмайды. Бұл мерекелік бағдарлама өңір журналистикасының алдыңғы аға толқыны мен орта буыны және бүгінгі өкілдері арасындағы терең байланыс пен сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.
Мерейтой аясында тұсауы кесілген «Қазақстан», «Қос газеттің тарихы» және «Жайық журналистері» атты ғылыми шығармашылық бағыт пен тарихи ізденістер сипатындағы келісті кітаптарда да осындай өршіл сезім рухы айқын байқалады. Бұл тұрғыда Жантас Сафуллин басқаратын «Жайық Пресс» ЖШС-ның шығармашылық ұжымы тұтас бір ғылыми зерттеу институтының қызметіне пара-пар қыруар іс тыңдырған десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Ал жоғарыда аталған өңір журналистикасының кейінгі үш ұрпағы арасындағы сабақтастық дегенде айтарымыз, «Орал өңірі» газетіне Бақтыбай Далабаев басшылық жасаған жылдары мұнда редакцияның материалдық-техникалық әлеуеті жақсарып, журналистік қызмет пен еңбекті ғылыми түрде ұйымдастыру жүйесі енгізілді. Бұдан кейінгі редактор Ғарифолла Көшенов шығармашылық еркіндікке басымдық беріп, журналистік шеберлікті жетілдірудің практикалық мәселелеріне көбірек назар аударды. Сондай-ақ облыстық газеттің 1991-2002 жылдардағы редакторы Мәжит Қайырғалиев ұжымды өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан алдырмай-жұлдырмай аман-есен алып шығуға бар күш-қайратын жұмсады.
«Жайық Пресс» ұжымының бүгінгі басшылығы қазақ және орыс тілдеріндегі облыстық және аудандық редакциялар қызметін заман талабына сай одан әрі тереңдетіп, өнеге алар тағылымдардың синтездік қосындысын жинақтауға баса көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары өңірдегі ірі медиахолдингке айналған құрылымда журналистік шеберлікті үйренуге құлаш ұрған дарынды жастарды таңдау мен іріктеуге және орналастыруға баса көңіл бөлінген.
Бұл орайда аймақтағы Ғұмар Қараш атындағы «Тілші болғыңыз келсе» атты байқаудың орны айрықша. Бұл байқау тұтас жыл бойы жүргізіліп, оған қатысуға тілек білдірген үміткерлердің материалдары облыстық газеттерде жарияланады. Соның ең үздіктерін арнайы комиссия анықтайды. Байқау жеңімпазына 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық тапсырылып, олардың аудандық және облыстық газеттерге қызметке орналасуына мүмкіндіктер беріледі. Бұл ретте Ләззат Шағатай мен Бауыржан Ширмединұлының есімдерін атай кеткен орынды. Олар облыстық «Орал өңірі» және Сырым аудандық «Сырым елі» газетіне қызметке алынды. Кешегі 95 жылдық кезінде тағы бір жеңімпаздың есімі белгілі болды. Оның аты-жөні Ақмоншақ Жұмаева.
Ғасырға жуық тарихы бар газеттің мерейлі датасын атап өту кезінде «Орал өңіріне» сонау жетпісінші жылдардың орта тұсында студент болып жүрген кезінде қызметке қабылданған бүгінгі қазақ көркем прозасының көрнекті өкілі, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев: «Адамның жастық шағы өткен өлкеде оның жүрегінің жартысы қалып қояды» деген жүрек тебірентерлік әдемі ой айтты. Иә, ендеше, қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдары алғашқы еңбек жолын бастаған басылымда қанша таланттың жүрегінің жартысы қалып қойды екен?!
Темір ҚҰСАЙЫН