Кеше «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығына жазылу науқанына байланысты келелі кеңес өтті.
Жиынды ашқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты «Орал өңірі» газетінің таралымын 20 мың данаға жеткізу, «Приуралье» газетін 10 мың данадан асыру көзделіп отырғандығын жеткізді. Бұл іске тиісті ұйымдар, жалпы жұртшылық бірігіп кіріссе, қойылған мақсат ойдағыдай орындалары анық. «Бөрлі, Зеленов аудандарының әрқайсысында 50-54 мың тұрғын бар. Ал газетке жазылу төмен, – деді Жантас Нәбиоллаұлы.
– 300 мыңдай халқы бар Орал қаласы 2 мың дана ғана газетке жазылып отыр. Біз өз тарапымыздан газеттерді мәнді де сәнді етіп шығару бағытында шараларды алудамыз. Екінші жарты жылдыққа жазылатын оқырмандарымыз, заңды тұлғалар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырдық. Бет саны көбейеді, газетке жазылған жеке адамдардың коммерциялық емес хабарландыруы тегін жарияланады. Құттықтау, жоғалу, еске алу іспетті хабарландыруларға 20 пайыз жеңілдік жасалады. Газетке көбірек жазылған мекемелерге жеңілдікпен жарнама орналастыру бонусы беріледі. Газеттерімізді жаздыртуда белсенділік танытқандар да ұмыт қалмайды. Серіктестік қос басылымға жазылуды аудан-ауылдарда және қалада жақсы ұйымдастырғандарға бағалы сыйлықтар дайындап отыр. Ал бұл істе үздік болғандарға «Ақжайық» шипажайына жолдама табысталады, – деді серіктестік басшысы.
Өз кезегінде сөз алған «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин редакция ұжымы халықтың сөзін билікке, ел басшылығының саясатын халыққа жеткізуде қажырлы еңбектеніп жүргендігін айтты. Кешегі су тасқыны қаупін мамандардың пікірі арқылы көпшілікке алдын ала ескерткен «Орал өңірі» газеті болатын. Соның арқасында біраз отбасы табиғаттың тосын мінезінің зардабын тартқан жоқ.
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Темір Құсайын «Жайық Пресс» ЖШС баспаханасы еліміздің бас газетін және облыстық, аудандық басылымдарды сапалы басуда екендігін жеткізді.
Жиын барысында қаламыздағы Қазақстанның инновациялық-технологиялық университетінің құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов газеттер жаңа технологияны игеру, қазақ жастарын нақты ғылымдарды меңгеруге үндеу бағытындағы мақалаларды жиі бергені жөн деген пікірін білдірді.
– Ауылдағы ағайын «Егемен Қазақстан» мен «Орал өңірі» газеттерін оқып, барға шүкіршілік етуден жаңылмайды. Мемлекеттік саясатты халыққа сауатты әрі жүйелі түрде насихаттап жүргендері үшін редакция ұжымдарына алғыс айтқым келеді. Сырым ауданының тұрғындары екінші жарты жылдықта да газеттерге ұйымшылдықпен жазылатынына сенім білдіремін, – деді «Көктөбе» ЖШС-ның президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Кейпін Төлегенов.
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы мен «Еуразия Пресс Батыс» ЖШС басшылары да қалада, аудандарда газеттерді жаздыртуға белсенді түрде атсалысатындарын жеткізді.
Сәкен Мұратұлы,
«Орал өңірі» газеті