Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның ұйымдастыруымен «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бұрынғы қызметкерлері, қазіргі таңда құрметті демалыстағы ардагер аға-апалар қара шаңырақта бас қосты.
Мерекелік дастарқанға арнайы шақырылған қонақтарды «Жайық Пресстің» бас директоры Жантас Сафуллин 7 Мамыр – Отан қорғаушылар мейрамы және 9 Мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады.
– Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толып отыр, осыған орай сіздерді, сонау Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангерлердің перзенттерін құрметтеп, бір кездері өздері еңбек еткен қара шаңыраққа арнайы шақырып отырмыз. Ондағы мақсатымыз – бір жағынан сіздерді дастарқан басында емен-жарқын отырып, соғыс жылдарынан естеліктер айтсын дедік, екіншіден, осындай мейрам күндерін пайдаланып, сіздермен тағы бір жүздесіп, тағылымды әңгімелеріңізді тыңдағымыз келді. Сіздер сұм соғысқа қатыспасаңыз да, балдәурен балалық шақтарыңыз сол кездегі қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Сол бір қиын-қыстау жылдары сіздердің бірқатарыңыз ата-аналарыңызбен бірге ауыр жұмыс істеп, Жеңісті жақындатуға атсалыстыңыздар. Нәтижесінде бүгінгідей жақсы күнге жеттік. Бізге осындай жарқын болашақ сыйлаған майдангерлерге және оларға қолдау жасаған барша тыл ардагерлеріне тағзым етіп, кейінгі ұрпақ атынан алғысымызды айтамыз.
Барша елге ауыртпалық алып келген сұрапыл соғысты кейінгі ұрпақ еш уақытта ұмытпайды. Осы мақсатта және майдангерлер ерлігін мәңгілік есте сақтау үшін жақында «Жайық Пресс» ЖШС «Жеңіс сарбаздары» атты кітап басып шығарды. Бұл жинақта осы өңірден майданға аттанғандар мен соғыстан кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіру үшін тер төккен ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың ерен еңбектері туралы жазылды. Сондай-ақ біз біраздан бері бір кездері қазақ баспасөзінің бастауындағы тұлғалар, алаштың ардақты ұлдары Елеусін Бұйрин мен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің атына облыс орталығынан көше беруді сұрап жүргенбіз. Кеше сол тілегіміз орындалып, Жақсы ауыл шағынауданындағы көшелерге Алаштың қос қайраткерінің аты берілді. Осыған орай көше тұрғындарына арнап жиын өткіздік. Шара барысында біз «Елім» деп еміреніп, ғұмыр бойы қалың қазақтың жоғын жоқтап өткен арыс ағаларымыз Елеусін Бұйрин мен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің елге сіңірген еңбегі туралы айттық, қайраткерлер жөнінде жазылған кітапшаларды көше тұрғындарына тараттық. Сөйтіп, біздің ұжым ел үшін тағы бір игілікті іс жасады. Сондай-ақ сол көшеде тұратын тыл ардагерлеріне, көп балалы аналарға және мектепті «Алтын белгіге» бітіріп жатқан түлектерге арнайы сый-сияпат жасадық.
Жыл өткен сайын ардагерлер қатары сиреп барады. Мысалы, күні кеше ортамызда жүрген Қайрат ағамыз бүгінде жоқ. Сондық-тан, бұдан былай осындай іс-шаралар мен оған қатысып, сөз сөйлеген ардагер ағаларымыздың фотобейнелері мен бейнефильмдерді жинақтауды қолға алдық. Бұйырса, алдағы уақытта осындай фотоальбомдар мен бейнефильмдер арқылы ұжым тарихын жасақтауды жоспарлап отырмыз. Ал енді баршаңызды 7 Мамыр – Отан қорғаушылар мерекесімен және 9 Мамыр – Жеңіс күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер, – деген Жантас Набиоллаұлы дастарқан басына жиналған ардагерлерге ақ тілегін айтып, оларға ұжым атынан сый-сияпат табыс етті.
Бұдан соң облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйқова сөйлеп, аға толқын өкілдеріне ақ тілектерін арнады. Осыдан кейін ортаға шыққан «Приуралье» газетінің бір топ қызметкерлері қонақтарға арнап «Болмасын соғыс, болмасын!», «Катюша», «Смуглянка», «Атамекен» секілді ел арасына кеңінен таралған әндерді шырқап, ардагерлердің көңілдерін көтеріп тастады.
Өздеріне жақсы таныс әуендерді қызметкерлермен қосыла шырқаған ардагерлер одан әрі соғыс жылдарының ауыртпалықтары жөнінде әңгімеледі. Шара барысында журналистика ардагерлері Амангелді Ақмырзин мен Борис Кузнецов Жеңіске арналған әндерді әуелете шырқаса, Вячеслав Ярлов өзінің «Маған соғыс керек емес!» атты өлеңін оқыды. Дастарқан басында Құбаш Қажымов, Мәжит Қайырғалиев, Энгельс Шыңғали, Ольга Кулик секілді ардагер-журналистер де бір сәт балалық шақтарын естеріне түсіріп, майданға аттанған әке-ағаларының тағдырлары мен сол кездегі елдің ауыр тұрмысы туралы баяндады. Олар сөздерінің соңында кейінгі ұрпақ біз көрген бейнетті көрмесе екен деп тілеп, тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы өркендеген мәңгілік елге айналуын қалайтындықтарын жеткізді.
Шара соңында ардагерлер өздеріне үнемі ізет көрсетіп жүрген ұжымға ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Айша ӨТЕБӘЛІ