Жасампаз байқауының жеңімпаздары

Оқырмандарымыздың есінде болар, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдақ қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы мен «Жайық Пресс» ЖШС Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толу қарсаңында «Жасампаз 20 жыл» атты журналистер байқауын ұйымдастырған болатын. Жақында облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің туған күні қарсаңында осы бір айтулы доданың қорытындысы шықты.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында өткен шараны Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдақ қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев қоғамдық ұйым қызметіне арналған дөңгелек үстел мәжілісімен орайластырған екен. Жиналғандарға әуелі облыстық кісіподақ ұйымдарының тәуелсіз он жыл ішінде қалыптасу, өрлеу жылдары туралы бейнефильм көрсетілді. Арнайы баяндама жасаған Төлеген Тастайұлының өзі соңғы жылдары кәсіподақ ұйымдарының жұмысында ерекше бетбұрыс басталғанына тоқталды.

Биыл Батыс Қазақстан облысының біраз бөлігін жайлап өткен тасқын зардабын жеңілдетуге бүкіл елмен бірге кәсіподақ мүшелері де бір кісідей үлес қосты. Облыста ашылған арнайы есепшотқа республика кәсіподақтарынан 11 млн. теңге қаржы түсіпті. Бұдан бөлек облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерікәсіподағы зардап шеккен өз мүшелеріне көмек ретінде барлығы 19 отбасына420 мың теңгенің дүние-мүлкін алып берген.

Облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдақ қызмет көрсету қызметкерлерікәсіподағының тәуелсіздік тойы қарсаңындағы басқосуына «Нұр Отан» ХДП БҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет, Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев мырзалар да арнайы қатысып, баяндама жасады. Дөңгелек үстел отырысының қорытындысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кейбір жетекшілері республикалық кәсіподақ  ұйым төрағасының алғысхатына ие болды.

Дөңгелек үстел мәжілісінің соңғы бөлігі Батыс Қазақстан облыстық мемелекеттік,банк мекемелері және қоғамдақ қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы мен «Жайық Пресс» ЖШС Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толу қарсаңында арнап жариялаған «Жасампаз 20 жыл» атты журналистер байқауының қорытындысына арналды.

    Байқауға келіп түскен мақалаларды сараптаған қазылар алқасының төрағасы, ақын Қайрат Жұмағалиев ағамыз байқау барысында барлығы 20 шақты мақала келіп түскенін, оның ішінде Орал қалалық «Жайық үні» газетінің бас редакторы Мира Шүйіншалиеваның мақалалар триптихы бас жүлдеге лайық деп танылғанын хабарлады.

    Қазылар алқасының шешімімен жүлделі екінші (75 мың тенге) және үшінші (50 мың теңге) орындарды «Орал өңірі» газетінің қызметкерлері Қазбек Құттымұратұлы мен Тоқтар Кенжеғалиев бөлісті. Ал облыстық «Приуралье»  газетінің бөлім редакторы Наталья Портнягина мен Ақжайық ауданы кітапханасының қызметкері, белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев ынталандыру сыйлығына ие болды.

  • Біз бұл байқаудың қорытындысын қараша айының ортасына шығарып отырған себебіміз – Қазақстандағы ең байырғы басылымдардың бірі «Орал өңір» мен «Приуралье» газеттерінің алғашқы саны бұдан 93 жыл бұрын дәл осы күндері баспадан шыққан. Бүгінгі күні шын мәнінде облыс өмірнің айнасы атанып, облыстағы қоғамдық-саяси үрдістердің, экономикалық дамудың, әлеуметтік жаңғырудың жылнамасын оқырман қауымға жеткізіп отырған қос газет те тәуелсіздік тойына тың табыспен жетіп отыр. Жаңа маусымда «Орал өңірі» газеті өз оқырмандарының санын 20 мыңға жеткізуді мақсат етті. Мемлекеттік қызметшілердің айбынын асыратын мұндай байқаулар болашақта да жалғасатын болады,- деді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.

Төрехан Кәрімбай
“Орал өңірі” газеті

Scroll to Top