Жас қаламгерлерге марапат

«Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында екінші мәрте ұйымдастырылған Ғұмар Қараш атындағы «Тілші болғың келсе…» байқауы мәресіне жеткен болатын. Жаңа жыл қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында аталмыш байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқауға Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, Алматы қаласынан 20-ға жуық үміткер қатысты. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арнал­ған мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі және әде­биеті пәнінің мұғалімі Ақмон­шақ Жұмаева бас жүлдегер деп танылып, «Орал өңірі» газетіне тілшілік қызметке шақырылса, Батыс Қазақстан инженерлік гума­нитарлық университетінің студенті Айдана Хамидуллина, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналисти­ка факультетінің студенті Алпамыс Файзолла, М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері Таңшолпан Қаршығақызы және Жанайдар Болат­бекұлы дипломант атанды.

– Байқаудың атын Ғұмар Қараш есімімен байланыстыра қоюымыз тегін емес. Ғұмар Қарашты көп­шілік білетін ақын, ойшылдығынан бөлек, елімізде баспасөз саласы қалыптасып үлгермеген шақтағы қазақ журналистикасының негізін қалаушы ретінде тануға болады. Ол газет шығару ісінде журналис­тік пен ұйымдастырушылық жұмысты қоса атқарған. Оның мақа­лалары «Қазақстан» газетінен бұ­рын жарық көрген татар газет­терінде, сондай-ақ «Ұран» газе­тінде де басылған. Ғұмар туған халқына жанкештілікпен қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен, әлі де ауқымды зерттеуді талап ететін ұлы тұлға, – деген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Ғұмар Қараштың елі үшін атқарған ерекше еңбегіне терең тоқталып өтті.

Шара барысында «Орал өңірі» газетінің бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев, «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова байқау жеңімпазы мен дипломанттарын құттықтап, оларға жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Байқау жеңімпазы мен дипло­манттарға арнайы диплом, «Орал өңірі» және «Приуралье» газет­те­рінің мерейтойына орай жарық көрген «Қос газеттің тарихы», «Жайық журналистері» кітаптары жә­не ұлылардың бейнесі басыл­ған дәптерлер табыс етілді.

«Тілші болғың келсе…» байқауы алдағы уақытта да республикалық деңгейде жалғасын таба бермек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
“Орал өңірі” газеті

Scroll to Top