Жаңалық жолдаудан жалықпаңыз

«Жайық Пресс» ақпарат орталығы ағымдағы жылдың ақпан айында құрылған болатын. «Жайық Пресс» ЖШС жанынан құрылған орталық содан бері аймақта болып жатқан жаңалықтарды жұртшылыққа жариялап келеді. Орталыққа келіп түсетін ақпараттардың дені негізінен серіктестіктің қарамағындағы 2 облыстық және 11 аудандық газет тілшілерінен. Сондай-ақ өзге де бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің жолдаған ақпараттары жарыққа шығып жатады. Көпшілік «Жайық Пресс» ақпарат орталығының жаңалықтарын www.zhaikpress.kz сайтынан оқи алады. Тағы бір айта кетерлігі, орталық сайтына келіп түскен ақпараттар жұмыс соңында бір құжатқа (файл) жинақталып, республикалық және облыстық телеарналар, газеттер мен радиоларға жіберілуде. Өзге бұқаралық ақпарат құралдарына жаңалықтарды жіберу алдағы уақыттарда ақпарат келіп түскен бойда жүзеге асырылатын болмақ. Ақпарат орталығының тілшілері сондай-ақ басқарма мен департаменттерде болып жатқан жаңалықтарды аталмыш мекемелердегі БАҚ-қа жауапты мамандардан дер кезінде сұрастырып алуда. Осы орайда облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлжан Қанатова, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан Флюра Саматова, облыстық тарихи-өлкетану музейінен Айсұлу Нысанова және облыстық сот актілерін орындау департаментінен Айгүл Досқұлова белсенділік танытып келеді. Соңғы аталған маман БАҚ-қа жауапты болмаса да, ақпараттарды дер кезінде жіберіп тұрғанына орталық тілшілерінің айтар алғысы зор.

«Жайық Пресс» ақпарат орталығы болашақта ауқымын ұлғайтуды жоспарлауда. Айта кету керек, облыс, аудан көлеміндегі жаңалықтарды жариялағанымызбен, ауыл-аймақтардағы кейбір қызықты оқиғалар тілшілер назарынан тыс қалып жатады. Келешекте осы жайтқа көбірек үңілуге тырыспақпыз. Ал кейбірі сол бойда сайтқа шығып отырады. Мәселен, дер кезінде жарияланған ақпараттың қатарында ақпан айында Ақжайық ауданы Базаршолан ауылына сауда жасай келген Жанама елді мекені тұрғындарының тракторлары сынып, бір тәулікке жақын далада тұрып қалғаны бар. Оларға көрсетілген көмек біздің орталық назарынан тыс қалмады. Осы орайда орталық тілшілері шағын елді мекендердегі ағайынмен байланыс орнатып, сол аймақта орын алған оқиға немесе жаңалықты дер кезінде жарыққа шығармақ ниетте. Ол үшін ауыл-аймақ тұрғындары 8 (7112) 24-02-65 немесе 24-02-78 телефондарына хабарласып, орталықтағы тілшілерге өзі тұрған аймақта орын алып жатқан жайттарды жеткізсе болғаны. Сондай-ақ zhaik_presscenter@mail.ruzhaikpressaudan@mail.runur_78@mail.ru электронды пошталарына жазып салуларына да болады. Егер ауыл-аймақтағы ағайын ақпаратты өздері жазып, жоғарыда көрсетілген поштаға салар болса, ол адам мақала авторы болып қала бермек. Тек ол үшін орын алған жайтты жедел жіберулері тиіс. Кеш жеткен жаңалықтар біздің сайтқа жарияланбайды.

Ендеше, нақты дерек көздеріне сүйенген ақ­паратты біздің орталыққа жолдаудан жалықпаңыз.

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ,
«Жайық Пресс» ақпарат орталығының тілшісі

Еркін КАРИН,
«Астана» телеарнасының БҚО бойынша меншікті тілшісі:

– «Жайық Пресс» ақпарат орталығының облысымызда құрылғаны біз үшін тиімді болды. Өйткені біздің назарымыздан тыс қалып жататын жаңалықтарды осы орталықтан алып отырамыз. Кей кезде оларға ақпараттар беріп отырамыз. Жалпы, мұндай ақпарат орталығының біздің аймағымызда болғанына мен қуаныштымын. Болашақта әлі де болса, жұмыс ауқымын жетілдірсе, ақпараттар сәт сайын жіберіліп тұрса деген ниет бар бізден. Соның ішінде ауыл-аймақтағы ағайынның мәселелерін қамтыса, тіптен керемет болар еді. Өйткені біз, журналистер, қала мен аудан орталығындағы проблемаларды қамтығанмен, көп жағдайда шалғайдағы елді мекен жайы айтылмай қалып жатады.

Флюра САМАТОВА,
БҚО денсаулық сақтау басқармасының БАҚ-пен байланыс жөніндегі маманы:

– «Жайық Пресс» ақпарат орталығы күні кеше қанат қаққан жоба болса да, қысқа мерзім ішінде өзін танытып үлгерді. Облысымызды жедел ақпараттармен, қызықты жаңалықтармен қамтамасыз етудегі үлесі зор және бізге де бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз әрі сенімді қарым-қатынас орнату үрдісіне ықпалын тигізеді. Шаралардың алдын ала анонс ретінде берілуі – уақытты үнемді әрі жоспарлы пайдалану үшін өте ұтымды ойластырылған бағыт.

Ақпарат орталығы ұжымына  ел игілігі үшін  жасап жатырған жұмыстарыңыз тек қана сәттілікке ұласа берсін деген тілегімді білдіремін. Суреттер галереясы бөлімі облыс жаңалықтары бойынша тақырыптық суреттермен толықса екен деген ұсынысым бар.

Scroll to Top