«Жайық Пресс» ЖШС-ның ұжымы биылғы Журналистер күні мерекесін ерекше атап өтпек. Оған дайындық әдеттегіден ерте басталды. Өткен сейсенбіде облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінде ұзақ жыл қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан ардагер журналистер мекеменің мәжіліс залына жайылған мерекелік дастарқан басына жиналып, әдемі жүздесу өткізді.
Бір-бірін көптен көрмесе, сағынып қалатын қаламдастар «Жайық Престің» ғимаратына кездесу белгіленген уақыттан әлдеқайда бұрын келді. Құшақтарын айқара ашып, төстерін түйістіріп, амандық-саулық сұрасып, шүйіркелесіп жатыр. Біз сырттай бақылап, олардың осынау емен-жарқын сәттеріне қызығып тұрдық.
Кездесуді ашқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ардагер ағалары мен апаларына қош келдіңіз айтып, дастарқанға жайғасуды сұрады.
– Құрметті ардагерлер, сіздермен кездесіп, жайдарлы жүздеріңізді көргенімізге қуаныштымыз. Журналистер мерекесі күні қарсаңында жүздесудің сәті түсті. Баршаңызға уақыт тауып келгендеріңізге ризашылығымды білдіремін, – деді Жантас Набиоллаұлы.
Одан соң ұжым басшысы «Жайық Пресс» ЖШС-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп, газет тарихын зерделеуге байланысты атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Таяу уақытта «Орал өңірінің» бастауында тұрған «Ұран» газеті туралы кітап баспадан шықпақ. Жалпы, біздің газет республика бойынша шыққан тұңғыш басылым екені дәлелденбек. Сөзінің соңында Жантас Набиоллаұлы ардагерлерді 26 маусым күні облыстық филармонияның концерт залында өтетін мерекелік шараға, соның ішінде концертке, қолөнер көрмесіне шақырды. Бұл ұсынысты ардагерлер қызу қолдады. Мәселен, журналист Мәжит Қайырғалиев, Тәрбие Смағұлова көрмеге өз жұмыстарын әкелетінін айтты.
Журналистика ардагерлерін қос газеттің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова құттықтады.
Кездесуге келген ардагерлердің барлығы дерлік сөз алып, мекеме басшылығына бүгінгідей шараны өткізгеніне ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық ұжымға табыс тіледі.
Кеш соңында оларға сый-сияпат көрсетілді.
Еламан БАДЕНҰЛЫ