«Жайық өңірінің жылнамасына 100 жыл»

Өткен аптада Алматы қаласындағы ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК орталық ғылыми кітапханасының мәжіліс залында «Жайық өңірінің жылнамасына 100 жыл» атты жиын өтті.

Жиын барысында модераторлық қызмет атқарған ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева Жайық өңірінің азаматтарымен екі жылдан бері бірлесіп жұмыстанып жүргендіктерін және «Ғылым ордасының» кітапханасына олардың атынан бұған дейін де бірнеше ұсыныстар түскендігін, осындай игі бастама нәтижесінде бүгінгі күні бас қосып отырғандығын айтып, шараға қатысушы зиялы қауым өкілдеріне қонақтарды таныстырды.

Өңірімізден шыққан басылымдардың тарихын зерттеу кезінде өзге де аймақтармен байланыс жасау арқылы біраз құнды дүниелерге қол жеткізуге болады. Құпиясын ішіне бүгіп жатқан деректердің кілтін ашу негізінде суреттер мен бейнетаспаға түсіріп алып, артынша өзге тілден ана тілімізге аудару арқылы жинақ етіп басып шығару біраз уақыт пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Алатаудың баурайындағы кездесуге зерттеуші топты бастап барған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин басқосуда алғашқы сөз тізгінін ұстады.

– Зерттеу жұмыстарымен айналысу барысында қолұшын беріп жүрген жандар баршылық. Соның бірі Алматы қаласындағы «Ғылым ордасының» басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Өңіріміздегі газет тарихы алдымен «Қазақстан» газеті 1911-1913 жыл, кейін «Хабар-Известия» 1918 жылы аз ғана уақыт шығарылғанымен, «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» газеті деген атпен жалғасын табады. Басылым ғұмырының үзілмеуін әу бастан ойлаған сол кездің зиялы қауым өкілдері ақылдаса келе «Дұрыстық жолы» деген атаумен басып шығаруға шешім қабылдайды. Бұл туралы Ресейдің Химки қаласындағы архивте сақталған мәліметтер арқылы анықтадық. Сонымен қатар өңірдегі газетіміздің 95 жылдығын тойлаған кезде «Қос газеттің тарихы» атты анықтамалық жинағын кітап етіп басып шығарған едік. Аталмыш кітапта 1917 жылдардан газетті басқарған тұлғалардың «Алаш орданы қолдады» деген айыппен ату жазасына кесілгендігі немесе түрлі жазаларға тартылғандығы жайлы баяндалады. 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінен бастауды жөн көріп, әлі де ашылмай жатқан сырлардың кілтін іздеуге кіріскен кезімізде, Алатаудың баурайындағы әсем Алматыға келіп, Ғарифолла Әнес, Светлана Смағұлова сынды білікті адамдардың жол көрсетуімен Алматы және Мәскеудегі архивтерде сақталған «Қазақстан» газетінің 16 нөмірін араб әліпбиінен кириллицаға аударып, кітап етіп басып шығардық. Ақ Жайық өңіріне кезекті іссапармен келген Елбасының қолына «Қазақстан» газетінің тарихы жөніндегі жинақты табыстаған кездегі, кітап мазмұны мен оның ішіндегі айтылған әңгімелерге ерекше ықылас білдіріп, кітаптың таныстырылуын Астана қаласындағы Ұлттық кітапханада өткізу жөніндегі тапсырмасын орындадық. Газетіміздің бастауында тұрған Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің еңбегі зор. Қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газетінің басында, сонау 1917 жылдың 28 шілдесінен шыға бастаған «Ұран» газетінің тұрғандығына көз жеткіздік. Ғұмар Қараштың еңбектерін топтап шығару жолында Мәскеу қаласында тұратын атамыздың туған немересі Надежда Қарашева өзінде бар құжаттарды бізге табыстап тұрып «Енді менің мойнымнан ауыр жүк түскендай болды. Атамыздың еңбектері далада қалмайтынына сенімім мол» деп, көзіне жас алған еді. Сол кісінің де аманатын алдарыңызға әкеліп отырмыз. Ғұмар атамыздың проза және поэзиядан құралған екі томдық жинағын дайындап, ғалымдардың ұсыныс-пікірлеріне құ-лақ түріп, артық-кемшілігі болса, оны да ескереміз. Егер осы жинаққа кіргізетін қосымша деректеріңіз болса, авторлық құқықтарыңызды сақтай отырып, кітапқа енгізуді жоспарлап отырмыз, – деген Жантас Набиоллаұлы кі-тапхана меңгерушісі Қарлығаш Ескендірқызына жинақталған деректердің электрондық нұсқасын табыстады.

«Ат аунаған жердің түгі» деген осы шығар…

Жиын барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Бейбіт Қойшыбай, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай, ҚазҰУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Аманқос Мектеп сияқты зиялы қауым өкілдері сөз алып, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың деректерді жинақтап, оны бірнеше кітап етіп шығарып, еліміздің болашағына қажетті жұмыстармен айналысып жүрген Жайықтан келген ізденімпаз топқа ризашылықтарын білдірді. Дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді байыппен тыңдап отырған «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес те өз ойымен бөлісті «Оралдан келген бауырларымыздың жасап отырған шаруалары бір институттың жұмысы деп айтуға әбден болады. Осы кезге дейін зерттеліп келген жұмыстардың бірнеше пайызын орысша жазбалардан (источник) ғана алып келдік. Бірақ арабшадан аударуға ешкім құлшыныс білдірмей келді. Бұл азаматтардың өздерінің ынтасымен жасап жатқан жұмыстарына көңіліміз тояды. Жасаған еңбектеріңізді көрсеткеннен кейін осындағы бүкіл ғалымдардың қызығушылығын оятып, әрі қарай бірлесіп жұмыстануға жол ашылады деп сенемін», – деді ол жиын барысында.

– Қазақта «Ат аунаған жерде түк қалады» деген сөз бар. Бұл жігіттерді сол ат аунаған жердің түгі деп түсініп отырмын. Халық үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтарға неге қолдау білдірмеске. «Істің аяқталуынан емес, басына қарап бағала» демекші, осындай құнды дүниелерге назар салып қозғағандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деп тілегін жаудырған журналист Сара Ләтиеваның сөзін Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова да іліп әкетіп, «Шығарылған кітаптардың мазмұны ерекше. Оралдық бауырларымыздың жасап жүрген еңбектері кереметтей диссертацияға тең келетіндей екен. Сол көне газеттерімізбен араб тілді деректерді салыстыра келгенде бірдей болып шығатындығына күмәнім жоқ. Баспасөз тарихымен айналысудың өз машақаты бар. Оны тек сол іске үңілгендер ғана түсіне алады. Құнды дүниелерді жолда қалдырмай, келешек жастарымыз ізденіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырса деген тілегім бар», – деді ол.

– Ғалымдардың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, бірлесе жұмыстанып отырғандарыңыз ұтымды жағдай деп ойлаймын. Жүйелі және мол мұраларыңыз алдағы уақытта зерттеушілерге жол салатынына кәміл сенемін. Біз орта буынға келгеннен кейін, соңымызда жастар бар ма екен деп алаңдайтынбыз. Бүгінгі жиынымыз сол алаңдаушылықты жойды деп сенемін, – дейді филология ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орда.

Жиын соңында «Ұран» газетінің шығарылуы жөнінде деректі бейнебаян көрсетіліп, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жиынға қатысқан түрлі мекеме өкілдеріне бірнеше кітапты сыйға тартты. Мәні-мазмұны терең басқосуға жиналғандар естелік суретке түсті.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,
Алматы – Орал

Scroll to Top