«Жайсаңдар жайлы толғаныс»

Сейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында соғыс және еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, майдангер журналист, Бисен Жұмағалиевтің «Жайсаңдар жайлы толғаныс» атты естелік кітабының тұсаукесері өтті.

Майдангер журналистің бақиға аттанғанына үш жылға жуық уақыт өткенде жарық көрген аталмыш кітап автордың еңбегін жоғары бағалайтын кейінгі толқын әріптестерінің қолдауымен басылып шықты.

– Бисен ағамызға дүние саларынан екі-үш жыл бұрын хал-жай сұрасып хабарласқан бір сәтімізде, ол кісінің кейінгі ұрпаққа айтар ойын бейнетаспаға жазып алып, фильм даярлағымыз келетіні туралы ұсынысымызды айтқан едік. Сонда Бисен ағамыз «Менен гөрі мықтылар бар еді. Олар туралы жазған бірқатар дүниелерім әр жерде қалып қойды. Соларды жинақтап кітап түрінде шығарса, жақсы болар еді…» деді. Кейін 15 тұлғаның аты-жөнін белгілеп, кітапқа сол тұлғалар туралы жазғандарын басқысы келетінін айтты. Сөйтіп өзінде сақталған қолжазбаларын, «Орал өңірі» газетінде жарияланған материалдарын жинақтап, бізге берді. Тұлғалар туралы мақалаларының кітап бетіндегі орналасу ретіне дейін өзі көрсетіп, оған қажетті фотосуреттерді де мұқияттап тапсырған еді. Алайда көп кешікпей Бисен ағамыз дүниелік болды. Кейін де қаржылық жағдайларға байланысты бұл кітаптың жарық көруі кешеуілдеп тұрған еді. Ағамыздың ардагер інілері тарапынан Жайсаң Ақбай ағамыз осы іске қайтадан қозғау салып, Қонаев қорының облысымыздағы төрағасы Нұрлан Ізтілеуов тікелей қолдап, осы кітапты жарыққа шығарды. Бисен ағамыз көзі тірісінде өзінен бұрын өткен тұлғаларды насихаттау бағытында әрекеттенсе, замандас інілері Бисен Жұмағалиевтің еңбегін және ол туралы құнды естеліктерін кітап түрінде шығарып отыр. Бұл – қуанарлық жайт, – деді шараны жүргізген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин кіріспе сөзінде.

Кітап екі бөлімнен тұрады. «Жайсаңдар жайлы толғаныс» атты бірінші бөлімінде елімізге танылған тұлғалар жайлы Бисен Жұмағалиевтің өз қаламынан туындаған естеліктер топтастырылса, «Тұғыры биік тұлға» атты екінші бөлімде кітап авторының замандастары тарапынан оның кісілік келбеті, жасымайтын жігері, көркем мінезі туралы баяндалады.

Жаңа кітаптың таныстырылымына қатысқан ҰОС ардагері Қалам Сүйіншәлиев, еңбек ардагерлері Жайсаң Ақбай, Қияс Өтенов, Нұрлан Ізтілеуов, БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, ақын Айтқали Нәріков, сондай-ақ майдангер журналистің қызы Баян Жұмағалиева, Бисен Жұмағалиевтің немере інісі, белгілі жазушы Қайыр Бектұрғановтың зайыбы Надежда Жұбайқызы кітап авторының өмірдегі жарқын бейнесі туралы естеліктерімен бөлісті.

– Бисақаңның артына қалдырған мұрасы мол. Ол мұра да ерте ме, кеш пе жарық көрер. Ол ерекше зерделі болатын. Мысалы, осыдан 50-60 жыл бұрынғы оқиға, кездескен адамы, болған жері немесе өзінің тегі туралы әңгімелегенде еш жаңылмайтын. Өзінің арғы бабасы болып келетін Мұрат ақынның, сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың көптеген әдеби мұрасын жатқа білді. Бисақаң жасының үлкендігіне, лауазымына қарамастан, қай уақытта да жасалатын жұмыстың бел ортасында білегін сыбанып өзі жүретін. Ол Жалпақталда бірінші хатшы қызметін атқарған кезде мен оның қарауында істедім. Бисақаң Жалпақтал өңірінің тарихындағы алғашқы жоғары білімді басшы болды. Оның аудан басшылығына келуімен сол өңір тұтасымен өзгерді. Жаңа леп, кітап, радио келді. Мал бағып отырған адамдардың тұрмысына үлкен жаңалықтар енгізді. Бисақаң өз мүддесін еш уақытта қоғамдық мүддеден жоғары қоймаған адам. Мен соның куәгерімін. Бірде ол қызмет бабымен ауылдарды аралап кеткенде, үйінің төргі бөлмесінің қабырғасы сыртына қарай құлап қалды. Ел жиналып қираған қабырғаны қалап берді. Сол кездегі тозығы жеткен әскери мәшинелердің жүруінен тұруы көп болатын. Бисақаң сол себепті керзі етік киіп, атқа мініп жүретін. Сөйтіп жүріп, бірде су тасыған кезде ауылды аман-есен алып қалғаны бар.

Ол кісінің жас кезінен бергі бір мұқияттылығы сол, әскери журналист бола жүріп шығарған газеттерінің тігіндісін түгел сақтап, елге алып келген. Бисен аға өз аузынан баяндаған мынадай бір оқиға бар. Сол майдандағы газетте қызмет атқарып жүрген кезінде Андрей Андреев есімді бір политбюро мүшесі елу жасқа толып, партияның орталық комитетінің саяси бюросы, басқа да жоғарғы мемлекеттік органдар атынан газетке құттықтау беріледі. Құттықтауда бір әріп қате түсіп кетіп, газет редакторына, редакция алқасына «ұлтшыл» деген айып тағылады. «Майданда тек қазақ халқының ерлігі жазылады. Ал басқа ұлт, әсіресе, орыс ұлты өкілдерінің ерліктері жазылмайды. Бұл әдейі істелген әрекет» деген желеумен оларды әскери трибунал арқылы 10 жылға соттап жібереді. Кейін саяси ақталу кезеңі басталғанда әлгі редактор Бисақаңа хат жазып, ақталуына көмектесуін сұрайды. Сонда Бисақаң жеке басының қамын ойламастан, бұрынғы редакторы жөнінде өзінің жақсы пікірін жазып, партиялылығын қайта қалпына келтіруге жәрдемдескен. Ол редактор кейін академик болады. Бисақаң өзі өмір сүрген замандағы қазақтың ұлыларының көбімен достық қарым-қатынаста, рухани байланыста болды. Ол біздің рухани тіршілігіміздің айнасы, шежіресі, қиналғанда кеңес сұрап барар ақылшымыз еді. Сондықтан Бисен Жұмағалиев есімін ұлықтау бағытында қолымыздан келгенше қызмет қылайық, – деді Жайсаң Ақбай.

Естелік кітаптың басылып шығуына ұйытқы болған Қонаев қорының облысымыздағы төрағасы Нұрлан Ізтілеуов аталмыш істің бітуіне көмек қолын созған ел азаматы Лавр Хайретдиновке, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллинге ризашылығын білдірді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»

Scroll to Top