Қазақ халқының азаттығы жолында арыстандай арпалысқан ерлердің бірі, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің қатарында есімі ерекше аталған Жаһанша Досмұхамедовтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында
«Жайық Пресс» ЖШС айрықша сый жасады. Серіктестік баспаханасынан мұқабасына Жаһаншаның бейнесі мен қысқаша өмірбаяны басылған дәптерлер шәкірттерге жол тартты. Дәптердің тұсаукесері таяуда Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінде өткізілді.
Салтанатты рәсімге колледж оқытушылары мен шәкірттері қатысты. Бірінші курсқа жаңа қабылданған студенттер алдында колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, қалалық мәслихаттың депутаты Шалқыма Құрманалина сөз сөйледі. Оның айтуынша, Жаһанша кезінде Орал әскери реалды училищесін тәмамдаған. Ол училищенің ғимаратында қазір педагогикалық колледж орналасқан. 1998 жылы осы оқу орнына және көшеге Жаһаншаның есімі беріліп, ғимарат алдында айбынды ердің мүсіні орнатылды. Кездесуге қатысқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин аталмыш тәлімді шараның өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар серіктестік баспаханасында арнайы басылған Жаһанша бейнеленген дәптердің тұсаукесер рәсімін өткізді. Колледж студенттері өз кезегінде «Қазақ елінің аңыз тұлғалары бейнеленген мұндай дәптерлер біздің бойымызда отансүйгіштік сезімін одан әрі нығайтады», – деді.
«Жайық Пресс»
ақпарат орталығы