«Нұр Отан» партиясының XV съезін «нұротандықтар» ғана емес барша Қазақстан халқы асыға күтіп отыр десем, артық айтпаспын. Осы жолғы жиынның мәні мен
маңызы, ұраны мен ұстыны ерекше болғалы отыр. Неге?
Ең алдымен Елбасының жетекшілігімен өтетін осы басқосуда еліміздегі іргелі де ірі әрі саяси ықпалды партияның келешектегі даму бағыты мен рөлі жан-жақты талқыланады. Ең бастысы, еліміздің болашақтағы дамуы мен өсуінің нақты жолдары айқын-далады. Елбасының биылғы жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асы- руға бағытталған «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» деп аталатын Доктринаның тарихи құндылығы осында жатыр. Доктринаның қабылданғанын қалың қауым қос қолдап құптағанына сенімдімін. Себебі, осынау Доктринада ұлттық құндылықтар кеңінен қамтылған. Дәл қазір қазақ халқы сусындап отырған мәселелер су бетіне шығарылған. Осы маңызды құжат 2050 жылға дейін ғана емес, еліміз Мәңгілік елміз деп болашаққа мақсат қойған болса, бұл Доктринада да елмен бірге мәңгілік болады деп айтуға болады. Мұндағы мемлекеттік тіл, руханият, мәдениет, салт-дәстүр, тарих сияқты өзекті дүниелер, бұлардың барлығы да еліміздің экономикасы және әлеуметтік салаларымен қатар қамтылуы олардың мән-маңызы терең, еліміздің мемлекет ретінде сақталуы жолында алар орны ерекше екендігін көрсетеді. Осы орайда Ата заңымызда «Мемлекеттің негізгі байлығы – адам, оның өмірі және бостандығы» баса көрсетілгенін білетін боларсыздар.
Демократиялық қоғамда бұлжымас байлам саналатын осы қағида Доктринада терең қамтылған. Екінші бір ойға алар тұс, мемлекеттік тіл мәселесі. Тәуелсіздік алған тұстан бері ана тіліміздің ресми тілдің көлеңкесінде қалып келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Мұны қойып Конституцияда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ресми тіл – орыс тілі» деген екіұшты бағытта берілген түсініктеме бар. «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталатын Доктринада барша қазақстандықтарды бір іске жұмылдыратын, ұйыстыратын бірден-бір құрал – ол мемлекеттік тіл деп баса көрсетілген. Осының өзі болашақта партияның пәрменімен мемлекеттік тілге басымдық беретінін анық аңғаруға болады. Бастысы, сөзімізбен ісіміздің қабысуын тілейік.
Доктринаны ақпараттық тұрғыдан насихаттау жұмыстарына бастауыш партия ұйымдары көп үлес қосты. Мысалға, біздің «Жайық Пресс» БПҰ «Доктринаны қабылдау не үшін қажет болды?» деген сауалдың төңірегінде қала тұрғындарының басын қосқан бірнеше ауқымды жиналыстар өткізді. Аталған іс-шаралардың шеңберінде БПҰ-ға ат басын бұрып келген азаматтарды алдымен партияның осыдан 12 жыл бұрын қабылданған Доктринасымен таныс еттік. Бұдан соң партияның 15 жылдығы қарсаңында қабылданғалы отырған стратегиялық құжаттың құндылығын жіліктеп түсіндірдік. Жалпы партияның елдік маңызы бар кез келген бастамасы төменнен жоғарыға қарай өрістеп, бастау алатынын ескерсек, бұл ретте бастауыш ұйымдардың рөлін жоққа шығаруға болмайды.