Сонау 1930-35 жылдары Бөрлі ауданы Бөрлі кентінің аумағындағы МТС-тың құрылысына сол төңіректегі зираттардан жинап алынған құлпытастардың пайдаланылғаны туралы бұдан бұрын жазылған болатын.
Бүгін ғимараттың іргетасына және жертөленің қабырғасына қаланған сол құлпытастар тас бұғаудан босатылып, шығарылды.
Ақсай мұсылмандар мешітінің бас имамы Мейрамбек Әбдірахманов аруақтарға арнап Құран бағыштаған соң, қолдарына күрек-қайласын алған сайдың тасындай жігіттер дереу іске кірісті.
Сауапты іске ұйытқы болып, бастама көтеріп жүрген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жиналғандарға атқарылар жұмыстың реті мен мән-маңызын түсіндірді.
Бұл мәселені басты назарда ұстап отырған облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен Бөрлі ауданының басшылығы қолға алды.
Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиевтің айтуынша, ізгілікті шараға БЖСМ директоры А. Исанов, «Сарыарқа» спорт клубының директоры И. Қарабаев, ресурстық орталығының басшысы А. Иралиев бастаған жиырма шақты жергілікті спортшылар мен белсенді жастар тартылған. Алдағы уақытта аудандағы мекеме-кәсіпорындардың қызметкерлері кезектесе келіп, құлпытастарды шығару ісіне атсалысатын болады.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, аталған мәселені жергілікті ақсақалдармен, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, маңызды шараны өткізу жайын талқыға салдық. Міне, бүгін де жастарға батасын беріп, бағыт сілтеу үшін аудандық мәслихаттың депутаттары М. Жолтаев, Қ. Ермекбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А. Исмағұлова, Бөрлі ауылдық округінің әкімі В. Баштовенко, Бөрлі ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғ. Мұқанов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Н. Наумова келіп тұр. Алла абырой беріп, осы шаруамызды сәтті аяқтап, аруақтарға арнап ас беретін күнге жеткізсін!» — деді Азамат Сафималиев.
«НазТур» ЖШС (басшысы Л. Елеусінов) бөлген арнайы техниканың көмегімен бұл күні 70-ке тарта құлпытас шығарылды. Олардың кейбіреулері тұтастай алынса, көпшілігі бөлініп қалған екен, қайсыбіреулерінің арабша жазулары анық көрінеді. Бұл құлпытастарды тас бұғаудан босатудың алғашқы күні. Осы қарқынмен үздіксіз жұмыстанса әлі 15-20 күн тер төгу қажет.
Құлпытастағы жазуларды оқып, тарихтың «ақтаңдағын» қалпына келтіру – болашақтың еншісіндегі іс.
Айгүл Ахметова