Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері» жобасы бойынша облысымызға экспедициямен келген ғалымдар – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Мүмінов және Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, арабтанушы Бағдат Дүйсенов “Жайық Пресс” ЖШС мәжілісінің залында тілшілерге сұхбат берді.
– 2015-2017 жылдарға арналған бағдарлама шеңберінде осы өлкеге келіп отырмыз. Биыл басталған бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрлігі тапсырысымен қолға алынды. Жоба жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты, арабтанушы Айтжан Нұрманова. Жоба бойынша жұмыстанатын топтағы алты адам Алматыдағы ғалымдар болса, төрт адам жергілікті мамандар. Олар – «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, осы саланы көп жылдардан зерттеп келе жатқан журналист, «DANAkaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, тарих магистрі, өлкетанушы Айболат Құрымбаев.
Осы сапарымызда екі нысанда болдық. Біріншісі – Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының маңындағы Мәулімберді қорымы. Бұл жерді кешен десек те болады. Онда үш қорым бар. Бес күн жұмысымызда өте құнды деректерге кезіктік. Суретке түсіріп, техникалық сипаттамасын жазып, мәтінін тердік. Үлкен кітап болатын материал жиналды. Нысанның маңыздылығы – осы өлкедегі үлкен ғылым-білім орталығы Мәулімберді кешені – медресе мен мешіт болғандығы. Бұл бұрын-соңды әлемге белгісіз болған орын есептеледі. Ол жерге жерленген ғалымдардың дәрежесі өте биік екенін көрдік: шейх, хазірет, дамолла, ахун, атақты ғалымдар. Үш некропольдан болған жазуларды жинадық. Олар бір-біріне байланысты, үлкен династия.
Екінші зерттелген нысан – Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінің жанындағы «Хан зираты» қорымы. Мұнда 1805-1809 жылдары Кіші жүзге хан болған Жантөре Айшуақұлы жерленген. Сондай-ақ хандық билікпен байланысты болған қазақ элитасының осы жерде жерленгеніне көз жеткіздік. Жай адамдар емес, қоғамда үлкен орны болған азаматтар, қайраткерлер. Олардың көпшілігінің есімі тарихымызда айтылмай келді. Көбінесе хандар мен әскербасыларға назар аударылады да, қоғамның орта қатары – билер, батырлар, қайраткерлерге көп мән берілмей қалады. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойлануда. Осыған дейін қазақ хандарының эпитафиялары жарияланбаған екен, — дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов. – Осыған дейін біз ешбір жердегі дереккөзімен кешенді таныспай, тарихи тұлғаның төңірегінде болған әңгімелермен сөйлеп келгенбіз. Сондықтан жаңа концепция жасаудамыз. Кеңес кезеңінде жазылған тарих басқаша да, ел ішіндегі деректер басқаша сурет сызып береді. Бұл жайтты біз ғылым үшін үлкен оқиға деп есептеп, жаңа жобалар бастап жатырмыз. 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде шет елдердің кітапхана, музей, архивтерінен көптеген деректер әкелінді. Олар бойынша көптеген еңбектер жазылды. Біз ел ішінде де зерттелмеген құнды деректер көптігін біле бермейміз. Осы жоба былтыр еліміз бойынша 4 мың жобадан І орынды иеленді. Бізге артылған үлкен сенімді ақтауға тырысып бағудамыз.
Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді ғалымдар біледі, ал біздегі деректерден хабары жоқ
Бұл жобалардың халықаралық мәні ерекше. Ғалымдардың айтуынша, бұған дейін әлем ғылымына Қазақстандағы эпиграфикалық ескерткіш мәлім етіліп, олар жөнінде ауқымды еңбектер жазылған емес. Осы уақытқа дейін Араб елдері, Иран, Үндістан, Түркия сияқты үлкен мемлекеттердің осындай ескерткіштері әлемдік ғылымға белгілі. Әлем ғылымы ислам өркениетін көптен зерттеп келеді, бірақ ой-пікірі шектелген, толық емес. Ол Қазақстандағы, соның ішінде осы жердегі жәдігерлер есебінен толықтырылуы қажет. Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді ғалымдар біледі, ал біздегі деректерден хабары жоқ. Сондықтан осы ескерткіштерді жариялау арқылы Қазақстан ғылымы өзін әлемге тағы бір әйгілейді, ғылымдағы бәсекеге алып кіреді деп сенеміз.
– Ендігі жоспарымыз – осы жиналған деректермен күз бойы камералық өңдеу жұмыстарын атқарамыз. Эпитафиялардың жазылуын сурет арқылы алыста отырып оқу қиын. Ойылып жазылған ол жазуларды бармақпен сипап отырып оқылады. Сол жерден мұқият қағазға түсірілді. Сондай-ақ сол аймақтағы ел-жұрттан тұлғаларға қатысты деректер де жиналды. Топ құрамындағы он адамның әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі, өз саласы бойынша тиянақты жұмысқа талап бар. Жыл соңына дейін кітап қылып, басылымға береміз. Әр жыл сайын қорытынды ретінде бір жинақтан шығару жобада бар. Ең алдыңғы кезекте – Мәулімберді кешені, Жантөре хан қорымы мен Ордадағы хан зираты, — дейді ғалым Әшірбек Мүмінов. Жинақ әлемдік ғылыми айналымға түсуі үшін орыс, ағылшын тілінде де жарық көрмек.
Жантөре хан қорымындағы тұлғалар тарихқа қосылады
Зерттеу тобының екінші нысаны – Жантөре хан зираты. Бұған дейін ғылымға белгісіз боп келген бұл жерді ғалымдарға өлкетанушыларымыз көрсеткен. Үш күндік жұмыс жүргізілді. 141 ескерткіш тас саналды. Ғалымдар барлығының қазақ элитасы болып шыққанына таңданыс білдіруде. «Бұған дейін хан-сұлтандарды көп естігенімізбен, мұнда билер, батырлар, байлар, ахун, мударистер, абыздар, мырзалар, сопылар, правитель, старшындардың аттары сақталған. Бір жерде соншама тұлға жатыр. Тарихи материалдың бәрі осында. Ерекше аймақ екен» дейді Әшірбек Құрбанұлы.
Эпитафиялар топонимдердің тарихи атауларын қайтаруға да көмектеседі. Тарихи география үшін мұндай эпитафиялардың маңызы өте зор.
– Ескерткіштердің көміліп қалған жерлерінде о бастағы боялған түстері сақталған. Тұрғындардан сұрағанымызда, «аталарымыз құлпытастардың көк, қызыл, жасыл бояулармен тұрғанын айтатын еді» дейді. Қазір жуылып-шайылып, ағарып қалған. Кейбір құлпытастарды бояуының жұрнағына қарап сол түстерге бояп көрдік, — дейді арабтанушы Бағдат Дүйсенов.
Бөкейліктегі Хан зираты толыққанды зерделенбек
Бөкей хандығы эпитафияларына да аса мән берілмей келген болатын. «Қазақстанның Еуропалық бөлігіне көп мән беруіміз керек. Онда көп рәміз бар. Бұл хандық тарихы туралы ағылшын, орыс тіліндегі материалдар өте қарапайым жазылған. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында өзіндік орны бар тарихты терең зерттеу керек. Ал материалдар жеткілікті. Көп тарихшылар кирилл жазуындағы деректермен айналысты да, араб жазуындағы ақпарлар көп зерттелмей қалды. Оның үстіне қайта-қайта жазылатын, түрліше басылатын дерек емес, бір рет қана қашалатын эпиграфиялық жазулар – сенімді дерек көзі» дейді Әшірбек Мүмінов.
Бөкей ордасында шамамен 130-дай ескерткіш бар. Оған ғалымдар алдағы жылы арнайы келмек. Ол жердегі ескерткіштерді бір-бірлеп зерттелмей, кешенді зерттеу жұмыстары өткізіледі. Барлық тас нөмірленіп, картасы жасалады. «Әр құлпытас құжатталуы тиіс. Ескерткішті сақтау инспекциясына тіркеуден өткіземіз. Сонда зерттеуіміз заңды негізге ие болады. Сондай-ақ тастардың, материалдың геологиялық сипаттамасы, қай жерден әкелінді, олармен шеберлер қалай жұмыс істеді, қандай құралдар мен әдістер арқылы ойылды – бәрі зерттелмек. Құлпытастағы тексттің өзіне филологиялық сараптама жасалады» дейді ғалымдар.
«Ескерткіштердегі ру таңбалары да ерекше зерттеу нысаны. Құлпытастағы бұл таңбалар рулардың жер шекараларын белгілесе, бүгінде көрші елдердің жерінде қалған ескерткіштер бір кездердегі тарихи шекарамызды көрсетеді. Бұл тек тарихшылар емес, барлығына қызықты тақырып. Хандар эпитафиялары бұған дейін жарияланбауымен құнды. Олардың мұнда араб әрпімен мұсылманша аттары жазулы тұр. Екіншіден, өңірдегі бұл құлпытастардың оқылуы арқылы батыр, би, байлардың тізімі кеңейеді. Қазақ меценаттары Кеңес кезінде айтылмай, жоққа шығарылды. Дамыған қоғам құрамыз десек, тарихымыздағы олардың орнын да жоққа шығармауымыз қажет. Бұл деректер біздің жұмысымыз арқылы басқа зерттеушілерге қолжетімді болмақ» дейді зерттеу тобындағы ғалымдар.
Жергілікті эпиграфика мамандары қалыптасып келеді
Әшірбек Мүмінов БҚО-да ғылымның бұл саласымен айналысатын жергілікті мамандар қалыптасып келе жатырғанын қуанышпен жеткізді. Әсіресе, осы өлкенің құлпытастарына ғалымдардың назарын аударған, өзі де осы саланы дендеп зерттеп жүрген Қазбек Құттымұратұлының есімін ерекше құрметпен атап, алғысын айтты.
Сондай-ақ ғалымдар зерттелген қорымдар орналасқан ауылдардың тұрғындарына, ұйымдастыру жұмыстарына көмектескен сол ауылдардың билігіне көрсеткен құрметтері үшін алғыстарын жеткізді. Өлкетанушы Әленғали Кереев, Базартөбе ауылының әкімі Амантай Сәлімов, Ақжайық аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қосымша білім педагогы Жәнібек Әбілпейісов, Шағатай ауылының әкімі Рүстем Мүтиев, Қызылжар мектебінің директоры Жақсығали Тайшыбаев және Теректі аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қосымша білім педагогы Берік Каюповың есімін атап, рақмет айтты.
Әр кәсіптің сыры көп, бұл салаға маманданған адамдардың жұмысында өзіндік қиындықтары бар. Бұл салада Франция мектебі үздік. Ғалымның айтуынша, бұл салаға маманданған ТМД елдерінің ғалымдарын Алматыға жинап, бір-екі апталық жазғы-қысқы мектеп өткізу жоспарда бар екен. Жергілікті мамандардың бұл сала бойынша білімдерін жетілдіріп, келешекте олардың дербес жұмыстана беруіне жағдай жасау да көзделуде.
Эпиграфиялық ескерткіштердің жойылу қаупі бар. Себебі оларға атмосфераның әсерімен қатар техникалық та нұқсан келіп жатады. Қорғауға алынбаған, қоршалмағандары мал жайылыстарында тұр. Сол себепті жыл сайын азайып, сақталғанының өзі оқылмайтын күйге жетуде. Олармен тезірек жұмыстану – біздің ғалымдардың әлем мәдениетінің алдындағы міндеті. Ал біздің қоғамның міндеті – ата-бабасының мәңгілік мекеніндегі басына тұрғызылған түпнұсқа дерек – ескерткіштерді барынша сақтау.
Эпитафия (грек. epіtaphіos – қабір үстіндегі) – құлпытасқа жазылған жазу. Эпиграфика – қатты материалдарға (тас, металл, қыш, т.б.) жазылған жазуларды зерттейтін тарихи қосымша пән.
Нұрлыбек РАХМАНОВ