Жақында ғана Астана қаласында ғалымдар мен студенттердің қатысуымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғұмар Қараштың еңбектері мен зерттеушілердің бұрын жарық көрмеген зерттеулері топтастырылған үш томдығын таныстырдық. Бұл біздің бірнеше жылдық қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, сондықтан бұл жинақты шығару мақсатымыз, деректерді қайдан алғанымыз жөнінде осы кітапта жазылған алғысөзді қалың оқырманға ұсынамын.
Бұл жинақты жиыстырудағы асыл мақсатымыз – Ғұмар Қараш заманында шығарған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза, ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» жинақтарының алғысөзінде жазған ойлармен ұштасып жатыр. «Шайыр» жинағының алғысөзін былай бастайды: «Белгілі білік иесі адамдар айтыпты: «Жыр, өлең һәм билік сөздерін сақтамаған халық жансыз» деп. Бұ сөз бек дұрыс. Неге десеңіз, әр елдің елдігі, мәселен, қазақтың қазақтығы, татардың татарлығы, орыстың орыстығы өздерінің ата-бабаларынан қалған айырым тілдерін жоғалтпай қолданумен сақталады. «Әр ел өз тілін сақтау» ол елдің жыр һәм ескі сөздерін сақтамай мүмкін болмайды. Соның үшін де өнерлі, ілімді халықтарда бұ «тіл сақтау» жайында бек мұқияттық бар…». Ал «Көксілдерде» «Жыр шығарудағы бірінші дәреже мақсат: әр елдің ана тілін һәм ондағы шешендікті жоғалтпай сақтау болады. Екінші дәреже мақсат: ол тәтті жыр арқылы оқушыларға әсер беріп, «батыршылық», «жомарттық», «әлемге қызығу» секілді көркем сипаттарға үндеу болады…» деп ойын жалғаған.
Ғасыр өтіп, азаттығымызды алған соң ғана Ғұмар Қараштың айтқан сөзі, жазған жазбалары, атқарған істері бүгінгі ұрпаққа үлгі екендігіне көзіміз жетіп отыр. Біздің ісіміз «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, Ғұмар Қараштың халықтың қамы үшін жасаған істерін мүмкіндігімізше жалғастырып, қолдарыңыздағы кітап арқылы ұрпақ үшін құрбан болған бабамызды халқымен қайта қауыштыру. Бұл кітаптар – бірнеше жылдық еңбегіміздің жемісі. Мен үшін ең басты мақсат – болашақ ұрпақ алдындағы борышымызды, Ғұмар Қараштың алдындағы парызымызды өтеумен қатар, Мәскеудегі асылдың сынығы, Ғұмар Қараштың туған немересі, ғалым Надежда Бұрханқызының алдындағы уәдемді орындау.
Ғұмар Қарашты әлі танып болмағанымыз анық. Оны тану үшін әлі талай зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Әзірге қолда бар деректер бойынша білетініміз: Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басын «тар жол, тайғақ кешу» деп сипаттаған, заманының озық ойлы ақыны, философ, ағартушы. Сөзі мен ісі қабысқан ғұлама терең игерген діни білімінің арқасында сол саладағы жоғары қызметтерді атқарған. Кейін дүмше молдалардың надандығын ашық әшкерелеп, ағартушылыққа ден қойған. Еліміздің азаттығын армандап, соған қол жеткізу жолында бар күш-жігерін жұмсаған. Ағартушылық бағытта өз заманында көп іс тындырады. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әде-биетін дамытуға да елеулі үлес қосқан. «Ойға келген пікірлерім», «Бәдел-хажы», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Тұрымтай» өлең жинақтарын шығарып, философиялық ой-толғамдарын жазған. 1910-1912 жылдары «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» деген атаумен қазақтың батырлар жырының жинағын жариялаған. Қазақ даласында елдің мүддесін көздейтін бірде-бір газет жоқ кезде тұңғыш рет «Қазақстан» атауымен халыққа білім мен кәсіп үйретуді мақсат ететін газет шығаруды ұйымдастырды. Алғашқы ағартушылық, білім беру, сауат ашу, тәрбие бағытында «Мұғалім» атты ғылыми журналды шығаруды ұйымдастырып, басқарды. Өз дәуіріндегі халыққа кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», тағы басқа татар тілдеріндегі баспасөз бетінде халыққа оң бағыт-бағдар берген, бірлікке, ынтымаққа үндеген, білім, кәсіп игеруге бағытталған ой-пікірлері мен өлеңдері жарық көрді. Сол кезеңде қазақтан осынша жинақ шығарған Ғ. Қараш қана. Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы Ордадағы педтехникумда сабақ беріп, 1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салып, «Дұрыстық жолы» газетін шығаруы, өзі туып-өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашылығы артелін ұйымдастыруы Ғұмардың ел үшін еткен өлшеусіз еңбектерін таныта түседі. 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте (қазіргі Жәнібек ауданында) Қырқұдық деген жерде дүниеге келіп, 1921 жылы небәрі 46 жасында Құнаншапқанда қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Ғұмар Қараш соңына мол мұра, өшпес із қалдырды. Өз замандастарының бірі, белгілі ғалым Есмағамбет Ысма-йылов Ғұмар Қарашты «Абайдан кейінгі ірі классик ақын…» деп бағалағанымен, 1947 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысымен Ғұмар Қараш «революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партиясы қайраткерлерінің бірі» деп көрсетіліп, мектеп оқулықтарынан алынып, болашақта зерттеуге, насихаттауға тыйым салынды. Жүйенің сорақылығы, тағдырының қасіреті сол, Ғұмар Қарашты өлтіргендерді билігі әбден орныққан Совет үкіметі іздемеді, жазаламады. Тіпті ат жалын тартып мінген үлкен ұлы Абдулқадырды да бір жылдан соң қаскөйлер өлтірді. Елдің ертеңі үшін өлшеусіз тер төккен әкені де, оның жолын қуған ұлын да құртып тынды.
2012 жылы Мәскеуде осындай текті тұлғаның тікелей ұрпағы, туған немересі бар дегенді естігенде қуансам, сол жылы арнайы барып сұхбаттасқан соң тіпті шаттанғанмын. Надежда Бұрханқызы Қарашевамен бірнеше сағат әңгімелескенбіз, ол туралы ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Бірақ сұхбатымыздағы «Ғұмар Қарашқа қатысты құжаттар, материалдар бар ма?» деген сауалымды да, оған берген жауапты да жария етпегенмін. Себебі оның артында үлкен жауапкершілік жатты. Бұл сұрақты қойғанымда ойланбастан, бар екендігін айтып, келесі бөлмеге алып барды. Алдыма он шақты папканы әкеліп берді. Сыртымнан қалай қабылдар екен деп бақылаған да болар. Әр папканы ашып қарап, ішіндегі маңызды жазбаларды көргенімде, аса қызыққаным сырт көзге анық байқалған болуы керек. Түпнұсқаны сұрап алуға дәтім бармай, ішіндегі маңыздыларының көшірмесін алуға рұқсат сұрағанымда, көңілі босап, көзіне жас алып: «Осы жасқа келгенде мені қатты мазалайтын осы папкалардағы жиналған қағаздар еді, түрлі зерттеушілер хабарласқан, бірақ сенбедім бе, бермедім. Көзбе-көз сөйлесіп, атқарған істеріңмен таныс болған соң сенім арттым, бәрін елге ала бар, керегін кәдеңе жаратқан соң, жергілікті музейге тапсырарсың» – деп аманаттады. Дауысында толқумен қатар, ерекше жайбарақаттық байқалды. Сөзін әрі қарай жалғап, «Аллаға ризамын, жасым ұлғайды, енді не болса да, еш өкінішім жоқ, мойнымнан ауыр жүк түсті» – дей келе, аналық алғысы мен тілегін айтты. Осылайша, жас кезінен бастап өзі жинақтаған, Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева тапсырған мол мұрасын қолыма алып, елге қайтқанмын. Келген бойда әр папканы ретімен танысып, маңызды-ларын болашақ жинаққа теруге дайындадық. Мысалы, Ғұмар Қараштың «Қырғи» жинағын естігенімізбен, бізге дейінгі зерттеушілер де, біз де еш жерден таба алмағанбыз. Бұл жинақ «Жарияланбаған шығармалар Ғ. Қ.» папкасынан табылды. Басына былай деп жазылған: «Қырғи қ/б-нан, пенсионер Иманбай Жұмағалиев жазып тапсырған дәптерден көшірілді, Ғұмар Қараштың баспасөз бетіне шықпаған «Қырғи» деген шығармасын қолжазбасынан біреуден-біреу көшіріп жазып алып, 1918-20 жылдарда оқып жүрісті. Мен де оқыдым. Содан есімде қалған кейбір қысқа үзінділерін төменде жаздым. Көлемділеу тақырыптарын да ұмытыппын…». Тағы бір папкадан осыдан 106 жыл бұрын жарық көрген «Өрнек» жинағының түпнұсқасының табылуы да үлкен олжа болды. Жаза берсе, мұндай маңыздылар өте көп, әрқайсысын бір-бірлеп таныстырмай, арқалап келген дүниелердің құндылығын көзі қарақты оқырман өзі-ақ түсінеді деген ниетпен осы кітаптың соңында толық тізімін (1-кесте) ұсындық.
Тыңнан түрен салып, зерттеуімізге себепші болған Мәскеудегі бүгінде көзі тірі немересі Надежда Бұрханқызы Қарашеваның текті тұқымнан екендігі өмір жо-лынан анық байқалады. Ол 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Алматыда орыс орта мектебін алтын медальмен, 1953 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни-верситетіндегі филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмамдаған. 1953-1962 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында қызмет еткен және осында «ХХ ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы материалдар бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1963 жылдан бүгінге дейін Мәскеу қаласында тұрады. Сексеннен асқан шағына дейін Ресей Білім академиясының филологиялық орталығында ғылыми хатшы қызметін атқарған. Тіл мәселелері, тілді оқыту әдіс-темелері тақырыптарында жарияланған 120-дан аса еңбектің авторы. Ғылымға қосқан үлесінен бөлек, өзінің атасын зерттеп, насихаттауда да өлшеусіз еңбек сіңірген. Ғұмар Қараштың шығармаларын орысшаға аударып, кі-тапша шығаруы, ата-тек шежіресін (2-кесте) жазып, барша ағайындарына таратуы – осының айғағы. Шыққан текті білудің де маңыздылығын ескеріп, осы жинаққа қоса беріп отырмыз.
Надежда Қарашеваның ерекше сенімі мен жылы сөздері аянбай қызмет етуге сеп болды, бірақ асылдың сынығының аманаты мойныма ауыр жүк болғаны да рас. Оны мүмкіндігімше сапалы орындауды басты мақсат еттім. Қолда барды жинақтап, ыждағаттап, жинақ шығара салуға болар еді. Бірақ оған ар жібермеді. ХХ ғасырдың басындағы баспасөз беттерінде Ғұмар Қараштың талай еңбегі жарық көргенін білген соң оларды қарамай, болса, қоспай аттап кетуді жөн санамадық. «Қазақстан» газетінен соң «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» газеттері, тағы басқаларын тауып, араб әліпбиінен аудару мақсатымыздың артында осы мәселе де бар еді. Бірақ біз толық жинадық деп айта алмаймыз. Себебі «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы толық қаралған жоқ, оған татар тілінде шыққан баспасөздерді қосыңыз. Дегенмен қолда барды жүйелеп, топтастыруға бел будық.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстың бірі – Қазақстанның киелі орындарының қатарына Ғұмар Қараштың бейіті енуі тегін емес. Ғұмар Қарашты да, ұлын да өлтіргендер – қазақты бодандықтың құрсауында қапсыра ұстауды мақсат етіп, қарсы келгенді түрлі айламен көзін құртқандар. Заманында өзін де, сөзін де, жазбаларын да құрттық деген болар. Бірақ ғасыр өткен соң аңсаған арман орындалып, азат ел болып, осы жолда шәйіт болған жандар ұрпақпен қайта қауышуда. Ұлттық идеологияның темірқазығына айналып, жатқан жерінің өзі рухына тағзым етіп, зиярат ететін қасиетті жерлердің қатарына қосылуда. Бізге рухына тағзым ету үшін жатқан жері қандай маңызды болса, сәйкесінше, оны танып-білу үшін жазған жазбалары да аса маңызды.
Осы орайда мүмкіндігінше ақын шығармаларын жинақтап, екі томдық еттік. Бірінші томына оның поэзиялық, ал екіншісіне прозалық туындылары топтастырылды. Мәскеуден келген құнды қағаздардағы Ғұмар Қараштың поэзиялық және прозалық шығармаларын сәйкесінше қостық. Ақылдаса келе, үшінші томын шығаруды жөн санадық. Онда Надежда Бұрханқызының өзі орысшаға аударған атасының өмірбаяны мен еңбектерін және Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиеваның Ғұмар Қараш туралы жазған зерттеу еңбектерін, түрлі маңызды естеліктерді енгізіп отырмыз. Себебі Надежда Бұрханқызы бар құжаттарын маған табыстағанда қалай үміт артса, қос ғалым Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева да Кеңес заманында тырнақтап жинағандарын Мәскеуге барып, Надежда Қарашеваға тапсырған. Өздері бар деректі жиып, қалай да ұрпаққа нар тұлғаны таныстырып кетуге ұмтылған. Тек ол заманда елдің азаттығын аңсаған, сол жолда талмай еңбек еткен тұлға қажет емес еді. Тіпті тыйым салынған-ды. Сондықтан қандай жолмен болса да, танытуға тырысқан. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында Абайды халықпен қауыштыру үшін әкесі Құнанбайды жағымсыз етіп көрсеткендей, Ғұмар Қарашты цензурадан өткізу үшін Кеңестік идеологияны қолдаған деп те айтады. Шын мәнінде, бұл екі ғалым біз үшін бар жұмысты тындырып қойған. Тек уақыты келгенде жинақтап жариялауды қалдырған. Үшінші томда олардың атқарған еңбектері өз авторлықтары сақталып, жарық көргенін қош көрдік. Осылайша, жиған-тергеніміз үш том болды. Үш томдықты барынша сапалы етіп шығару үшін алғашқы нұсқасын Алматыдағы ғылым ордасында ғалымдарға таныстырып, алып-қосарлары болса, ұсыныстарын сұрап, алдарынан өттік.
Бұған дейін зерттеуші-ғалым Қабиболла Сыдиықовтың Ғ. Қараш туындыларын құрастырып, «Замана» кітабын бастырғаны белгілі. Біздің ісіміз – қолдан келгенше осы кітаптың ізімен әрі қарай толықтыру. Бұл істі санаулы ғана жанашырлар бас біріктіріп жасап отырмыз, арамызда ғалым атағы бар ешкім жоқ. Сондықтан кемшіліктеріміз болса, аса сөкпеңіздер. Болашақта кем-кетігін түзеп, қосарын қосып, қайта шығаруға болады.
Әр шығарманы нақты қайдан алғанымызды, араб әліпбиінде болса, кім аударғанын көрсетуді жөн санап, соңына арнайы кесте қостық.
Бұл істі ұйымдастыруда уақытпен санаспай еңбек еткен әріптестеріме алғысымды білдіремін. Іздеу, табу, келісу, ақылы болса, ақысын төлеу, алдыру, аудару, жүйелеу – аса жауапты іс. Міне, осындай қажырлы еңбектің арқасында қазақтың біртуар тұлғасы Ғұмар Қараштың шығармалары оқырманға жол тартып отыр.
Осыған дейін баспасөз тарихына, құлпытастарға арналған, басқа да рухани бағытта көптеген кітап шығардық. Бәрін де жүрек қалауымен, өз бастамамызбен атқардық. Бұл да солай, бірақ жауапкершілігі аса зор. Себебі бұл аманат ретінде тапсырылған, атқаруға уәде етілген іс еді. Міне, тектінің ұрпағы үміт еткен, оған сенген қос ғалымның үмітін ақтауға тырысып, уәдені орындап, менің де мойнымнан жүк түскендей хәлдемін.
Оқыңыз, ой түйіңіз, өзгеге таратыңыз!