Сейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында балғын оқырмандар үшін ұйымдастырылған биылғы шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.
Балғындардың жүзіне күлкі ұялаған шуақты шарада алғысөз алған облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған балалар шығармашылығы байқауының мән-маңызына тоқталды. Биылғы байқауға демеушілік жасап, өрендерге сәттілік тілеген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Қолына қалам ұстаған балғын жүректердің жыл сайын асыға күтетін қуанышты сәтіне айналған дәстүрлі байқаудың жүлдегерлері көбейе бергей!» – деген тілекпен бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар табыс етті. Көрнекті ақын Қайрат Жұмағалиев: «Алыс сапар алғашқы адымнан басталады, айналайындар! Талаптарыңа нұр жаусын!» деп ақ батасын берді. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, белгілі қаламгер Темір Құсайын,«Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова, облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев өрендерді әдебиет және журналистика әлеміне аяқ басқан алғашқықадамдарымен құттықтап, ақ жол тілесті.
Әр түрлі аталым бойынша жүлдегер атанған теректілік Жарқынай Харисова, қаламыздағы №1 орта мектебінде оқитын егіздер Ерасыл мен Нұрасыл Бөкенбай, ақжайықтық Аружан Хатимуллина, №42 «Ақ ниет» гимназиясының оқушысы Айназ Есекеш және №19 орта мектептің оқушысы Жанерке Ғабдрашитова өздеріне арналған ақ тілектер мен сый-сияпаттан әдемі әсер алғандарын жасырмады.
Олар өздерінің алғашқы қадамын байқап, үлкен қолдау көрсеткен әдебиет жанашырларына деген балғын тілегін жеткізіп, «Орал өңірі» газетінің «Айналайын» бетін асыға күтетіндерін де айтып жатты. Әрқайсысы арнайы диплом, жұмсақ ойыншықтар мен тәттілер, тарихи энциклопедиялық кітап, ақшалай сыйлыққа ие болған балғындар белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның қолтаңбасы қойылған «Ақ шағала» кітабын алып, мәз болысты.
Салтанатты шарадан соң балалар газет қалай басылатынын, мақала қалай дайындалатынын өз көздерімен көріп, редакцияның тыныс-тіршілігімен танысты.
Гүлжамал Жолдығали