«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!»

Бейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында «Мемлекеттік саясатты жастарға жеткізудегі білім ордалары мен БАҚ-тың рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен, облыстық ішкі саясат басқармасының бас­тығы Тілекқабыл Имашев, қала­мыздағы ЖОО-лардың, сондай-ақ арнаулы орта және кәсіптік білім беретін колледждердің басшылары қатынасты.

Жиынды «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ашып, жастарды мемлекет саясатымен уақтылы хабардар қылу және қазақ елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін баянды етер сапалы мамандар қалыптастыру­дағы білім ордалары мен БАҚ-тың мән-маңызына тоқталды.

– «Қа­зақ­стан» га­зетінің ал­ғашқы са­нында Ғұмар Қа­раш «Газет деген не зат?» атты бет­ашар мақаласында баспасөздің маңыздылығын түсіндіреді. «Ақыл иесі адамдардың айтқан бірауыз сөзі 2-3 күнде елінің басынан аяғына тыңдалып болады дейді. Пайдалы істі ынтымақпен істей қойысады, залал істің залалын күн ілгері біліп сақтанады. Ал солардай болып елдің шетіне келген қайғыны да, шаттықты да, бірдей көрмеген, ортақ көтермеген жұртта ын­тымақ болмайды, ынтымақ бол­маған соң күш-қуат та жоқ. Ендеше, бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет, сол себепті газет – біздің басшымыз, дұшпандарға қарсы құралымыз. Газет біздің қараңғыда жарық берер шамшырағымыз» деген екен мақалада. Содан бері 100 жыл өтсе де, бұл сөздер маңы­зын жойған жоқ. Біз оқу орындары қабырғасында жастарымызға мем­лекеттік ақпарат саясатын насихаттайтын газеттермен етене танысып, тұрақты оқып тұратын жағдай туғызуымыз керек, – деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен арнаулы орта және жоғары оқу орындары студенттері арасында мемлекеттік саясатты насихаттауда бүгінгі шараның маңызы жоғары екенін айтып өтті.

Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик:

– Жастардың санасына БАҚ арқылы жан-жақты дұрыс бағыт беріп отырсақ, біздің ел-жұрттың ортақ мүддесі үшін атқарып жатқан істеріміздің межесіне жеткені деп ойлаймын. Мұндай дөңгелек үстелдер міндетті түрде өзінің оң нәтижесін береді. Елбасының саясаты мен тапсырмаларын жүзеге асыруда жастарға жол сілтеп, өзіміз де солармен бірге ілгері басуымыз керек. Сондықтан мемлекеттік саясатты халыққа насихаттаушы БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынас ұстай отырып, ұлтжанды, отаншыл жастар тәрбиелеудегі іс-әрекеттеріміз жемісті боларына сенімдімін.

Асхат ИМАНҒАЛИЕВ, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик:

– Бүгінгі басқосуда көтеріліп отырған мәселелер өте маңыз­ды. Әр басылымның ресми ақ­па­раттарды жеткізуден бөлек, тәр­биелік маңызының қаншалықты екенін біз баспасөзде жарияланған материалдарыңыздан көріп отырмыз. Осы орайда биыл бастаған өз тәжірибемізді айта кетейін. Мемлекеттік саясатты насихаттайтын басылымдарды ұстаздар мен студенттерге тегін таратудың жолын ойластырдық. “Орал өңірі” және “Приуралье” газеттерінің 1000  данасына оқу орны өз қаражатына жазылып, университеттегі сегіз оқу ғимаратында студенттер мен ұстаздарға газетті тегін алуға жағдай жасадық. Бұдан бөлек ардагер ұстаздарымызды да біраз газет-журналмен тегін қамтудамыз. Мемлекетіміздің да­му бағытынан хабарсыз оқытушы шәкіртін заманына лайық оқы­тып, тәрбиелеуі мүмкін емес. Осы мә­селені оқытушыға да, студентке де ұдайы айтып келеміз. Газеттердің мазмұнына келетін болсақ, көтерілетін мәселелер көңілімізден шығады. Алдағы уа­қытта тек қана газет тілшілері емес, жалпы жастарды да мақала жазуға тарту оңды нәтижесін береді деп ойлаймын. Тіпті оларды осы салаға баулитын арнайы үйірмелер ұйымдастыруға болар еді. Мысалы, филология бағытында оқитын студенттерімізді қосымша мамандандырып, университет қабырғасынан жас журналист, жас қаламгер ретінде қалыптастырып, жастар өздері көтерген мәселені газет бетінен оқи алса, жұмысымыздың тиімділігі арта түседі деп есептеймін.

Шалқыма ҚҰРМАНӘЛИНА, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

– Көтерілген мәселе екі жақты жауапкершілікті талап етеді. Жастар шынымен де елімізде үлкен қозғаушы күш. Олар саясатты дұрыс түсінуге, қоғамда болып жатқан әр түрлі әрекеттерге сын көзбен қарап, оған өздерінің көзқарастарын білдіре алатындай интеллек­туалдық деңгейге жетсе, біздің алға қойған мақсаттарымыз­дың орындалғаны. Біз колледж атынан мемлекеттік саясатты насихаттайтын басылымдарға жазылып, өз жатақханамыздың әр бөлмесіне газет жеткізілуіне жағдай туғыздық. Мұның пайдасы жан-жақты. Колледжде апта сайын өтетін тәрбие сағатында қарастыратын мәселенің бірі –
БАҚ-пен жұмыс. Сондықтан біз­дің жастарымыздың арасында сіздің газеттеріңізде шыққан мақала-ма­териалдар оқылып, талданады. Соңғы кезде аталмыш газеттердің сапасы, маз­мұны айтарлықтай арта түсті. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деп Абай атамыз айтпақшы, оқу орындары бо­лып, БАҚ-пен байланыст­ы кү­шейтуді қолға алып жатқа­ны­мызды айтқым келеді.

Мұрат САБЫР, БҚГА-ның проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Біздің оқу орны газетке жазылу мәселесінде өзіміздің облыстық газеттерге ұдайы көңіл бөлеміз. Облыстық БАҚ – біздің айнамыз. Кейде сыни мақалалар да керек сияқты. Сын – қоғамға қозғау салатын құбылыс. Біз қазақ жастарын қажетсіз өсек-аяңнан, теріс ақпараттан сақтап, дұрыс саясатты құлағына құю керекпіз. Сонда ғана жастарымыз Тәуелсіз Қазақстанның құлдық психология­дан ада, тәуелсіз азаматы болып қалыптасады.

Балғаным КӘКІМОВА, №3 кәсіптік лицей директоры:

– Соңғы уақытта «Орал өңірі» газетінің айдарлары жаңаланып, мақала-материалдардың сапасы артты. «Приуралье» газеті де жақсарды. Осы газеттердің әрбір санын қалдырмай оқып, талдау жасап, өз ұжымыма насихаттап жүремін. Соңғы кездегі мақалалардың ішінде терең ой салатын, жан-жақты талдау жасайтын өте жақсы материалдар баршылық. Газеттерден тек қана саяси емес, тарихи материалдарды да оқи алатынымыз көңілімізге қуаныш ұялатады. Бұл бағытта архивтік құжаттармен нақтыланған мақалалар жиі шы­ғып тұрса, жастар көп нәрсе­н­і білер еді, білуге құштарлық­та­ры артар еді. Сондай-ақ жас­тар мәселесін көбірек қозғап отырсаңыздар екен.

Газет атаулы – біздің тіліміз, айнамыз. Сондықтан барлық мәселе осы газеттер арқылы уақтылы және орынды көтерілсе, біздің жастарымыз ешқайда кетпейді. Жалпы, қай нәрсені қолға ала бастаса, сол нәрсеге жан біте бастайды. Байқасаңыздар, соңғы кездері дін мәселесі газет мақалаларына жиі арқау болғаннан кейін көшемізде дәстүрімізге жат үлгіде киінген адамдар да азайып келеді.

Тілекқабыл ИМАШЕВ, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы

– Біздің облыста журналистика саласындағы кәсіби мамандар тапшы. Сол себепті осы салаға ынта-ықыласы бар жастар үшін танымал журналистер шеберлік дәрістерін өткізгені жөн.

* * *

Оқу орындары атынан айтыл­ған ұсыныс-пікірлерге қатысты «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин болашақта мүмкіндігіне қарай айына бір немесе екі рет төрт бет көлемінде газетке қосымша шығару туралы ойын орта­ға салды. Осындай қадам арқылы барлық оқу орындарының ты­-
ныс-тіршілігін мейлінше қам­тып, атқарылған шаралар, студент­тер­дің жетістіктері немесе шешілуі тиіс мәселелердің жариялануын қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.

Жиын соңы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакция қызметкерлері үшін қуаныш­ты жағдайға ұласты. Қос газеттің бас редакторларына қызметтік көліктердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен салтанатты түрде табыс етті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті №46

Scroll to Top