Өткен аптада «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында облыс аумағындағы XVIII-ХХ ғасыр аралығындағы араб әліпбиімен жазылған құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесіне арналған жиын өтті. Басқосуда өткен жылы БҚО әкімінің жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысының қаулысына сәйкес аудан әкімдіктеріне жүктелген жұмыстардың орындалу барысы талқыланды.
Жиынға облыстың барлық ауданынан келген жұмыс топтарының өкілдері, тарихшылар мен зерттеушілер қатысты. Айта кетейік, өткен жылдың ақпан айынан бастау алған бұл игі шара көптің қолдауына ие болды. Алғашқы өткен басқосуларда «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы мен «Мирас» қоғамдық кеңесінің, облыстық мәдениет басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANA kaz» тарихи танымдық журналы өңіріміздегі XVIII-ХХ ғасыр аралығындағы араб әліпбиімен жазылған құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып, меморандумға қол қойған болатын.
Өңір аудандарында көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеу бойынша құрылған жұмыс топтарының көмегімен жыл ішінде бірқатар шаруа атқарылған. Әр аудандағы осы тақырыпқа ден қойып, зерттеп жүргендер жыл бойына атқарған істерін тізбектеп өтті. Сонымен қатар құлпытастарды зерттеу барысында кездескен деректерімен бөлісіп, ой-пікірлерін ортаға салды.
— Батыс Қазақстан облысында құлпытастар арқылы тариxты толықтыру бүгінде дұрыс жолға қойылып, бір жүйеге түсіп келеді. Облыс аумағындағы араб жазулы құлпытастардың саны мен сапасын түгел анықтап, қаттап, мәтінін аударып, ғылыми айналымға енгізу, жинақтарға және ғаламторға жариялау мақсатында атқарылған жұмыс аз емес. Әсіресе, Жаңақала, Қаратөбе, Зеленов аудандарында құлпытас зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын бүгінгі жиыннан байқап отырмыз. Басқа аудандарда осы жұмысты барынша ширату керек. Өткен жыл соңында облыс әкімдігі жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі кеңесі отырысында аудан әкімдіктеріне берілген нұсқаулыққа сәйкес жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Әрбір жергілікті әкімдік осы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне мүдделі болуы керек. Жаз шығып, күн жылынып келеді. Осы жылы да қолға алған игі бастаманы әрі қарай жалғап, күз айларында өтеді деп жоспарланған басқосуда аудандардағы әріптестеріміз мол деректер жинағымен келеді деген ойдамыз, — деді жиынды жүргізген «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин.
Құлпытастарды зерттеудің мән-маңызы жөнінде Қазбек Қабжанов пен Жәнібек Есмырзин өз ой-пікірлерін ортаға салса, қаратөбелік Нұрлан Меңешев пен жаңақалалық Мұратбек Жахатов осы бағыттағы нақты іс-тәжірибелерін тілге тиек етті.
Айта кетейік, ата-бабаның түпнұсқа төлқұжаты іспеттес құлпытастарды жазба дерек ретінде зерттеуде Жаңақала ауданында 700-дей, Қаратөбеде 362, тіпті құлпытас аз орналасқан деп есептелінген Зеленов ауданының өзінен алпыстан астам құлпытас табылған. Басқа аудандарда да бұл жұмыстар ширатылуда. Бұл көне құлпытастарды оқу арқылы арxив құжаттарына қосымша мол мәлімет қосылуда. Шығыстану институтымен бірлесіп экспедициялар ұйымдастырылып, жинақтар шығарылуда.
Нұрбек ОРАЗАЕВ