Жуырда өңірімізге Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу мақсатында 2015-2017 жылдар аралығын қамтитын «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы» атты ғылыми жобамен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары келді.
Олар өз жұмыстарын Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының маңындағы Мәулімберді қорымы, сондай-ақ оған жақын орналасқан өзге де көне қорымдардағы ескерткіштермен танысудан бастады. Далалық экспедицияның алғашқы күнінде бірқатар тарихи беделді тұлғалардың құлпытастарындағы араб қарпімен жазылған мәтіндер оқылды. Мәселен, ардагер Әленғали Керейтегінің жол бастауымен барған, Қызылжар ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 3 шақырымдай қашықтықта орналасқан Қарақоға қорымынан Сәңкібай Түменбайұлының, оның бәйбішесінің, сондай-ақ ел басқарған ұлы Өтебай Сәңкібай баласының, сол әулеттің өзге де жақын туыстарының құлпытастары табылды. Ким Ахметов құрастырған шежірелік деректе Сәңкібай Түменбайұлы — Бөкей сұлтанның қолбасы, Қалқаман Тананың батыры деп көрсетіледі. Өңірге белгілі тарихшы-ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, Өтебай Сәңкібайұлы ресми ел басқарушылық қызметке аты аңызға айналған атақты бай Есенгелді Жанмырзаұлының орнына тағайындалған. Ол туралы мұрағаттық құжаттар мол. Өтебай Сәңкібайұлының көрнекті құлпытасындағы араб қарпімен жазылған мәтінде «Тана руының Қалқаман тайфасы старшыны Өтебай Сәңкібайұғлы офат 71 жасында 1861 жылда бұны қойды ұлы Жалмұханбет мырза» делінген. Құлпытас бетінің жоғары жағында, яғни мәтін басында қазақ тіліндегі мағынасы «Өлім – кесе, әркім одан ішеді, қабір – қақпа, әркім одан кіреді» дегенге саятын арабша жазу бар. Құлпытастың қабір бетіне де бірнеше жол бәйіт жазылған.
Ғалымдар өңірімізде 11 күн бойына зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Зерттеуші топ мүшелері қатарында Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары — бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов және ғылыми қызметкер, арабтанушы Бағдат Дүйсеновпен бірге өз өңірімізден аталмыш жоба бойынша ғылыми қызметкер, далалық экспедициялардың ұйымдастырушысы Жантас Сафуллин, аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, ғылыми қызметкер, «Dana.kaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы, кіші ғылыми қызметкер, өлкетанушы Айболат Құрымбаев бар.
Зерттеу нәтижелері жаңа мәдени ескерткіштерді ашуға, халықтың рухани мәдениетіндегі олардың маңызын негіздеуге, жаңа туристік маршруттар желісін жетілдіруге өз көмегін береді деп күтілуде. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің базалық формаларының бірі ретінде Қазақстанның мәдени ескерткіштерін картаға түсіру ісі жүзеге асырылмақ. Жобаның негізгі нәтижесі – Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері бойынша үш тілде ғылыми жинақ басылымға дайындалмақ.
Қазіргі уақытта Әшірбек Мүмінов, Бағдат Дүйсенов және Қазбек Құттымұратұлы, Айболат Құрымбаев, Жәнібек Құттымұратұлы Мәулімберді, Қарақоға қорымдарындағы құлпытастарды суретке түсіріп, өлшемдерін алып, картасын жасап, араб әліпбиінен кириллицаға аудару жұмыстарымен айналысуда.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ