Тарихты білу, зерттеу не үшін керек? Менің ойымша, мұның ең басты екі негізі бар. Біріншіден, өткенімізді біліп, болашақты саралау үшін керек. Екіншіден, өткеніміздің жақсы жағын алып, болашақ ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін қажет. Туған жерінің тарихын терең білмей, елдің, әлемнің тарихын білем деу – қате. Әр адам өзі туып-өскен жерді елінің, әлемнің тарихымен байланыстыра зерделесе, оң болады.
Менің туған ауылым Егіндікөлдің маңында тарихи тамыры терең обалар өз зерттеушілерін күтуде. Соңғы кезде мемлекетіміз тарихты қайта зерделеуге аса мән беріп жатыр. Сондықтан бұл обалардың да сыры толық ашылатын күн де жақындаған болар. Кеңес үкіметі тұсында «Лебедевка қорымы» атауымен танылған, археологтар қазба жұмысын жүргізген бұл обалардың сарматтар кезеңіне жататынын бүгінде көпшілік түгілі, сол ауыл тұрғындарының өзі біле бермейді.
Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылының солтүстік бағытында обалар көптеп кездеседі. Бала кезімізде мал бағып жүріп, суық желде осы обаларды ықтасақ, жоғалтқан малымызды іздегенде үстіне мініп айналаны шолушы едік. Тарихтан бұл жер сарматтардың мекені болғанын, ал обалар сарматтардың жерленген зираттары екенін білетінбіз. Ал үлкендер «ертеректе бұл жерді алтын іздеушілер келіп қазған» – дейтін. Анам «1977 жылдары ауыл маңындағы обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Әкелерің археологтардың сұрауы бойынша әлденеше рет техникамен көмек берді. Мені де соның басына апарып, көрсеткен болатын» дейді.
Қазақта адам жерленген жердің үстін басуға болмайтынын бәрі біледі. Бірақ сарматтар қазіргі заманнан тым ерте, яғни осыдан 2000-2500 жыл бұрын өмір сүргендіктен бе, жергілікті халық қажетіне қарай обалардың үстіне мініп, ықтап, т.б. қаделеріне жаратып келеді. Бірақ көпшілік 1967, 1977-80 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары бойынша нақты не табылғандығын білмейді.
Былтыр қаламызда «Жайық өзені алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Осы шараға қатысып, баяндама жасаған Ресей ҒА Археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мошкова Марина Глебовна Сегізсай мен Егіндікөл ауылдарының арасындағы обаларда жүргізілген қазба жұмыстары туралы айтты. Уақыттың тығыздығына байланысты толыққанды айтуына мүмкіншілік болмай, баяндамасын қысқа қайырды. Конференциядан кейін ғалыммен жақынырақ танысып, туған жердің тарихына қатысты кеңірек мағлұмат алайын деген ниетпен Егіндікөл ауылының маңындағы сарматтар дәуіріне жататын обаларға қатысты әңгімелесуге өтініш білдірген едім. Ресей ғалымы өтінішімізді қабыл алып, туған жердің біз білмейтін талай сырын ақтарды. Сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.
– Марина Глебовна, Егіндікөл мен Сегізсай ауылдарының арасындағы сарматтар кезеңіне жататын обаларды зерттеу мәселесін алғаш көтерген және жұмыстанған кім?
– Менің білуімше, Григорий Иванович Багриков 1966-67 жылдары Егіндікөл және Сегізсай елді мекендерінің аралығында студенттермен практикада болған. Сол кезде алғаш зерттеген. Көптеген обаның ішінен кішкене және екі үлкен обаны қазып, жұмыс жүргізген. Олардан кейін біз 1969 жылы барлау жасап, педагогикалық ЖОО-мен келісім бойынша 1977 жылы қазба жұмыстарын жалғастырдық.
– Г.Багриковтың жүргізген жұмыстары нәтижелі болып па?
– Иә, бізге де бұл жерді зерттеуге келуге негіз болған Багриковтың жүргізген жұмыстарының нәтижесі бойынша жарияланған мақала. Онда кейінгі сарматтар кезеңіне жататын адам сүйектері және түрлі жәдігерлер табылғандығы айтылған. Соның ішінде аса қызықтысы – қатар орналасқан үлкен екі оба. Ол қазба жұмыстарын толық, ашып жазбаса да, аса қызықты жәдігерлердің табылғандығын жазған. Сондықтан сол бастаманы әрі қарай жалғастырып, тереңірек зерттеуге біз арнайы келісіммен келдік.
– Сіз ол кезде қандай қызмет атқардыңыз және қазба жұмыстарына кімдер қатысты?
– Мен ол кезде Ресей Ғылым Академиясының археология институтының ғылыми қызметкері, әлде тіпті кіші ғылыми қызметкерімін. Лаборанттарды санамағанда Мәскеуден басшы ретінде болған жалғыз мен және Орал педагогикалық институтының оқытушысы Борис Федорович Железчиков және сол институттың студенттері болды.
– Оқырманға түсінікті болу үшін сарматтар дәуірінің кезеңдерге бөлінуін нақтырық айтып берсеңіз?
– Сарматтар тарихы төрт кезеңге бөлінеді. Бірінші савроматтар кезеңі – б.д.д. VI-IV ғғ. Екінші ерте сармат кезеңі б.д.д. IV ғасырдан шамамен б.д.д. I ғасырдың ортасына дейін созылады. Үшінші орта сармат кезеңі б.д.д. I ғасырдың ортасынан б.д. II ғасырдың ортасына сәйкес келеді. Төртінші, кейінгі сармат кезеңі б.д. II ғасырдың ортасынан IV ғасырдың ортасына дейін келеді. Бұдан әрі ғұндар келіп, бәрін жайпап өткен.
– Сізге алыстан келіп жылма-жыл қазба жұмысын жүргізуге не себеп болды?
– Бұл жердің ерекшелігін 1969 жылы алдын ала зерттеу кезінде байқағанбыз. Мұнда соңғы сарматтар кезеңіне жататын зираттар кездеседі. Жалпы соврамат, ежелгі сармат, орта сармат кезеңдеріне жататын қорымдар көп, тек соңғы сарматтар кезеңі өте сирек еді. Бұл қорымның тағы бір аса ерекшелігі – совраматтар, ежелгі сарматтар және соңғы сарматтар кезеңдеріне жататын сүйектердің аса бай жәдігерлерімен табылуы. Тек орта сарматтар кезеңіне қатысты ештеңе болмады.
– Бұл жерде адамдар б.д.д. VI ғасырдан б.д. IV дейін, яғни 1000 (мың) жылдай тұрақты мекен еткен ғой?
– Тек орта сарматтар кезеңін қоспаса солай. Бұл мекен осымен де аса ерекшеленеді.
– Қазба жұмысын неден бастадыңыз?
– Алдымен қорымдағы обаларды орналасуына қарай 6 топқа бөлдік. Содан кейін ретімен қазба жұмыстарын бастадық.
– Сіздер қазбадан не таптыңыз?
– Көптеген дүние таптық. Бірақ екі ірі обадан Багриков тапқандай деңгейде кездеспеді. Ол жөнінде толығырақ әлі де айтамын. Міне, біздің қазбаларда түрлі айналар, сирек кездесетін сегіз қақпалы айна да болды. Римдік фибула, өзі түрлі-түсті, эмалі бар. Түрлі тұрмыстық заттарды қоспағанда басқа жерлерде өте сирек кездесетін қылыштың ағат алқымы (халцедоновый навершье, халцедон-қатты минералды тас, навершье-қылыштың сабының жоғары басы) табылды. Бұл ағат алқым жерленген адамның даңқты, мықты, ауқатты жауынгер болғандығын көрсетеді. Бұл – аса құнды жәдігер! Халцедон сапты семсер жерленген адамның байлық деңгейі мен батырлық мәртебесі аса жоғары екендігіне дәлел. Сабына кіргізу үшін ағат алқымының үстіңгі жағынан саңылау қалдырған және сабынан түсіп қалмау үшін оны әшекейленген шегемен ұстатқан. Шегенің бас жағы кәдімгі шегеге ұқсаған, бірақ оны да әдемілеуді ұмытпаған. Біздің қазбалардың бірінде кездескен халцедондық навершье жартылай адам, жартылай арыстан келбетінде жасалған, айналасы әйнекпен әшекейленген, суреті алтыннан жасалған.
– Сіз әңгіме арасында Г.Багриковтың тапқаны туралы сөз қозғадыңыз. Соған кеңірек тоқталып өтсеңіз?
– Өткен ғасырдың 1966-67 жылдарында Орал педагогикалық институтының оқытушысы Григорий Иванович Багриков Лебедевка (Сегізсай) мен Егіндікөл ауылдарының арасында орналасқан қорымды тауып, бірнеше шағын және екі үлкен обаны қазды. Сол екі үлкен оба тоналмаған болып шықты. Бұл – таңғаларлық жәйт, өйткені үлкен обалар алдымен тоналатыны баршаға белгілі. Бұл екі обаның да аман сақталуы тарихшы ғалымдар үшін үлкен олжа болды. Қатар тұрған екі үлкен обаның біреуінде ер адамның, ал екіншісінде әйелдің мәйіті табылған. Ер адамның зиратында бағаналы құрылыс, арқалық (перекрытие) болған. Антропологиясы жоқ, бас сүйектерді қайда жібергені белгісіз. Сол ер адамның моласында едәуір инвентарь, тіпті бай инвентарь табылған. Оның ішінен шыққан қос амфора бүгінгі күнге дейін кейінгі сармат кезеңіндегі оңтүстік Орал өңірі аймағында табылған бірегей амфора болады. Ол ашық түсті балшықтан жасалған кішіазиялық амфора. Олардың датасы б.д. алғашқы ғасырлары, дәлірек айтқанда, б.д. ІІ-ІІІ ғасырдың басы болып саналады. Оңтүстік Орал өңірінде табылған мұндай бұйым әзірге жалғыз. Бұрын оны мұражайда көргенмін, суретке өзім түсіріп алғанмын. Моланың екі бұрышында екі қуыс болды. Онда бір үлкен, бір шағын қола қазан және өте әдемі, өте сирек кездесетін, көз тартарлық тұтқасы бар құмыра табылды. Ыдыстар Иран жерінен әкелінген болу керек, мен олармен әлі жұмыстанған жоқпын. Оны шеттен әкелінген деп айтуға болады. Аса құнды нәрсенің бірі – найза, ол да кейінгі сармат кезеңінде кездеспейді. Оңтүстік Орал өңіріндегі ертелеу кезеңді алсақ, найзалар бірен-саран кездеседі. Ал мына зиратта екі найза болды. Найзаның сабы түгелімен жіңішке күміс лентамен оралған. Бұл менің көргенім емес, Багриков солай деп жазған. Және қыш ыдыс бұйымдар, пышақтар, темір үшаяқ (оның неге керегін білмедім), табынуға байланысты кішкене ыдыстар, діни шағын ыдыстар болған.
Екінші обадағы әйел зираты аса ерекше және өте құнды. Алтын моншақ, сырғалары әсем өрнектелген, киімі түгелімен алтын жапсырмаларымен көмкерілген. Жапсырмалары әр түрлі формада. Хрустальдан, әйнектен жасалған моншақтар да болды. Қою қызыл түсті рубин орналастырылған екі алтын ілмешек, күміс қасық, құмыра, шелек, түрлі ыдыс-аяқтар бар.
– Ол жерде жалпы қанша оба бар? Сіздер нешеуін қаздыңыздар?
– Оба өте көп. Менің ойымша, 150-ден асады. Бірақ ол обалар түрлі кезеңге жатады ғой. Тіпті бірнеше ғасырлық айырмашылықтар бар. Сондықтан кейбірі жермен-жексен болып кеткен болуы да ықтимал. Біз қазғандардың 51-і соңғы сарматтар кезеңіне жатады. Онда қазылмаған обалар әлі де көп.
– Қазба жұмыстарындағы жәдігерлердің ерекшеліктері қандай?
– Біріншіден, керамикалық бұйымдар көп болды. Бұлар менің ойымша батыстан, Дон өзенінің бойындағы Тана қаласынан әкелінген болуы керек. Екіншіден, 51 обаның көпшілігінде әскери, батыр ер адамдар көп болды. Олардың бәрінде ұзын қылыш болса, тек екеуінде ғана қанжар бар. Ұзын қылыштардың төрт-бесеуінде сабының алқымы ағат (халцедоновый навершье, халцедон-қатты минералды тас, навершье – қылыштың сабының жоғары басы) болды. Бұл ол жерде жерленген адамның жоғары мәртебелі екендігімен қатар, халық тұрмысының жақсы болғандығын көрсетеді. Оңтүстік Орал өңірінде соңғы сарматтар кезеңіне жататын қорымдар көп. Бірақ олардың ешқайсысынан алқымы ағат қылыш кездескен жоқ. Осыдан-ақ бұл жерді мекен еткен адамдарды көптеген ғасырлар бойы әрі батыр, әрі ауқатты халықтың өмір сүргенін көрсетеді.
Жылқыларды әдемі өмілдірікпен безендірген. Бұл ер адам жерленген үш обадан табылды. Біз басында қола жапсырмалардың не үшін пайдаланылғанын білмедік. Артынан ғалымдармен ақылдаса келе, олардың жылқыға арналған әшекей екенін білдік. Бұндай әшекеймен ақалтеке жылқылары безендірілген. Бізде ақалтеке болды ма? Білмеймін. Бірнеше ірі обада ер адамның жанынан тап осындай өмілдірік табылған. Ерекшелігі, олар күміспен көмкерілген. Мен еш жерден бұндай күміспен күптелген өмілдірікті кездестірмедім.
Сонымен қатар екі-үш ғибадатхана таптық. Бұлар жазықжерде орналасқан, 10-12 метрлік, едәуір кең дөңгелек алаңдар болды. Біз қазғанда, ол жерден тек керамика сынықтарын таптық. Мен оларды Мәскеуге алып кеттім. Д.Б.Шеллов деген мықты ғалым бұл керамиканы б.д. III ғасырдың басына жататындығын дәл айтты. Ерекшелігі, біз адам жерленген зираттардан құмыраларды өте сирек кездестірдік. Бұның сыры, құмыралардың көбі ғибадатханаларда болған екен.
– Әңгімеңізге рақмет.
Марина Глебовна 1967 жылы Г.Багриков қазба жұмыстары кезінде тапқан екі үлкен обаның аса құнды екендігін жоғарыда айтты. Осы екі қабірдің орналасуы туралы сызбаны ғалымнан алған болатынбыз. Айтылған әңгімелер түсінікті болу үшін назарларыңызға ұсынамын.
Сызба №1 Ер адамның қабірі
Лебедевка қорымының № 1 обасы. Диаметрі – 27 м, биіктігі 2 метрге жуық. Орталығындағы үйінді астында көлемі 3,2×2,5 м тік бұрышты қабір шұңқыры бар. Шұңқырдың төбесі жабылған, оны қабірдің периметрлері мен ортасына көмілген 12 баған тіреп тұр. Бағандардың ортадағы қатары қабір шұңқырын екі бөлікке бөледі. Жерленген адамның қаңқасы қабір шұңқырының батыс бөлігінде жатыр. Өлік басы солтүстікке қаратылып, шалқасынан жатқызылған. Бас жағына қырлы тұтқалары бар, мойны жіңішке үлкен құмыра қойылған. Сол жақ иығында темір ожау, темір орақ және ағаш қалдықтары сақталған найзаның темір ұңғылы ұшы жатыр. Оң жағында, аяғының жанында – ағаш қынды екі жүзі бар семсер. Семсер сабының алқымы дөңгелек ағатпен шектелген. Жерленген адамның киіміне жарты шар тәрізді алтын қаптамалар тігілген. Қабірдің шығыс жағынан ұңғылы темір ұшты найза, екі-екіден шеңберлі темір және күміс ауыздығы бар ат әбзелі, тоғалар мен жүген қаптармалары табылды. Ыдыстардан табылғаны – мыс қазан, түбі дөңгелек мыс саптыаяқ, мойны жіңішке, тұтқасы иілген мыс құмыра, оның төменгі бөлігіне Дионистің басы, ал ернеуінен шығып тұрған жоғарғы жағында ұзын тұмсықты құстар қоршаған күләпаралы әбжыланның басы бейнеленген.
Сызба № 2 әйел адамның қабірі
Лебедевка қорымындағы №2 оба. Диаметр – 21-22м, биіктігі – 1,45м.:
1– күміс шамдал, 2, 3, 4 – қола қазандар, 5 – қойдың сүйектері, 6 – қола қоңырау, 7 – темір қоңырау, 8 – күміс сүзгі, 9 – қола бақыраш (котелок), 10, 11, 17, 18 – керамикалық сауыттар, 12 – тас келсап (түйгіш), 13, 14 – қайрақ, 15 – ромб тәрізді таңамоншақ, 16 – құмыраның мыс тұтқасы, 19-21 – сауыттардың сынықтары, 22 – күміс қасық, 23 – алтын сырға, 24 – алтын салпыншақ, 25 – алтын V тәрізді жапсырмалар, 26 – алтын жапсырмалар мен пластиналар, 27 – моншақтар, 28 – саз, 29 – айнаның фрагменттері.
Қорымдардағы қазба жұмыстары табылған адамның сүйегімен қатар онымен бірге жерленген бұйымдардың саны мен сапасына да байланысты құнды болады. Себебі табылған заттардың бәрі сол заманның мәдениеті мен өркениетін, халықтың жағдайын білдіреді. Үлкен обадан табылған әйел адамның дүние-мүліктерінің ішіндегі алтын бұйымдардың саны мен сапасы таңғалдырды. Негізгі дені үстіндегі киімдерге жапсырылған түрлі формадағы жапсырма алтындар. 1967 жылы жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлерді Г.Багриков Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған екен. Алтынның сапасы да өте жоғары, сынамалары 900 және 950. Енді табылған әшекейдің санына назар аударыңыз. Жартылай доға түрінде, қуыс, артқы жағында тігуге арналған ілмегі бар жапсырма – 207 дана. (сынама 900). Жартылай доға тәрізді, тегіс фигуралық, тамшы тәрізді, тігуге арналған үш тесігі бар жапсырма – 83 дана (сынама 900). Үшбұрыш тәрізді, үрілген жапсырма – 130 дана (сынама 900). Айшық түрінде, төменгі бөлігі үрілген, тастармен безендірілген сырға – 2 дана (сынама 900).
Осыншалықты алтын жапсырма бір әйел адамның үстінде тігілген болса, бұл да алтын адам болмай ма?