Бүгін «Атамекен» өнер ордасында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай конференция өтті. Конференцияны «Дана» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жантас Сафуллин жүргізді.
«АMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев өңір бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмір жолын өскелең ұрпаққа таныстыру бағытында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Экраннан өткенді жаңғыртуға негізделген игі бастамалар қамтылған бейнебаяндар көрсетіліп, шара қатысушылары арнайы жасақталған көрмемен танысты.

– ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Біз екі үлкен қасіретті бастан кешкен халықпыз: бірі – ашаршылық, бірі – қуғын-сүргін. Саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Мыржақып Дулатұлы, Халел, Жаханша Досмұхаметовтар, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұстафа Шоқай, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақ ұлтының зиялылары бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихымызды түгендеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет екенін жеткізді. Ол «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз!» деген болатын. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін құрбандарды мәңгі есте қалдыру үшін ақпараттық-идеологиялық жұмыстар іске асып, қоғамдық-саяси шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді, – деген Азамат Сафималиұлы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» атты 33 томдық кітап жөнінде де айтып өтті.

Өз кезегінде Жәңгір хат атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров «ХХ ғ. 20–50 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: аяқтау кезеңдері, жаңаша зерттеу мәселелері» тақырыбында баяндама оқыды. «Нарын қасіреті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хайролла Сабыров пен Саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Жұмаділлә Садықинұлы да осы тақырып төңірегінде ой өрбітті. Конференцияның басқа да қатысушылары ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz