Рухты көтеріп, елсүйерлікті жаныған үш күн

Қазақ мемлекеттілігінің, тарихымыздың, рухымыздың тойы – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы даламызды дүбірлете аталып өтілуде. Қазағымыз ел болып тойлайтын ұлы мерекенің Бөкей ордасындағы Хан ордасы ауылында басталуында үлкен мән жатыр.

Бұл тойдың халықтық сипатқа ие болуы үшін оның көрермені болу жеткіліксіз, қоғамның әр мүшесі белсенді қатысушысы болуы шарт. Бөкей ордасындағы тойдың алдында «Жайық Пресс» ЖШС мен «DANA.kaz» журналы мерекенің құрметіне автошеру ұйымдастыру туралы бастама көтеруін БҚО  әкімдігі,  «Нұр  Отан»  партиясының  облыстық  филиалы  және  жекелеген  азаматтар  қызу  қолдауы – мейрамның сән-салтанатын одан сайын күшейткен іс-шара болды.

Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне Орал қаласынан шамамен 550 шақырым жерде орналасқан Хан ордасына автошеру жасау жобасы, мақсат-шарттары, жүретін жолы ұйымдастырушылар тарапынан мұқият ойластырылған соң әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Мақсаты – Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Жайық пен Еділдің арасында Қазақ елінің көк туын желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп салтанатпен жүріп өтіп осынау ұлы тойға үлес қосу еді. Ал шарты – қатысуға ықыласты адамдардың сапар шығынын өздері көтеруі және көліктің жол талғамайтын биік болуы. Көліктің мұндай түрі, бір жағынан, керуеннің көрер көзге көріктілігін көздесе, екінші жағынан, сапардың басым бөлігі жолсызбен, құмды өлкемен өтетіндігі ескерілді. Нәтижесінде аталмыш талапқа жауап беретін 9 автокөлікпен отыздан астам адам сапарға шықты. Автошеру қатысушыларын тарихшылар, өлкетанушылар, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер сияқты түрлі әлеуметтік топ пен кәсіп иелері құрады. Автошеруді жергілікті билік, «Нұр Отан» партиясы да қолдады.

Қадыр  Мырза Әлі  атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығынан  тізгін  қаққан  автошерушілерге  танымал  өлкетанушы  Жайсаң  Ақбай  ақсақал  ақ  батасын  берді.

Көлік керуені Әбілқайыр хан, Сырым Датұлы, Жәңгір хан, Еуразия, Достық даңғылдарымен, Махамбет ақын, Жаһанша Досмұхамедов атындағы оқу орындарының алдымен жүріп өтіп, Хан тоғайына арнайы атбасын тіреді.   Бұл  жерге  әдейілеп  келген  Орал  қаласының  әкімі  Алтай  Көлгінов  автошеруге  қатысушыларды  Қазақ  хандығының  550 жылдығымен  құттықтап,  сапарларына  ақ жол тіледі. 

– Орал – талай тарихқа куә болған өте көне қала. Хан тоғайы – 1812 жылы Бөкейдің, 1824 жылы Жәңгірдің ұлықтауы, хан көтерілу салтанаты өткен жер. Бұл атамекенді еділ қалмақтарынан қорғаған Әбілқайыр ханның «Жайық кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ бұл жерін тастап ешқайда кетпейді» деген сөзі бар. Сол сөзді мирас еткен ұрпағы Бөкейдің тарихымыздағы орны ерекше. 1797 жылғы Есім ханның өлімінен кейін хан сайлануға кіші жүз руларының толық қолдауына ие болған Бөкейді Патша үкіметі хан сайлаған жоқ. 1805 жылғы Айшуақтың орнына Жантөрені хан сайлау кезінде де Бөкей халық қолдауына ие болды. 1801 жылы Ішкі ордаға бет бұрып, Бөкей ордасының негізін салды. Ішкі орда – Қазақ хандығының соңғы мұрагері саналатын мемлекеттік құрылым. Тап осы Хан тоғайындағы Кіші жүздің игі жақсылары жиналып, Бөкей ақ киізге көтеріліп хан сайланған ресми жиында патша үкіметі империялық саясатының күшін көрсету үшін 12 дүркін зеңбірек атқан. Жәңгірдің тап осы жердегі хан көтерілуіне де 420-дай сұлтан, би, старшын қатысып, үлкен жиын өткен. Осындай тарихи орынды ұрпаққа насихаттау үшін ескерткіш белгі орнату қажет. Орыстың ақын-жазушыларының ХІХ ғасырда Оралмен жүріп өткен жерлерінде ескерткіштер бар да, хандарымыз ұлықталған, ел билеген тұлғаларымыздың табаны тиген жерінде еш белгі болмауы өкінішті. Бұл мәселе биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығында ескерусіз қалмауы тиіс. Сондай-ақ осы жылы Бөкейдің дүниеден өткеніне 200 жыл, алдағы жылы Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл толмақ, – деді Хан тоғайында тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин.

Кезінде отаршыл империяның зеңбірегі жаңғырықтырған Хан тоғайында жыр-терме, домбыра үнін әуелеткен, патриоттық әндермен дүрілдеткен автошеру Жайық қалашығына соқты. Одан кейін Зеленов ауданының Щапов ауылына ат басын тіреді. Автошеруді ауыл халқы салтанатпен шашу шашып қарсы алды. Аудан әкімі Кәрім Жақыпов бастаманың маңыздылығына тоқталып, шараны келешек ұрпақ үшін маңызды екендігіне тоқталды. Жиналған халықты құттықтаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ауданда қазақтың белгілі батыр-билерінің қорымдары көптеп жатқанын, бұл ежелгі бабалар мекені екенін дәлелдейтінін айта келіп, мектеп оқушыларына хандарымыздың суреттері бейнеленген дәптерлерді сыйға тартты. Зеленов аудандық мәслихатының депутаты, «Ауыл тынысы» аудандық газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыр осындағы жер-су аттарын қазақыландыру сынды ономастикалық мәселелердің маңыздылығына тоқталды.

– Қазақтың жоғын жоқтап, 1918 жылы өздерінің мемлекетін құрған Алаш қайраткерлері еді. Батыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедұлы студент кезінде-ақ қазақ хандығы жөнінде зерттеу еңбектерін жазған. Бір еңбегі Мәскеу қаласының мұрағатынан табылды. «Несколько слов о обычном праве и народном суде» деген еңбегін үш газетке басқан. Сонда «Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасты. Оның негізгі заңы болды. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дала конституциясы деуге лайық» деп көрсетті. Қазақ мемлекеттілігінің мерекесі құтты болсын! Тарихымызды екшейтін ұрпағымыз аман болсын, – деді тарихшы ғалым Дәметкен Сүлейменова.

Жұбан елі Ақжайық ауданына аялдаған автошерушілерді бұл жердің тұрғындары да ыстық ықы-ласпен күтіп алды. Аудан орталығы Чапаев ауылының басты көшелерімен ұрандата жүрген авто-керуенді көруге Жұбан ақын алаңына еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін жиналды. Аудан әкімі Әділ Жоламанов шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, ақ жол тіледі. Кейін автошеруге қатысушы, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев сөз алып, «Үнді көсемі Джавахарлал Нерудың қызына жазған хаты бар. Онда «Егер біз тарихымызды біле бастасақ, көтеріле бастайтын едік. Сондықтан отаршылдар біздің тарихымызды жаздырмауға тырысты. Отар болған елдің тарихын қашан да отарлаушылар жазады» деген. Біз де бірнеше ғасыр бодандықта, езгіде болған елміз. Біз ұлттық тарихи сананы жаңғыртуымыз қажет», – деді. Тарихшының терең әңгімесіне халық ұзақ қошемет көрсетті. Жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалап, «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп кеңестік кезеңде жас қазаққа ой салған Жұбан ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойған керуен Жаңақала ауданын бетке алды.

Күй астанасы Қамыс-Самар елінде автошеру Мәмен Мұратұлы мен Тұяқберді Шәмелов күйшілердің кесенелеріне арнайы аялдап, рухтарына Құран бағыштады. Жаңақалалықтар да көк Туды желбіреткен көлік керуенін шашумен қарсы алды. Аудан орталығының басты көшелерімен шерулетіп, «Тастөбе» шайқасы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштерге тәу еткен автошеру орталық алаңда елмен жүздесті. Аудан әкімі Лавр Хайретденов ұлы мерекені ұлықтау мақсатында жолға шыққан жандарға аудан халқы атынан ақ жол тіледі. Алаңдағы жиында әйгілі композитор Ілия Жақанов: «Сонау Арқада тусам да түбімнің Кіші жүз екенін білген соң, 1981 жылы Мұрат ақынның «Еділді келіп алғаны – Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – Жағаға қолды салғаны» деп басталатын жырынан оқып, әсерленіп, өмірімде көрмеген атамекен Еділ-Жайық жайлы ән шығарғанмын. Ұрпақ біз көрген соғыс жылдарының қиындығын көрмесін. Елдің еңсесін, рухын көтеретін осындай шерулер Қазақстанның барлық аймағында болса ғой.

Хан ордасы ауылына жеткен керуен алдымен Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының, көрнекті өлкетанушы ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелеріне барып, рухтарына Құран бағыштады. Кейін автошерушілер Хан сарайының алдына жиналған халықпен жүздесті. Аудан әкімі «Қош келдің» айтқан соң шеру ұйымдастырушысы Жантас Сафуллин Орынбор қаласынан табылған 1811 жылғы кіші жүз старшындары мен жүзбасылары қол қойған құнды құжат көшірмесін мұражайға тарту етті.

– 20 ғасырдың басында Ғұмар Қараш бабамыз «Әр істе қазақ исінің аңқығанын түбінде көзімізбен көреміз бе?» деген еді. Міне, біз сол бабаларымыздың аңсаған арманына жетіп отырмыз. Ендігі уақытта осыны көздің қарашығындай сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттауымыз керек. Осы жерге 550 шақырым жол жүріп келген автошерушілер атынан Қазақ хандығының 550 жылдығымен бөкейорладықтарды, жиналған жұртшылықты құттықтаймын!

Елбасымыз Ұлытауда Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде атап өту турасында бастама көтерген кезде барлық исі қазақтың қуанғаны айқын. Бұл мерейтойдың республика көлемінде Бөкей ордасынан басталуы – бұл тарихи әділеттілік. Елбасының тағы бір көрегенділігі. Еділ мен Жайықтың арасы – қазақтың алтын бесігі. Осы жерді билеген хандар, оларға қолдау білдірген қараша халық бұл мекенді сақтап қалды. Соның арқасында емен-жарқын өмір сүрудеміз. Біздің бәріміздің мойнымызда аманат бар. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ол аманат – ата-бабамыздың алтын бесігі, қазақ жері. Оны келер ұрпаққа табыстау қасиетті парызымыз, мерейлі міндетіміз, – деп әріден толғаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллиннің сөзінде де терең мағына жатты.

Одан кейін Хан ордасы ауылын ұрандата аралаған автошеру ат басын 1917-1918 жылдары шыққан «Ұран» газетінің баспаханасы болған үйге бұрды. Ол жерде «Дана.kaz» тарихи танымдық журналының бас редакторы Қазбек Қабжанов жиналғандарды баспасөз және «Ұран» газетінің тарихымен таныстырды. Одан соң хан тоғайына барған автошерушілер өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың Бөкей ордасы, Жәңгір хан туралы тарихи әңгімесін тыңдады.

Автошеру қатысушылары Ордадағы мереке қызықтарынан құр қалмай, республикалық ақындар айтысын, кешкісін өңіріміздің барлық аудандарынан келген өнерпаздар концертін, мерекелік отшашуды тамашалады. Келесі күні айтулы мерекеге орай құрылған ақшаңқан киіз үйден бой көтерген ауылды аралап, қазақ күресі, теңге алу, қыз қуу, аламан бәйге сынды дала қызықтары мен қазақ тарихы туралы театрландырылған қойылымды көрді. Автошеру құрамындағы тарихшы ғалымдар Хан ордасы ауылында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Берді-бек Сапарбаев, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Ордадағы дүбірлі думаннан соң айтулы мерекені ұлықтауды жалғастырған автошеру Жәнібек ауданы аумағымен өтіп, Қазталов ауданына аялдады. Керуенді Тереңкөл ауылы маңынан қазталовтық өрендер қарсы алды. Әдеттегідей аудан орталығының басты көшелерімен ұрандата жүріп, «Дос-тық» саябағына тоқтады. Ыстық ықыласпен қарсы алған қазталовтық ағайын атынан аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр ризашылығын білдіріп, кездесу Жайсаң Ақбай, Жантас Набиоллаұлы мен Жаңабек Жақсығалиевтардың қазақтың терең тарихынан сыр шертер әңгімелеріне ұласты.

Автошерудің соңғы аялдамасы болған Жалпақтал елді мекенінде азаттықтың ақ таңын аңсап, астыртын да белсенді әрекет еткен «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымына (жетекшісі Ғұбай-долла Әнесов) қойылған ескерткіш алдында тарихшы Жаңабек Жақсығалиев бұл ұйымның мән-маңызы жайлы әңгіме қозғай отырып, азаттық жолында өздерін құрбандыққа шалған жалынды жастардың ісін әлі де кеңірек насихаттау, құрмет көрсету, олар лайық тиісті дәрежеге көтеру керектігі жайлы тілек-ұсынысымен бөлісті.

*    *     *

Автошеру өз мақсатына жетті десек болады. Басты мақсаты сәтті орындалды – автошеру жүріп өткен жерлердің халқы жақсы әсер алды. Рухтанды. Алаңдардағы кездесулерге мыңдаған тұрғын атсалысып, тарихымыздың тойын шын мәніндегі халықтық мерекеге айналдырды. Әсіресе, жас буынның есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені халықпен кездесулерде тарихшыларымыз, өлкетанушыларымыз елдікті тарихпен терең байланыстыра мағыналы әңгімелер айтты. Көптеген ұсыныстар да биліктің назарына ілікті. Мәселен, алғашқы аялдама – Хан тоғайында тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «бір емес қос ханды ұлықтау рәсімі өткен бұл жерде бір ескерткіш белгі тұруы керек» деген пікірі.

Экспедиция мүшелері Хан ордасы ауылындағы 1917-1918 жылдары шыққан “Ұран” газетінің баспаxанасы болған үйге ат басын бұрды. Бұл – кезінде Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарыбаев сынды азаматтар еңбек еткен қастерлі мекен. Ұлылардың алақандарының табы қалған есік тұтқалары, табандары тиген еден қаз қалпында сақтаулы, өзгертілмеген. Қазіргі үй иесі -1917 жылы баспахана қызметкері болған Абдолла Денгизбаевтың немересі Рафаэль Денгизбаев. Үйдің сыртындағы тақтайшада «Бұл үйде 1919 жылы тұңғыш қазақ совет баспаханасы орналасқан» деп жазылып тұр. Автошеру мүшелері бұл қателікті түзеп, өз күштерімен жаңа тақтайша орнататын болып шешім қабылдады.

Автошеру жүріп өткен жолындағы кездесулер мен отырыстар терме-күй төккен Фархад Оразов сынды талантты жандардың арқасында тіпті құлпырды. Автошеру құрамындағы тілшілер мен блогерлер жолшыбай сапар жайлы сайттарға, әлеуметтік желілерге шұғыл ақпарат жіберіп отырды. Сол арқылы Қазақ хандығының тойын батысқазақстандықтар қалай атап өтіп жатқанын айдай әлемге паш етті. Автошеруші азаматтар үш күн бойы қолдарынан көк Туымызды тастамады. Полиция қызметкерлері Оралдың ішінен бастап үш күн бойы керуенді бастап жүрді. Сол барлық ұлтжанды азаматтарға алғыс айтамыз.

Мемлекетшіл азаматтардың бір жерде бас қосып, жүздесуіне мүмкіндік сыйлаған автошеруде бұрын бірін-бірі біліңкіремеген жандарды 3 күн бірге жүргізіп, ортақ іске бір кісідей жұмылдырған – тек қана Отанға деген құрмет. Рух көтерер сөздері мен әндерін дыбыс ұлғайтқышпен әуелете төккен автошеру өткен кезде үйлерінен жүгіріп шығып, көлікпен қабаттаса жүгірген балдырғандардың жана-рындағы қуанышты көрдік. Сол кішкене жүректерге от беріп, олардан келешекте мықты елсүйер азаматтар шығып жатса – бұл шерудің сапарға текке шықпағаны. Автошеруге қол бұлғаған халық арасындағы қариялардан – байсалдылықты, елдің бүгінгі күйіне шүкіршілікті, жастардан сенімді көрдік. Желбіреген көк Туды көргендегі күлімсіреген қуанышты қазақтың жүзінен – аттандамай-ақ елді іштей шексіз сүйетін елшілдігін сезіндік. Уайымсыз тыныш елді көріп, тәубе дедік. Рух көтерілді. Иә, шынымен де бұл той – қазақ рухының тойы.

Нұрлыбек РАХМАНОВ

Scroll to Top