Бейсенбі күні Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің алқа мүшелері студент жастармен кездесті.
– Газет оқыған адамның ой-өресі жоғары болатыны белгілі. Бұл бағыттағы тәрбие негізінен отбасында қалыптасады. Яғни ата-анасының, бауырларының газет оқығанын көрген бала да қолына үнпарақты алады. Газеттеріміздің сіздер секілді студент жастарға берері көп. Мәселен, біздің қос басылым да әлемде, елде, облыста болып жатқан жаңалықтар тұрақты түрде жазылады. Халықтың, соның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, олардың облысымызда жүзеге асуы туралы сараптамалық мақалалар жарық көреді. Сонымен қатар дін мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бүгінгі таңда жастардың өмірінде діннің алар орны үлкен. Соған орай жастардың діни сауатын көтеру үшін осы салада тер төгіп жүрген ғалымдардың еңбектерін шығарудамыз. Өлкеміздің тарихына қатысты мақала да аз емес. Жалпы алғанда, басылымдарымызда үлкенге де, кішіге де ой салатын материалдар жеткілікті. Қазір жастар ұялы телефондарына бірлік салу үшін немесе түнгі клубтарға, басқа да көңіл көтеру орындарына бару үшін ақша шығарады. Ал кітап алуға, газетке жазылуға келгенде қаржысын қимай қалады. Республикалық, облыстық 3-4 газетке жазылуға орта есеппен 5-6 мыңтеңге кетеді. Енді ойлап қараңызшы, мұндай ақшаны қыдырып, біркеште жойған дұрыс па, әлде жарты жыл бойы газет оқып, рухани тұрғыдан байығанымыз жөнбе, – деді жиынды ашқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
Сонан соң «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері бас редакторларының орынбасарлары Есенжол Қыстаубаев, Қалиолла Қарағойшин, арнаулы тілші Қазбек Құттымұратұлы басылымдардың кешегісі, бүгінгісі және болашағы турасында ой өрбітсе, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ «Қасымнан қалған сөз» атты өлеңін оқыды.
Кездесу барысында газет тарихына, оның алғашқы шығарушыларына арналған деректі фильм көрсетілді. Бұдан кейін сөз алған БҚМУ-дың 2-курс студенті Жанерке Бақтығалиева, БҚГА-ның 1-курс студенті Гауһар Мұратова, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Алтынай Бақытжанова және өзге де студенттер бұл кештен ерекше әсер алғандарын, облыстық басылымдарды оқып тұратындарын, студенттік өмір турасындағы мақалаларды жиі көргісі келетіндерін айтты.
Шара соңында ұшқыр ойымен, әсерлі сөзімен, газетке деген ықыласы мен ерекшеленген жастарға «Орал өңірі» мен «Приуралье» басылымдарының 95 жылдығына орай шығарылған «Қос газеттің тарихы», «Жайық журналистері» кітаптары табысталды.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,
“Орал өңірі” газеті