«Әркім де өз ата-тегін білуі тиіс» – дейді философ ақын, ағартушы Ғұмар Қараштың немересі Надежда Бұрханқызы

Өткен жылы Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараш­тың туған немересі Надежда Қарашевамен болған сұхбат еліміздің көптеген ақпарат құралдарында жарияланған еді. Мәнді де мазмұнды әңгіме көпшілік оқырмандарды қызықтырғаны рас. Жақында газетіміз­ге жеті ата жөнінде мақала жарияланған болатын. Осыған бай­ла­ныс­ты асылдың сынығы, текті баба­мыз­дың немере­сіне осы мәселеге қатысты сұрақтарды интер­нет арқылы жібергенбіз. Көп кідірмей жауап та келді. Интернет арқылы болған шағын сұхбатымызды назарла­рыңызға ұсынамыз. 

Надежда Бұрханқызы Қарашева – Ғұмар Қараштың туған немересі. 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Алматыда орыс орта мектебін алтын медальмен, 1953 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмамдаған. 1953-1962 жылдар аралығында Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында қызмет еткен және осында «ХХ ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы ма­териалдар бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссерта­циясын қорғаған. 1963 жылдан бүгінге дейін Мәскеу қаласында тұрады. Қазір Ресей Білім академиясының филологиялық орта­лығында ғылыми хатшы болып қызмет істейді. Тіл мәселеле­рі, тілді оқыту әдістемелері тақырыптарында жарияланған 120-дан аса еңбектің авторы. Екі қызы, бір жиені бар.

– Мәскеуге не себепті қоныс аудардыңыз?

– 1962 жылдан бастап күйе­уімнің жұмысына байланысты Мәскеуге көштік. Содан бері ал­пыс жылдай осы Мәскеуде тұра­мын.

– Атаңыздың мұрасын зерттеп, насихаттау бағы­тын­да қан­­дай іс тындыр­ды­ңыз?

– Әкем Бұрхан жастайымыз­дан атамыз туралы көп айтқыза бермейтін. Оның шығармала­-­рын мектеп оқулықтарынан алып тастағанда, «Кім алдырса да, уақыты келгенде өздері қал­пы­на келтіреді. Бірақ сендер ара­ласпаңдар» деуші еді. Сон­дық­тан жасымда атамның мұра­сымен көп таныс болмадым.

1960-70 жылдары, саяси жа­ғынан ақталған соң Ғұмар Қа­раштың өмірі мен шығарма­шы­лығы туралы қазақстандық бас­пасөзде жекелеген еңбектер жа­рық көрді. Олардың бә­рі қа­зақ тілінде болатын. Бірақ рес­публиканың көпұлт­ты жұрт­шы­лығы, соның ішінде орыс­ тіл­ді зиялы қауым мен жас­тар жа­ғы ақынның тұлғасы­нан да, мұ­расынан да хабарсыз қал­ды. Ақынның 1917 жылға де­йін жаз­ғандары араб әрпінде бол­ған­дығы да қиындық туғызды.

Ақын, ойшыл, публицист жә­не қоғам қайраткері Ғұмар Қа­раш­тың туған немересі ретінде мен атамның мұрасын орыс ті­лінде таныстыру үшін 2011 жы­­лы шағын кітап дайындап шы­ғардым. («Гумар Карашев. Ли­тературно-биографический очерк». – Алматы, 2011 ., – 81 с.). Мұнда ақынның өмірбаяны, өлең­дері мен прозалық шығар­ма­лары, пәлсапалық тұжырым­дары, мақалалары, фольк­лор­лық шығармалары топтастырыл­ды. Бұл – қысқа да болса ақын өмірі мен шығармашылығы жө­нінде орыс тілінде жинақтал­ған тұңғыш еңбек. Ол Ғ.Қараш ең­­бек­терін орыс тіліне, әлемнің басқа да тілдеріне аударып, әлемдік мәдениет мұрасына қо­судың басы болса игі еді.

– Қазақтың жеті атасын бі­лу қағидасын қолдайсыз ба?

– Көптеген өзге ұлттар секілді, қазақтар да өзінің жеті атасын жетік білуді парыз санайды. Бұл мәселе мені де жас кезімнен мазалаған. Сөйтіп, Алматы­да көзі тірі қариялардан, алыс-жақын туыстарымнан мә­лі­мет жинай бастадым. Әсіресе, Ғұ­мар Әжікеевтен (менің анам Фа­­тиманың ағасы, «Қазанқұ­лақ-Әжікей-Иқсан» тарма­ғынан), Ғұ­­мар Қараштың үлкен ұлы Басыр мен оның әйелі Тәнзиладан (апайдың жады ерекше еді) көп ақпарат алдым. Кейінірек менің деректерімді Мұстафа Ыс­­ма­ғұлов (беріш) пен Гүл­жау Қы­­дырғалиева (Ғұмар Қараштың Жанарыстаннан туған немере­сі, Оразақай руынан) бі­раз то­лықтырды. Олар өз қызығушы­лығымен ақын туған өңір­ге қай­та-қайта барып, заман­дас­тары­ның естелігін жинаған, ақын тағдырының көпке белгісіз кейбір көлеңкелі тұстарын толық­тырған жандар еді.

Осы мәліметтер негізінде мен өзімнің жеті атама дейінгі ше­жіремді жазып шықтым. Әрине, оның ақиқаттығы күмәнсіз деу­ге келмес. Анығын Алла біледі ғой. Осы шежірені барлық туыс­тарыма жолдап, толықтыруды өтінгенмін. Өз ойымша, әркім де өз ата-тегін білуі тиіс, «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» демей ме қазақ?!

– Қазақстанда Ғұмар Қараш­тың насихатталуына кө­ңі­ліңіз тола ма?

– Ғұмар Қараштың өмірі мен әдеби мұрасы толық зерттелді деуге ерте. Ақын мұрасы­ның ақ­талғанына небәрі 30-40 жыл болды ғой. Соңғы жылдары ма­қалалар жарияланып, та­­қы­­рыптық зерттеулер жүргі­­зілуде. «Замана» жинағы шық­ты. Әсі­ресе, ақынның туған өңі­рінде, яғни Батыс Қазақстанда біраз іс тындырылды. Орал қаласын­да көшеге есімі берілді, туған жерінде ескерткіш орнатылды. Қа­зақтың тұң­ғыш басылы­мы – «Қазақстан» газетінің 100 жыл­дығына орай керемет жи­нақ шықты. Жинақ­та газетті шы­ғарушылар, соның ішінде Ғ.Қа­раш туралы да деректер бар. Тарихи-танымдық «DANA.kaz» журналының шыға бастауы да Ақ Жайық өлкесі­нің өткені мен бүгінін тануға қыз­­мет етеді. Батыс Қазақстан облысының Қаз­талов ауданында Ғұмар Қа­раш атында мектеп-гимназия ашылып, ескерткіш ашылды. Қазақ халқының ұлт­тық мәдениетінде­гі Ғұмар Қа­раштың орны мен рө­ліне қа­тысты қалалық жә­не ау­дандық семинарлар, көрме­лер, мектеп байқаулары мен конфе­ренциялар  өтіп жатқанын  естиміз.

Ғұмар Қараш қамтыған та­қы­рып аясы өте үлкен, онда поэзиядан бөлек, ұлттық мә­де­ниет, оқу-ағарту, философия, дін, пе­дагогика, публицистика, құқық, отырықшы тұрмыс, медици­на, қазақ қоғамындағы әйел­дің жағ­дайы, ана тілі, т.с.с. тақы­рып­тар қамтылған. Ақын­ның көп шығармасы күні бүгін­ге дейін терең зерттелген жоқ, оның қа­зақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі әлі то­лық ба­ғасын алған жоқ. Өзге тіл­дерге аударылмады. Осының бәрі ғұ­­мартанушылардың алдында әлі көп жұмыс тұрғанын көр­сетеді.

– Өзіңіз тікелей ұрпағы ре­тінде атаңыздың еңбегін қан­дай деңгейде бағалайсыз?

– Ғалым Есмағамбет Ысма­йы­лов: «Ғұмар – Абайдан ке­йін­гі дәуірде, ХХ ғасырдың ба­сындағы қазақ әдебиетінде ір­гелі орын алатын ірі классик ақын, қазақтың жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдебиет ті­лін қалыптастыруда Ғұмардың тарихи еңбегі ерекше. Ғұмар – үлкен суретші, шебер, көркем сөздің ұстасы» деп бағалаған. Осы әділ баға деп есептеймін және қуаттаймын.

– 95 жылдық тарихы бар об­лыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері сіздің атаңыздың осы газеттердің бас­тауында болғанын мақтан етеді. Сонымен қатар өңі­рі­­мізде ақпарат айдынына жа­ңадан «DANA.kaz» журналы қо­сылғанынан хабардарсыз. Сәуір айындағы нөмірі Ғұмар Қарашқа арналған еді. Пі­кі­ріңіз қалай?

– Әрине, көпшілік атамның атқарған істерін толық біле бермейді. Себебі оның еңбектері де репрессияға ұшырағаны белгі­лі. Атамның атында үлкен бай­қау ұйымдастырып, мазмұнды шаралар өткізіп жатқандары­ңызға ризамын.

Сіздер бандерольмен жіберген «DANA.kaz» журналының осыған дейін шыққан үш нөмірін алдым, толық таныстым. Туған өлке тарихын, соның ішінде Ғұ­мар Қараштың әдеби мұра­сын насихаттап отырған істері­ңізге ризамын.

Өз басым «DANA.kaz» жур­на­лының шығуын құптаймын. Оның үстіне Ғұмар Қараштың шөпшегі, менің немеремнің есі­мі де Дана ғой! Журналдың қа­­ға­зы өте сапалы, фотолары­ның бояуы қанық, ең бастысы – Ақ Жайық өңірінің өткені мен бүгініне қатысты мәнді де ма­ғыналы мақалалары мол! Сон­­дықтан мұндай журнал өсіп өр­кендей берсін, оқырманы көп болғай! Алыста жүрген мені де ұмыт­пай, ескергендеріңізге мың рақ­мет.

Scroll to Top