Сейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қос басылымда әр жылдары қызмет жасаған журналистер бас қосты.
Ең алдымен олар «Жайық Пресс» медиахолдингінің әр қабатындағы фотокөрмені және бесінші қабатта орналасқан баспасөз тарихын зерттеу орталығының музейін тамашалады. Газет тарихын қамтыған 60-қа жуық суреттің сырына үңілген экс әріптестер музейдегі көне газет нөмірлері, қолжазбалар, қос басылымда еңбек еткен қызметкерлердің ұстаған бұйымдары мен өзге де жәдігерлердің тарихы туралы мәліметтерге қанықты. Әп-сәттен-ақ арқа-жарқа көңілмен басталып, еркін форматта өткен шарада әдемі естеліктерге кезек берілді. Ақ дастархан басында бас қосып, өздері қызмет жасаған сол кезеңдерді еске алған журналистердің қатарында Тихон Әліпқалиев, Фазылғали Мұштанов, Сергей Аблаев, Қоблан Қуанов, Федор Попов, Тамара Шабаренина, Ярослав Кулик, Қадырхан Наукиевтер бар.
Олардың бәрі де ғасыр толы тарихы бар іргелі басылымда қызмет жасаған кездерін сағынышпен еске алады. Әр кез облыстық қос газетте болып жатқан жылт еткен жақсы жаңалыққа қуанып, төл газеттеріне қарайлап жүретіндіктерін айтып жатты. Ардагер журналист Тихон Әліпқали өзінің журналистикаға қалай келгені, алғашқы жазған мақалалары туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.
– Біз басқа заманда қызмет жасадық. Ол кездің талабы мен тәртібі бөлек еді. Сол кездегі басшылар сол заман үшін білікті жандар болды. Бір қызығы, менің редакторым «баршылық» деген сөзді жаратпайтын. Сол сөз кездессе, қасындағы сөйлемдерімен қосып, сызып тастайтын еді. 1965 жылдан бері мен де осы сөзді қолданбайтын болдым. Мінезім де аса керемет емес еді. Өз ойымды ашық айтып, қарсыласа кетемін. Бірақ соған қарамастан редактор мені тап бір жек көрмейтінін сезетінмін. Ол кезде мақаладағы әр сөзімізге қадалатын. Кейде бұлтақтап көнбейміз. Соның өзінде тәлтіректетіп әкеліп, қоршауға кіргізіп жіберетін. Қазір еркіндік күшті ғой. Жастар бізге қарағанда әлдеқайда жақсы жазады. «Орал өңірі» газетін күнде болмағанмен, анда-санда оқып тұрамын.
Сіздер көп мән бермей жүрген мәселе бар. Қарапайым адамдар мен өз шаруасы бар кәсіпкерлер арасында еңбек келісімшарты жасалмайды. Соның кесірінен біраз адам еңбекақысын ала алмай жүреді. Сондықтан халықтың заңгерлік сауатын ашуға көп көңіл бөлу керек. Өндірістік жарақат алған жағдайда да жұмыс беруші көмектеспейді. Сондықтан прокуратурамен бірлескен рейд жүргізіп, қара халықтың заңгерлік сауатын ашуға бағытталған мақалалардың көбірек болғаны дұрыс, – деп ұсыныс айтқан ардагер журналист қос басылым қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі.
Шара алдында қонақтарға «Ғасырды бағындырған басылым» атты деректі фильм көрсетілді. Мәре-сәре болған журналистер өткен шақты еске алып, қызықты сәттері туралы әдемі әңгімелер айтты. Сол кездегі редакциядағы көзге түсер жалғыз жиһаз болса керек, «қызыл диван» туралы естеліктер бәрімізді күлкіге бөледі. Машбюрода қызмет атқарған қос Гүлнар мен Жұмақыз апайлар ақын Амангелді Шахиннің әзіл өлеңіне арқау болыпты.
Машбюроның қадірін,
Түсінеміз, ұғамыз.
Бір бақшада екі гүл,
Таңырқасып тұрамыз.
Ортасында диванда,
Отырады Жұмақыз – деп қыздарды өлеңіне арқау еткен журналист ағалар қабырға газетін шығарып, әртүрлі әзіл өлеңдер жазып іліп қояды екен. Осы естелікті әдемілеп жеткізген Фазылғали Мұштанов пен Қоблан Қуанов шығармашылық ұжымға зор жетістіктер тілеп, баспасөз тарихы туралы ізденістерге жоғары баға берді.
1982 жылы 17 жасында редакцияға курьерлік қызметке орналасып, «аға машинист» деңгейіне жеткен Гүлмира Қажиева өзінің бүгінгі жеткен жетістіктеріне арқау болған киелі орта, қасиетті қара шаңырақ – редакция деп есептейді.
– Мен 17-18 жасымда рухани құндылықты редакцияда бойыма сіңірдім. Сол кездегі газеттің редакторы Бақтыбай Далабайұлының қызметкерлерге деген қамқорлығы ерекше болатын. Алғаш келген жылдардан бастап, «Жұмысты жақсы жасайсың» деп мені Мәскеуге шипажайға жіберді.
Ағаның осы қамқорлығын ылғи айтып жүремін. Одан бөлек жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарауды Ғарифолла Көшенов ағамыздан үйрендім. Сол уақытта қызмет еткен Мақсот Әндіжанов, Ғайсағали Сейтақ, Есенжол Қыстаубаев ағаларымның жүрекке жылы тиетін жақсы қасиеттері көп болатын. Сырымбек Тұяқов замандасыммен ылғи әзілдесіп жүретінбіз. Қара шаңырақта жалынды жастық шағымыз өтті. Осы жерде аз уақыт жасасам да, көп нәрсе үйрендім. Машинкадан жазба теруге ерінбейтінмін. Брежнев қайтыс болғанда түнімен жұмыс жасағанымыз есімде. Сонда осы ағаларымыз біздің қамымызды ойлап, қамқорлық танытып жүретін. Менің еңбек кітапшамның ең басында «Орал өңірі» тұр. Бұл басылымда жұмыс жасағанымды ылғи мақтанышпен айтып жүремін, – деп өзі қызмет жасаған жылдарды сағынышпен еске алған Гүлмира Қажиева өзінің «Орал өңірі» газетінің тұрақты оқырманы екендігін айтты.
Сынаптай сырғып өткен жылдардың белесінде естелік боп қалған қызықты сәттерін еске алған қос газеттің бұрынғы қызметкерлері ғасырды бағындырған басылым беттерінде өз қолтаңбасы қалғанын мақтан етеді. Әсерлі басқосуды түйіндеген «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Жантас Сафуллин редакцияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.
– Өзімізге ең бастысы газеттерімізді ғаламторда жаңа технология негізінде дамыту, күнделікті газет жұмысын ақсатпай ұстау, өткенімізді қалпына келтіруді мақсат еткенбіз. Ең бірінші ақпарат орталығын құрып, «Жайық Пресс» сайтын жасақтадық. Бұған қоса, он екі аудандық газеттің де өз сайты жасалды. Баспасөз тарихын зерттеуге қатысты он кітап шығардық. Осы бағытта көптеген жұмыстар жасалды. Біз баспасөз тарихы бойынша жасаған жұмыстарымызды жүйелеп, бір жерге тоғыстыру мақсатында «1911.kz» сайтын аштық. Сондай-ақ кез-келген адам біздің ғимаратқа кіргеннен бастап, әр қабатты аралаған кезде газет тарихымен таныс бола алады. Алда екі жобаны іске қосқалы отырмыз. Біріншісі электронды жазылым, екіншісі телефонға жүктелген арнайы бағдарлама арқылы кез-келген адам біздің газеттерді өз смартфонынан оқуға мүмкіндік алмақ, – деп сөзін сабақтаған Жантас Набиоллаұлы кездесуге келгендердің бәріне шексіз ризашылығын білдіріп, баспасөз тарихы туралы кітаптарды қонақтарға сыйға тартты.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
«Орал өңірі»