Қос тұлғаның елге сіңірген еңбегін насихаттау мақсатында “Сен жазушы көшесінде тұрасың” атты шара өтті

Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық ономастикалық комиссияның ұсынысы негізінде Зашаған кенті әкімінің 2014 жылғы 17 қыркүйектегі №1 шешімі бойынша қала аумағындағы Зашаған кентінің «Жақсы ауыл» шағын ауданындағы №1 және №5 деп уақытша белгіленіп келген көшелерге қазақ баспасөзінде айрықша орны бар тұлғалар Елеусін Бұйрин мен Ғабдолғазиз Мұсағалиев есімдері берілген болатын.

Бүгін аталған көшелердің тұрғындарына қазақ баспасөзінің бастауында тұрған қос тұлғаны таныстырып, елге сіңірген еңбегін насихаттау мақсатында “Сен жазушы көшесінде тұрасың” атты шара өтті. 

Тағылымды шара «Орал өңірі» қоғамдық саяси газетінің тілшісі Нұртас Сафуллиннің жиналғандарға газет шығарушы тұлғалардың өмірбаянымен таныстыруынан бастау алды. 

Алғашқы боп сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин көшелерге есімдері берілген тұлғалардың ел тәуелсіздігі жолында, халықтың көкірек көзін ояту мақсатында атқарған істеріне кеңінен тоқталды. “Бөкейлікте, Нарын құмында туған Елеусін БҰЙРИН мен Ғабдолғазиз МҰСАҒАЛИЕВ жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ даласына газет ісін, баспасөзді жеткізген тұңғыш қарлығаштар десек те болады. Олар қазіргі таңдағы жүз жылға жақын тарихы бар облыстық “Орал өңірі”, “Приуралье” газеттерінің бастауында тұрған тұңғыш басылымдар – ел атауын иеленген «Қазақстан», “Ұран” газеттерінің редакторы болған өз заманының алдыңғы қатарлы адамдары еді. «Жайық Пресс» ЖШС 2012 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы мемлекеттік кітапханасының мерзімді басылымдар қорынан «Қазақстан» газетінің толық көшірмесін, 2014 жылы Алматы қаласындағы Кітап музейінен «Ұран» газетінің 9 санын тауып, араб әліпбиінен қазіргі алфавитке көшіріп, кітап етіп шығарды және Алматы, Астана қалаларында тұсаукесерін өткізді. 

2015 жылы сәуір айында осы екі көшеге Елеусін Бұйрин мен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің суреті, өмірбаяны және ұлағатты сөздері жазылған бильборд орнатты”,- деді медиахолдинг басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ Жантас Набиоллаұлы осы көшеде тұратын көп балалы отбасыларды облыстық “Орал өңірі” газетіне бір жылға тегін жаздыруға уәде етіп, үздік оқушыларға сыйлық тарту етті. 

Тұрғындар атынан сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты Мақсот Берген, Сұлтан Хамидуллин, Жансұлу Құспановалар “Жайық Пресс” ЖШС ұжымына тарихи тұлғалардың есімдерін тірілтіп, орталарына оралтқаны үшін алғыстарын айтып, көшені көркейтуге күш салатындықтарын жеткізді.
Шара барысында көше тұрғындарына бүгінгі шараға арнайы дайындалған “Баспасөз бастауындағы тқлғалар” атты брошюра лестіріліп, соңынан Ғабдолғазиз Мұсағалиев атындағы көше бойына көшет отырғызылды.

www.zhaikpress.kz

Scroll to Top