Сәрсенбі күні «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Оған алыс-жақыннан шақырылған мәртебелі қонақтар, зиялы қауым мен газет жанашырлары жиналды.
Театр фойесінде ұйымдастырылған көрмеден жиналған жұрт газеттердің тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты.
Жиын барысында 1918 жылдың 17 қарашасында «Известие-Хабар» атауымен алғаш нөмірі шыққан, түрлі кезеңнің ауысуына байланысты аты да біраз өзгерген басылымның талайлы тағдырын жаңа қырынан танытқан, мерейтойға арнайы түсірілген бейнебаян көрсетілді.
Журналистика ардагерлері мен қос басылымның ұжымын құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында екі облыстық газет бүгінгі деңгейге жетті. Елбасымыздың, Үкіметтің сөзін халыққа жеткізе отырып, сапалы материал жинау үшін елді кезіп, «сын түзелмесе, мін түзелмейді» деген қағиданы ту етіп, қоғамның дұрыс дамуына қызмет атқарып келесіздер. Екі газеттің де ардагер қызметкерлері жиналып отыр. Кезінде радио, телевизия, интернет шыққанда, газет оқылмайды делініп еді, қазір оның әр нөмірін іздеп жүріп оқитын халық бар. Мақалалар ел ішінде талданып, әркім өз ойын қосып жатады. Меніңше, әрдайым да солай болады. Әр ақпарат құралының өз орны бар, олардың арасында ойып тұрып орын алатын – газет», – деп атап өтті. «Облыстық қос газет – өңірдің жаршысы. Қоғамдағы кенжелеп қалған тұстарды да осы газеттерден оқып, көңіл аударып келеміз. Осы көтерілген биігінен түспей, әрдайым бір қадам алда болуын тілеймін. Өңірдің бас басылымына біздің тарапымыздан да әрқашан қолдау болады», – деді Нұрлан Асқарұлы.
Халық қалаулылары – депутаттар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар құттықтап, сый-сияпатын табыстады.
«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин қос басылымның туған күнімен баршасын құттықтап, газеттердің өткені мен бүгінгі жағдайын тілге тиек етті. «Біз мерейтойға дайындықты екі жыл бұрын бастадық. Алдымен тарихымызды түгендеуді дұрыс деп шештік. Себебі бұдан 7-8 жыл бұрын газет ұжымының табан тепкен өз ғимараты да, баспаханасы да жоқ кезде «Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі» дегендей, қиын кезді бастан кешіп, көшіп-қонып жүргенде бізге дейінгі аға буынның жинақтаған біраз жәдігері, газеттің алғашқы нөмірлері, мұрағаты жоғалды. Газеттеріміздің 90 жылдығы қарсаңында облыс әкімінің қолда-уымен жаңа ғимарат пен баспахана беріліп, қамқорлықтың арқасында материалдық-техникалық жағдайымыз түзелді. Соның арқасында тарихымызды түгендеуге мүмкіндік алдық. Газеттің бастауында тұрған тұлғаларды анықтап, алғашқы сандарын, тігінділерін таптық. Газет шығарушы Алаш қайраткерлерінің өздерімен бірге еңбектері де репрессияға ұшырағандықтан, кезінде қазақ даласында тарихи басылымдар жойылған, тек Ресейдің ірі архивтерінен ғана табылды. «Қазақстан» газетінің 16 санын елге әкеліп, арабшадан кириллицаға аударып, жинақ қып шығардық» – деді Жантас Набиоллаұлы. «Газетіміздің 1918 жылы 17 қарашадағы алғашқы санын, 1918 жылдың 31 желтоқсанына дейін шыққан 31 нөмірін Мәскеуден таптық. Газетіміз 1919 жылдың 1 қаңтарынан «Киргизская правда – Қазақ дұрыстығы» болып аты өзгерген, оның да көшірмелері елге жеткізілді. 1919 жылдың 20 ақпанынан «Дұрыстық жолы» аталған. Осы «Дұрыстық жолының» қазақ тарихындағы орны ерекше. Нағыз қиын кезеңде, отарлаудың жаңаша тетігі іске қосылғанда Алаш арыстарының шығарған газеті. Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейітқали Меңдешев, Мұстафа Көкебаевтар қазақ тілі жойылса, ұлт ретінде жойыламыз деп баспасөзді тек қазақ тілінде шығарған кезең. Он бір саны шығып тоқтап қалған «Дұрыстық жолын» әлі де зерттеуіміз керек. 1920 жылы «Қызыл ту» аталып, одан кейін «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» болып аты өзгеріп, 1963 жылы «Орал өңірі» аталған газетіміз сан түрлі кезеңдерді бастан өткерді», деген Жантас Набиоллаұлы 1920-1930 жылдары газетте қызмет ете жүріп, «халық жауы» деген жаламен атылған тұлғаларға да тоқталды.
Кеште жан-жақтан жеткен құтықтау хаттарға да кезек берілді. Майдангер журналист, «Орал өңірінің» 1951-1955 жылдардағы бас редакторы Бисен Жұмағалиев, 1988-1991 жылдардағы редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, аудармашы Ғарифолла Көшенов құттықтау сөз сөйлеп, газетте қызмет еткен жылдардан естеліктерін, бүгінгі басылым жайлы ойларын ағытты. Газеттердің бастауы – 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйриннің немересі Валерий Әнуарұлы кешке алыстан арнайы келіп, жүрекжарды лебізін арнаса, осы газеттің екінші шығарушысы Ғұмар Қараштың немересі, бүгінде Мәскеу қаласының тұрғыны Надежда Қарашеваның бейнеқұттықтауы да жиналғанның ықыласына бөленді. «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім редакторы Сүлеймен Мәмет «Егемен Қазақстан республикалық газеті» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахмановтың құттықтау хатын жеткізіп, өз өлеңін оқып берсе, осы газеттің облыстағы меншікті тілшісі Темір Құсайын, көршілес Атырау, Ақтөбе облыстарындағы газеттердің бас редакторлары мен орынбасарлары да тілектерін арнап, сый-сияпат жасады. Мерейтой иесі – қос газеттің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова жиналған халыққа алғыс лебіздерін білдірді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
тарих ғылымдарының кандиаты:
– Аз ғана уақыт ішінде газет тарихын осыншама зерттеп, ғылыми жинақ шығару – өте үлкен іс. Мұрағаттарда шашылып жатқан басылымдарды жинау арқылы өлке тарихына үлкен үлес қосылғанына ризамыз. Фильм үлкен әсер қалдырды. Алаш арыстарының бейнесі көркемдік те, тарихи жағынан да шынайы көрсетілген. Енді бұл тарихи-танымдық фильмді ел арасына көрсетіп, тарату қажет. Себебі қазақ баспасөзінің қалыптасуы жайлы мұндай құнды дерекке толы еңбектер жоқ деуге болады. Фильмдегі осы саланы зерттеген Светлана Смағұлова, Мақсат Тәжімұрат, Ғарифолла Әнес сынды ғалымдардың пікірлері құнды. Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин аталарымыздың немерелері Надежда Қарашева мен Валерий Бұйрин бейнесін көру, естеліктерін есту ұрпақ үшін баға жетпес сый болды.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы:
– «Қазақстан» фильмі арқылы Алаш қайраткерлерінің сол бір дүрбелең кезде елдің болашағын ойлап, үлкен қиындықпен газет шығаруы жайлы толымды деректерге қанықтық. Алты Алашқа ортақ ақын, журналист, ағартушы Ғұмар бабамызды қалай дәріптесек те артық болмас еді, өзінің кіндік қаны тамған өңірде әлі күнге дұрыс насихаттай алмай келгеніміз өкінішті. Қазақтың отырықшы ел болуын, білім алуын сол кезде ойлап газет арқылы үн қосқан, ұлтымызды «қырғыз-қайсақ» атаған қиын заманда “Қазақстан” атауымен газет шығарған, болашақты болжай алған бабамыздың алдында біз мәңгі қарыздармыз. Фильм көркемдік жағынан өте жоғары сапада түсірілген. Оны түсіруге үлес қосып, нағыз елжандылықтың үлгісін көрсеткен азаматтарға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін.
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
“Орал өңірі” газеті