Жаңалықтың жаршысы, аймақтың айқын айнасы, ұлт мүддесі жолындағы іргелі істердің ұйытқысы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің жүз жылдығына арналған мерейтойлық шаралар түстен кейін облыстық қазақ драма театрында жалғасты.
Көрмеге облыстық қос басылымның жүз жыл бойы жарық көрген барлық сандары жинақталған тігінділер, қаламгерлердің саусағының ізі қалған жазу машинкалары мен қаламсаптары, шағын шынысында қилы тағдырдың табы қалған фотоаппараттар, баспасөз ардагерлерінің қолжазбалары, жеке құжаттары, алғысхаттары мен грамоталары сияқты жүздеген жәдігер қойылған.
Бес жыл бұрын «Жайық Пресс» медиахолдингінің жанынан ашылған баспасөз тарихын зерттеу орталығы мамандарының жанқиярлық еңбегі арқасында 19172017 жылдар аралығындағы басылым беттері түгел жинақталды. Олардың әрісі Ресейдің Мәскеу, Химки, Санкт-Петербор, Уфа қалаларынан, берісі Алматы мен Оралдағы мұрағаттардан табылған. Түрлі мұрағаттардан там-тұмдап жиналған газет сандарының көшірмелері баспадан қайта шығарылып, түптелген. Арасында түпнұсқалары да бар. Жауһар жәдігерлерімізді келешек ұрпаққа аманаттау және көздің қарашығындай сақтау мақсатында олардың бірсыпырасы заманауи үлгіде сандық форматқа ауыстырылған.
Ғасыр тоғысында аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешірген баспасөз жаршысы дәуір талабына сай араб, латын қаріптерінде және кириллицада жарық көргендіктен мамандарға біраз тер төгуге тура келген екен.
– Екі әліпбимен қосарланып шыққан газеттер де бар. Мәселен, мақаланың тақырыбы латын, ал мәтіні араб қарпімен басылған. Сөйтіп халықты бірте-бірте үйреткен. Отызыншы жылдары он жылдай уақыт латын әліпбиімен шығып тұрған. Сол кезде халыққа қиын болды ма, оны білмейміз. Бірақ қазіргі оқу барысында бізге қиын емес, өте оңай оқылады. Қолданыста болған әліпби кешегі Парламент ұсынып отырған нұсқадан бөлектеу. Ол кезде бір дыбыс, бір әріп деген қағиданы ұстанған. Айтпағым, қазіргі қоғам үшін латын әліпбиіне көшу жаңалық емес. Бұрынғы тәжірибені зерттеу керек, қандай кемшілігі, нендей жетістігі болды, соны қорытып барып, жалғастырып алып кетуге болады деп ойлаймын, – дейді баспасөз тарихын зерттеу орталығының бас маманы, журналист Қазбек Құттымұратұлы.
Қос басылым редакциясында қызмет атқарып, кейін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған оннан астам қаламгердің фотосуреттері мен өмірбаяны көрмеде тұтас бір қабырғаға орналасқан. Суреттері мен деректері тұңғыш рет көрмеге қойылған арыстардың қатарында облыстық газетте басшылық қызмет атқарғандары бар, ал екеуі – Халел Есенбаев пен Әбдірахман Байділдин республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің де редакторы болған.
Көрмеге келген көпшілік сондай-ақ қызығы мен шыжығы қатар жүретін журналистік қызметтің ең жарқын, ең елеулі, ең әсерлі сәттері таспаланған фотосуреттерді тамашалап, өңір журналистикасының қалыптасу және даму кезеңдеріне қызықты саяхат жасады.
Көрмеге қойылған жәдігерлер туралы мәліметтер толығымен жаңадан ашылған «1911.kz» сайтында топтастырылған. Енді оқырмандар әлемнің кез келген нүктесінде отырып, ғаламтор арқылы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің ғасырлық ғұмырнамасымен танысып, пікір алмаса алады.
* * *
Қос басылымның ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты шараға Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларынан арнайы ат терлетіп келген шығармашылық, зиялы қауым өкілдері, журналистермен қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің өңіріміздегі жанашыр оқырмандары, қос басылымда түрлі жылдары қызмет атқарған ардагер қаламгерлер, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеп, зерделеп жүрген тарихшылар мен жас ізденушілер қатысты.
Мерейтойға жиылған қалың жұртшылықты сахна төрінен ең алғашқы болып Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құттықтады.
– Құрметті тілшілер қауымы, ардагерлер, қала қонақтары! Биылғы жыл өздеріңізге белгілі ерекше жыл. Үстіміздегі жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялаған болатын. Осыған орай қаламызда көптеген мәдени шаралар өтуде. Соның бір көрінісі – жүз жылдық тарихы бар қос газетіміздің мерейлі тойы. Өз атымнан және қала тұрғындарының атынан қос газеттің үлкен мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Егемен еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қоса береді деген сенімдемін, – дей келе бір топ әріптесімізді Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен марапаттады. Олардың қатарында «Орал өңірі» га-зетінің жауапты хатшысы Жаннат Есполаева, дизайнері Жасұлан Көшекқалиев, «Приуралье» газетінің бөлім меңгерушісі Лучия Курарару, дизайнері Ренат Күсенов бар.
Сонымен қатар шаһар әкімі ғұмартанушы, БҚИТУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева мен «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығының бас маманы Қазбек Қабжанға Ғұмар Қараш атындағы арнайы төсбелгіні салтанатты жағдайда табыс етті.
Ғасыр куәсі қос басылымның мерейтойына орай қазақтың көрнекті ақыны әрі белгілі аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Қайрат Жұмағалиевке арналған «Нарын құмын аңсаған Қайрат ақын» атты республикалық ақындар мүшайрасы өткен болатын. Семей қаласының ақыны Қуаныш Еркінұлы, сондай-ақ Жаңақала ауданынан Сыйлыхан Жұмасалықұлы, қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алып жатқан Мәрлен Ғилымхан жүлдегерлер деп танылды. Оларды Қайрат Жұмағалиевтің жары Софья апамыз марапаттады.
– Қайрақаңның облыстық қос газетке деген ықыласы ерекше болатын. «Жайық Преске» жаңа ғимарат берілгенде қатты қуанды. Жазам дегені, ойындағысы көп еді. Сіздердің ықыластарыңызға рақмет, көзі тірісінде құрмет көрсеттіңіздер. Қайрақаңның 80 жылдығына орай мүшайра ұйымдастырып жатырсыздар. Қасиетті басылымда қызмет жасайтын бүкіл ұжым, басқарып отырған басшылар, бәріңізге сәттілік, табыс тілеймін, – деді Софья ана. «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Софья апамыздың иығына ақ жаулық жауып, қамзол кигізіп, ілтипат танытты.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Каменов пен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев астана-лық әріптестердің ақ тілегін арқалап келген екен.
– Тегінде қоғам толымды болу үшін шығармашылық пен шаруашылықтың егіз, қанаттас болғаны ләзім. Бүгін біздің осыған көзіміз жетті. Олай деп айтуыма себеп жеткілікті екен, сол көңілімді тоғайтты. Екі газеттің жүз жылдық тойына дайындық жұмысы және оны өткізу барысы академиялық, ғылыми негіздегі дайындықпен жүргізілгені шынымен қуантты. Шығармашылық дегеніміз, журналистика шығармашылық болмаса, дами қоюы, негізделе түсуі неғайбыл. Шаруашылық дейтініміз, білдей облыс әкімі Алтай Сейдірұлы екі сағаттың үстінде уақытын қиып, конференцияны өзі өткізді. Конференцияға қатысып отырып, үлгі болатын көп тұсты байқадым өзім. Соның бірі, жүзжылдық мерейтойтойға дайындық концепциясы бүкіл елге, облыстық, аудандық газеттердің мерейтойын өткізуге үлгі болатындай және тә-жірибе етіп тарататындай. Сол жұмыс алдағы уақытта қолға алынса, қуанышымыз еселене түспек. Екінші мәселе, «Жайық Пресс» деген атына қарасаңыз, баспасөздің жоғын түгендейтін немесе кешегіні келешекке жалғайтын мекеме емес, газет шығаратын, күнделікті ақпаратты халыққа жеткізетін ұйым болуға тиіс еді. Бірақ Жантас Набиоллаұлы бастап, мекеменің атауын да, атқаратын функциясын да тым кеңейтіп жіберді. Осы мекеменің сипатын да, атауын да өзгертіп, кеңейтіп, академиялық-ғылыми нұсқадағы мекеме ретінде атауын қосымша қосып берсе деп ойлаймын. Атқарылған ұшан-теңіз жұмыс кеңейе түсу үшін жағдай жасалуы тиіс. Облыс басшылығы ескеретін болса, елге үлгі болатын тағы бір дүние болатынына сенемін, – деген толымды ой айтты Ерболат Тілекқабылұлы. «Егемен Қазақстанның» басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын табыстады. Ал Руслан Қанатханұлы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын тапсырды.
Мерейтойға орай «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазбек Қабжан мен «Орал өңірі» газетінің бөлім меңгерушісі Сәкен Әбілхалықов «ҚР ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұған қоса журналистер – Гүлбаршын Әжігерееваға, Қалиолла Қарағойшинге ҚР ақпарат және коммуникациялар министрінің Құрмет грамотасы және Наталья Гороховаға алғысхаты табысталды.
Тарихы еліміздің тағдырымен сабақтас, талай заманның шындығын танытар шежіреші, ұлт мүддесі жолындағы іргелі істердің ұйытқысы, облысымыздың рухани кемелденуінің көшбасшысы бола білген төл газетіміз алғашында «Ұран» атауымен бастау алды. Ел мен жер, қоғам мен әлеумет, саясат пен тарихтың сарапшысы әрі әділ сыншысы бола білген ел газеті халықтың көкірек көзін ашатын ақиқат айнасына айналды.
«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жүз жылдық мерейтойдың жоғары деңгейде өтуі тұтас ұжымның толассыз еңбегінің жемісі екендігін ерекше атап өтті.
– Газетіміздің 95 жылдық мерейтойы аталып өткен кезде «Біздің газетіміздің тарихы 1918 жылдан басталмайды, одан тереңде жатыр. Біз оны зерттейміз» деп айтқан едім. Айтқан уәдемізде тұрдық.
Біздің газеттеріміздің бастауы 1917 жылы 28 шілдеде Ғабдолғазиз Мұсағалиев редакторлық еткен газеттен басталатынына көзімізді жеткіздік. Ғалымдар бірауыздан құптады. Мінекей, биыл қос басылымның жүз жылдығы тойлануда. Ұлт ретінде сақталып, ел боламыз десек, өткенімізді бағамдап, бағалауымыз керек. Қағазға жазылған дүние де, тасқа қашалғаны да түптің түбінде жоғалады. Егер баспасөз тарихын, қазақ қаламгерлерінің, Алаш арыстарының еңбегін дәл қазір жинақтап, келешек ұрпаққа дұрыстап жеткізбесек, ол біздің азаматтығымызға сын. Жастар білсін, қызықсын, зерттесін деп жасадық осының бәрін. Біз баспасөз тарихына қатысты ондаған кітап шығарумен, газеттеріміздің тігінділерін жинақтаумен ғана шектелген жоқпыз, басқа да шараларды жүйелі түрде атқардық. Мәселен, «Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Елеусін Бұйринге, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевке қала әкімшілігінің қолдауымен көше атауларын бердік, көшелеріне суреттері мен сөздері жазылған билбордтар ілдік, терек отырғыздық. Бұл біздің ұлы тұлғаларға жасаған құрметіміз еді. Әріптестеріміздің күшімен «Қазақстан», «Ұран» т.б. бірнеше деректі фильм дайындадық. «Жайық Престің» бүгінгі ғимаратын музейге арнадық, келген адам бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін аралап шыққанда, газет тарихымен таныса алатын мүмкіндік жасадық. Жүзжылдыққа жасаған басты істеріміздің бірі – жүзжылдыққа жүз жылдық тігінді. Оған қоса «1911.kz» сайтының ашылуы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында, баспасөз саласында атқарылған игі іс деп толық айта аламыз, – деді Жантас Набиоллаұлы. Ол облыстық басылымдардың тарихын зерттеуге қосқан қомақты үлесі үшін Зеленов ауданына қарасты Асан ауылдық мешітінің имамы Мұратбек Жахатовты, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиеваны, өлкетанушы Ерсайын Мергенбаевты, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Марина Мырзағалиеваны, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР білім саласының құрметті қызметкері Роза Исатаеваны мерейтойлық алғысхаттармен марапаттады. Облыстық қос газеттің мерейтойына арналған байқау жеңімпаздары Нәби Әли мен Ұлболсын Молдағалиеваға сый-құрмет көрсетілді.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген «Орал өңірі» газетінің ардагері, бірнеше жыл бас редактор қызметін атқарған Ғарифолла Көшенов, «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын, «Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның директоры Сағындық Рзахметов, «Айқын» газетінің төраға орынбасары Ермахан Шайхы, Атырау облыстық газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов өткен дәуір тынысымен тыныстап, қазіргі уақыт үнімен тілдескен қос басылымға ақжолтай тілектерін арнады. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова ғасыр куәсі қос басылымның мерейлі тойына алтын уақыттарын бөліп, арнайы келіп қатысқан барша жұртшылыққа алғыстарын айтты. Екі газеттің қазіргі ұжымы редакцияның байырғы ұрпақ сабақтастығы дәстүрін лайықты жалғастырып, ару Жайықтың айбынын асқақтату жолында еселі еңбек ете бермек.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»
Ғарифолла КӨШЕНОВ, ардагер журналист, «Орал өңірі» газетінің 1988-1991 ж. ж. бас редакторы:
– Өңірлік басылымдарды айтпағанның өзінде, тіпті республикалық басылымдардың ішінде ғасырлық межеге жеткені жоқ. Қос басылымның ғасырлық ғұмырында әріптесжолдастарыммен бірге 25-30 жыл ғұмырымызды арнап, қал-қадіріміз жеткенше қолтаңбамызды қалдырдық. Сондықтан алыста жүрген, бірақ шығармашылық ғұмырының денін осы өңірге арнаған бірқатар ардагер-азаматтардың атынан келіп қалған жағдайымыз бар. Біз газетке «Октябрь туынан» кейін бүгінгі «Орал өңірі» атымен шыға бастаған кезде келіп қосылдық. Демек, «Орал өңірінің» бастауында біз тұрдық. Бірқатарымыз арнайы шақырумен Қазақ университетінен, бірқатарымыз Оралдың пединститутынан келдік. Бірнеше талантты жас аудандық редакциялардан ауыстық. Жұмылып жұмыс істедік. Жас едік, жаңа толқын едік, бір творчествалық десант едік. Соның қадірін қазір біліп тұрмыз. «Орал өңірінің» әр нөмірін ғаламтордан ашып қарағанда, жастық шағым есіме түседі, әріптес-жолдастар ойға оралады, көбі марқұм. Жүз жылдық мерейтой қарсаңында екі газеттің бетінде қаншама зерттеу мақалалар жарияланды. Ғұмырын осы басылымдарда сарп еткен азаматтардың рухы тірілді. Ардагерлер үшін ең сүйінішті жайт осы деп білемін.
Сағындық РЗАХМЕТОВ, «Маңғыстау медиа» ЖШС-ның директоры:
– Қос газеттің ғасырлық мерекесі өте жоғары дәрежеде өтті. Орал баспасөз тарихын зерттеуге тұғыр, ұстын боларлық өңір екен. Қазақ баспасөзінің тарихы Оралдан басталуы керек екенін ұққандай болдық. Ендігі жерде ғылыми-зерттеу орталығын одан әрі дамытса, оған облыстық, республикалық деңгейде қолдау көрсетілсе деген тілегім бар. Әр өңір өзінің баспасөз тарихын зерттеуге талпынады, бірақ қайда барарын, кімнен үлгі аларын білмейді. Мінекей, соның нақты үлгісі Батыс Қазақстан облысында бар деуімізге толық негіз бар. Енді бұл тәжірибе басқа өңірлерге де таратылса дейміз.
Ермахан ШАЙХЫ, «Айқын» газетінің төраға орынбасары:
– Облыстық қос басылымның мерейтойы жалпы қазақ жұртшылығына ортақ мереке.
Негізі қазақ журналистикасының тарихы сонау 1870 жылы «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттерінен бастау алса, ал енді тәуелсіздігіміздің тұғыры, іргетасы «Қазақстан» газеті арқылы қаланды. Алаш зиялыларының негізгі мақсаты, бағыт-бағдары «Қазақстан» газетімен үйлесім тапты, содан негіз алды десек артық айтқандық емес.
Бір ғасыр бойы «Орал өңірі» газеті түрлі атаумен жарық көріп келді. Бірақ қалай аталса да, осы өңірдің өсіп-өркендеуіне, жағымды жаңалықтарын елге, бұқараға жеткізуде, билік пен жұртшылық арасындағы алтын көпір болып келгені анық. Көптеген көкейтесті мәселелердің оңтайлы шешілуіне де ықпал етті. Баспасөз тарихы зерттеліп, зерделеніп, ғасырлық тігіндісі жинақталғанын көріп, көңіліміз марқайды. Үлкен тірлік істелген екен. Сондықтан «Жайық Пресс» басшысы Жантас Сафуллинге, екі газеттің ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, «Атырау» облыстық газетінің бас редакторы:
– Газеттің жүз жылдығы – өте үлкен мереке. Осы жүз жылдың ішінде бірнеше ұрпақтың, тұтас буынның өмірі жатыр. Қаншама адам қуғын-сүргінге ұшырады, өмірден баз кешті, тіпті жазықсыз атылып кеткендер де бар. Сондықтан бұл шараның тағылымы той тойлауда емес, кейінгі ұрпаққа ой саларлық толымды, тәлімді, тыңғылықты іс тындыруда. Қос газеттің жүз жылдық мерейтойының Алаш қозғалысының жүз жылдығымен тұспа-тұс келуін тарихи заңдылық деп есептеймін. Өйткені қазақ баспасөзінің тарихы Алаш арыстары қызмет еткен «Қазақстан» газетінен бастау алады.
Нәбира САЙЫНОВА, «Орал өңірі» газетінің оқырманы:
– «Орал өңірі» газетінің 1978 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Облыстың мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет атқарып келемін. Газеттің бас редакторы болған Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайырғалиев ағалармен қоян-қолтық жұмыс істедім. Отбасындағы қыз баланың тәрбиесі, келін тәрбиесі, ұлттық салт-сана тақырыбындағы мақалаларым жарық көрді. «Орал өңірін» өңіріміздің бетке ұстар бас басылымы ретінде айрықша құрметтеймін. Газеттің ұшан-теңіз еңбегін тілмен айтып жеткізу қиын. Қазір жасарды, жаңарды. Аға буын салған сара жолмен жүріп келе жатырған өте қасиетті басылым.