Өмірбаяны

Сафуллин Жантас Набиоллаұлы – 1982 жылы 6 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепті бітірген соң, Қазақстан гуманитарлық заң университетінің заңгер, Батыс Қазақстан «Евразия» менеджмент және тілдер институтының қаржы және тарих мамандықтары бойынша үздік бітіріп, жоғары білім алды. Мәскеудегі Халықтар достығы Ресей университетінде юриспруденция мамандығы бойынша магистратурада оқып, заң ғылымының магистрі дәрежесін қорғады.

Ол студенттік кезден-ақ қоғамдық және ғылыми жұмыстарға белсене араласты. Бірнеше рет жас ғалымдар мен студентердің ғылыми-теориялық конференцияларында баяндамалар мен хабарламалар жасады. Мұнда оның мемлекетімізбен және құқық саласының көкейтесті мәселелері туралы еңбектері жоғары бағаланып, бірінші және екінші дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Студент жастар арасында озық көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленіп, «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі болды. Жастар арасындағы акциялар мен жобалар, республикалық тәуелсіз студенттік олимпиядалары мен кәсіптік және жас дизайндар байқауы, «Үздік диджей Қазақстан» байқауы, «Өз елінің батыры» сенбіліктері және «Балаға кітап сыйла» акцияларын ұйымдастырып және оларды іс жүзіне асыруға ат салысты.     

Өзінің еңбек жолын Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің заң факультетінде азаматтық құқықтар кафедрасында мұғалім болудан бастады. 2003 жылдың қараша айынан еңбек жолы Батыс Қазақстан облысындағы медиахолдинг – «Жайық Пресс» ЖШС-мен  тығыз  байланысты болды. Бұл жерде аға менеджерден бастап барлық кәсіби және шығармашылық шыңдалу сатысынан өтті. 

2005 жылы «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының қаржы-экономикалық мәселелері бойынша орынбасары, ал 2010 жылдың қазан айынан бастап осы мекеменің бас директоры болып тағайындалды. Мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтты. Баспасөз саласына жаңашыл технологияларды мүмкіндігінше енгізіп, жаңалықтарды халыққа жедел жеткізуді, ватсап желісі арқылы жарнама қабылдауды, газеттердің электронды нұсқасына жазылуды жолға қойды. Баспасөз тарихын зерттеуді ұйымдастырып, шетел архивтерінде сақталған газет тігінділерін елге алдырып, арабшадан аудартып, жинақтар шығарды. Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдық тігіндісін толықтай жинақтап, музей жасақтатты. Өлке және баспасөз тарихын зерттеуді ұйымдастырып, 12 кітап шығарды, олардың қатарында «Қазақстан» 1911-1913 ж.ж., «Ұран» газеті 1917-1918 ж.ж., «Хабар-Известия» 1918 «Киргизская правда» (Известия) «Қазақ дұрыстығы» 1919, «Дұрыстық жолы» газеті 1919 ж., «Қызыл ту» газеті, «Ұшқын» газеті, «Қос газеттің тарихы», «Жайық журналистері», «Баспасөз бастауындағы тұлғалар», «Ғасыр-ғұмыр» кітаптары бар. Ағартушы, ойшыл, ақын Ғұмар Қараштың еңбектерін жиыстырып, үштомдығын жарыққа шығарды.

Өңіріміздің аумағында алғаш рет тұрақты шығарылып тұрған басылымның, оның жанашырлары мен редакторлары Ш.Бөкеев, Ғ. Қараш, Е. Бұйрин сынды тұлғалар туралы жарты сағаттық танымдық, көркем-деректі «Қазақстан», “Ұран” фильмдері түсірілді.

Абайдан кейінгі дәуірдегі ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі іргелі орын алатын ірі классик ақын, қазақтың жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдеби тілін қалыптастыруда тарихта ерекше орын алатын көрнекті Алаш қайраткері, ойшыл ақын Ғұмар Қарашты кеңінен насихаттау барысында gumar.kz жеке сайтының жасақтады, 70-тен астам өлеңдері енгізілген Ғ.Қараштың ақындық шығармашылығы туралы киіз үй формасында шығарылған аудиодиск – осы Жантас Набиоллаұлының тың, нәтижелі еңбектерінің жемісі.

2012 жылдан бастап тарихи-танымдық, тәрбиелік бағыттағы DANA.qaz журналын шығаруды қолға алды. Жұртшылыққа білім, ғылым, кәсіп игеруді үйрету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен журнал оқырман тарапынан оң бағаға, зор сұранысқа ие болды.

2016-2020 жылдар аралығында Орал қалалық мәслихатының депутаты болды. Сайлауға түсіп, үгіт-насихат жүргізу, халықтың арыз-шағымдары негізінде жұмыстану, қала бюджетінің қалыптасуына үлес қосу бағытында мол тәжірибе жинады. 

2017 жылы құлпыпастарды зерттеу нәтижесінде он екі аудан бойынша 13 жинақ дайындалды. Шамамен 12 ауданның 63 ауылдық округінен 250-ге тарта қорым араланып, 2646 құлпытас суретке түсірілді, 1569 құлпытастың мәтіні араб әліпбиінен кириллицаға аударылды. Кіші жүздің Есім, Айшуақ, Жантөре хандарының құлпытастары анықталды. Тарихымызда маңызды орын алатын басқа да тұлғаларымыз табылды. Әр аудан бойынша өз алдына жинақтар дайындалды.

Еліміздің ұлы, көрнекті қайраткерлерінің есімдері мен атқарған істерін жас ұрпақтың жадында мәңгі сақтау және оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қазақ халқының алып тұлғалары Абай, Құрманғазы, Махамбет, Дина, Ғ. Қараш, Ж. Досмұхамедов, Қазақ хандығының негізін салушылар Керей мен Жәнібек хандары және тағы басқалардың суреттері мен нақыл сөздері басылған оқушы дәптерлері шығарылды.

Ұлы тұлғалардың ұрпақтарын жұртшылыққа таныстыру мақсаты мен Ғ. Қараштың Мәскеу қаласында өмір сүрген Надежда Қарашева атты немересімен, Алматыдағы Е. Бұйриннің немересі Валерий Бұйринмен, репрессияға ұшырап, жазықсыз ату жазасына кесілген облыстық газеттердің редакторларының ұрпақтарымен тығыз байланыстар орнатылып, кездесулер ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Ж. Сафуллиннің тікелей жетекшілігімен төмендегідей іс-шаралар жүзеге асырылды:

  1. Ғұмар Қараш атындағы «Тілші болғың келсе» атты байқау. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға облыстық және аудандық газеттерге тілші болып қызмет жасау ұсынылады.
  2. «Біздің көше тұрғындары» атты қала  тұрғындарына арналған мерекелер. Әсіресе «Жайық пресс» ЖШС-нің ғимараты орналасқан көше тұрғындарының мерекесі өте әсерлі өтті.
  3. Қазақ әдебиеті мен тарихын насихаттау мақсатында Ж. Набиоллаұлының қолдауымен, kazadebiet.kz, baktygereeva.kz,  gumar.kz, danakaz.kz, zhaikpress.kz сайттары ұйымдастырылды.
  4. Қазақ халқының бай музыкалық мұрасын, ұлттық дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында «Алтын жүрек домбыра» мерекелік күй кеші, жыр кеші оздырылды.
  5. БАҚ қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық спорт ойындарын кеңінен насихаттау мақсатында журналистердің қатысуымен бокс-шоу және қазақ күресінен «Жайық Пресс барысы» турнирлері өткізілді.
  6. Ж. Сафуллиннің бастамасы және қолдауымен облыстық газеттерінің мұражайы ашылды, оның экспонаттар қоры жаңа жәдігерлермен торлықтырылды.

Жантас Набиоллаұлы партияның облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы болды.

Жантас Набиоллаұлының аймақтық коғам өмірінде өзінің мемлекеттік рәміздер бойынша облыстық комиссияның, әрі облыстық әкім жанындағы ұлттық тарихымызды оқып, тану қоғамдық кеңестік ұйымның мүшесі ретінде атқараған рөлі зор. Сонымен қатар ол республикалық басылымдағы көкейтесті мәселелер, адамгершілік, қазақ халқының тарихи шежірелері  және ішкі туризмнің дамуы туралы мақалаларының авторы.

2017-2018 ж.ж. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «XVIII-XIX ғасырлардағы Батыс Қазақстан облысының араб жазулы ескерткіштері: эпиграфикалық, генеалогиялық және архивтік дереккөздерді салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу» жобасының ғылыми қызметкері қызметін атқарды.

2018 жылы «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры қызметін тапсырғаннан кейін БҚО әкімдігі мәдениет басқармасының «БҚО тарих және археология орталығы» МКҚК-ның директоры болып қызмет атқарды. Өлке тарихын, соның ішінде археологиялық қазба, эпиграфикалық ескерткіштерді, шетел архивтеріндегі метіркелік журналдарды зерттеу жұмыстарын жандандырды. 

2020 жылдан «DANA» ғылыми-зерттеу орталығын құрып, соның жұмыстарын ұйымдастырды. Қазақша кітаптарды сату, балаларға арналған кітапшалар шығаруды қолға алды.

Осы жұмысымен қатар 2021-2023 жылдар аралығында ҚР Президентінің Жарлығы негінде жүзеге асырылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша БҚО Қоғамдық даму басқармасымен шарт негізінде БҚО өңірлік комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі қызметін атқарып, 15 кітап шығарды.

Batysmyra.kz тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу порталын жасақтады.

2022 жылдан бастап балаларға арналған комикс жанрындағы «Жетпіс палуан», «Сырым батыр» және «Аштықтан құтқарған аңшы» комикс кітапшаларын шығарды.

2024 ж. бастап «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы бойынша Фронт-кеңсе сарапшысы.

2024 жылы ҚР ҒЖО министрлігі Ғылыми комитетінің «Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты» РМК-ның ғылыми қызметкері лауазымында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бағытында қосымша қызмет атқарды. 2025 жылы да осы бағыттағы ғылыми жобаның құрамында Батыс Қазақстан облысынан ғылыми қызметкер ретінде жұмыстануда. 

2024 жылдан бастап Астана қаласындағы «Астана заңгерлер лигасы» заңгерлік кеңесшілер палатасының заң кеңесшісі. Заңгерлік қызметтер көрсету бойынша бірнеше бағытта табысты қызмет атқарылды.

2025 жылы 5 тамызда БҚО әкімдігі мәдениет басқармасының «БҚО тарихи-өлкетану музейі» МКҚК директорының міндетін атқарушы болып қызметке тағайындалды.

Scroll to Top