Олжаға кенелген кездесу

Жуырда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің баспасөз клубында «Қазақстан», «Ұран» және «Қос газеттің тарихы» атты кітаптардың таныстырылымы өтті.

Аталмыш шараға журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, профессор Жетпісбай Бекболатұлы, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева, филология ғылымдарының докторы Назгүл Шыңғысова қатысып, қазақ баспасөзінің тарихы зерттеліп, құндылығы артқаны туралы пікірлерін білдірді.

– Ұмыт болып қала жаздаған тарихымыздың тереңіне үңіліп, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың барына біз қуанамыз. Әр өңір өзінің тарихын түгендесе, қазақтың жоғалтқаны табылар еді. «Ұран» газетінің кириллицаға аударылып, кітап болып жинақталуы – біз үшін үлкен олжа. Аса қажетті жәдігерлерді топтастырып, алдымызға ұсынып отырған «Жайық Пресс» ұжымына алғыс білдіреміз. Сонымен қатар бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан пәндердің арасына енгізетін боламыз, – деді журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы.

– Қазір алдарыңызда кітап болып жинақталып тұрғанымен, бұған қатысты материалдарды табу оңайға соқпады. Араб әріптерінен кириллицаға аударып, қазақ және орыс тілдерінде өздеріңіздей оқырман қауымға ұсынып отырмыз. «Қазақстан» газетінің бір ерекшелігі – өзінің баспаханасы болды. Басылымның халық арасына таралуына Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш және бас редакторлық қызмет атқарған Елеусін Бұйрин сынды азаматтар ат салысты. Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойына орай «Қос газеттің тарихы» атты кітабымыз жарық көрді. Ғасырға жуық тарихы бар қос мерзімді басылымның түпкі тарихы сонау «Ұран» газетінен бастау алады. Бұл газетті ғалым Мақсат Тәж-Мұрат ағамыздың көмегімен Алматы қаласындағы «Кітап мұражайынан» таптық. 1917 жылы 28 шілдеден бастап жарық көрген «Ұран» газетінің бас редакторы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Бұл газеттерде еліміздің тарихына байланысты көптеген тың мәліметтер сақталғаны анық. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды ашуға сеп болатынына сенемін. Еліміздегі болашақ журналистерді дайындайтын бас оқу орнының ұстаздарының біздің жұмысымызды жоғары бағалағандары қуантады. Алдағы уақытта бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста еңбектенетініміз анық, – деді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.

Шара тек кітаптардың таныстырылымымен шектелмей, қатысып отырған студенттер мен оқытушыларға көне басылымдардың қалай табылғандығы жөнінде қысқаша бейнеролик көрсетілді. Кездесу соңында «Жайық Пресс» ЖШС мен журналистика факультетінің барлық кафедралары, зертханалары, тағы да басқа ғылыми құрылымдары арасында екі жақты тығыз байланыс орнату жайы айтылды. «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлерін бакалаврлық жұмысына, магистрлік және докторлық диссертацияларға тарту, теориялық және практикалық білімді тереңдете түсу немесе шеберлік сыныптарын жүргізуге шақыру мақсатында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Ж. Сафуллин мен журналистика факультетінің деканы С. Медеубекұлы екіжақты келісімге қол қойды.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,
“Орал өңірі” газеті 

Scroll to Top