Бүгін “Нұр Отан” партиясы БҚОФ-ның жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесінде “Мектеп оқулықтары мен оқу-əдістемелік құралдардың сапасы туралы” тақырыбында арнайы жиын өтті. Негізгі мақсат мектеп оқулықтары мен оқу-əдістемелік құралдардағы қателіктер жөнінде мəселе көтеріп, заң шеңберінде түзетуге жұмыстану. Шара барысында облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық Орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры София Ізмұхамбетова өз ойларын ортаға салды. Тасқала ауданынын арнайы келген зейнеткер ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетов екінші жəне төртінші сыныпқа арналған математика оқулығындағы нақты қателіктерді көрсетіп, осыншама қателікке толы оқулықпен жас ұрпақты оқытып жатқандарына қынжылысын білдірді. Абат Қыдыршаев ағамыз оқулық жазу жұмысын жүйеге салу қажеттігін айтса, «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бөлім меңгерушісі Нұрлыбек Рахманов əлеуметтік желіде осы мəселені көтеріп, оған көптеген ата-аналар, басқа да белсенділер көздеріне түскен көптеген қателіктерді жібергендігін жеткізді. Əліппеден бастап қазақ тілі, география, əдебиет, Қазақстан тарихы пəндеріндегі нақты қателіктерге тоқталды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық Орталығы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Елдос Сафуллин қызының сабағын қадағалау барысында төртінші сыныптың математика пəнінен кездестірген қателіктерге тоқталып, болашақта математика оқулықтарын зерттеу үшін арнайы жоба қолға алынғандығын айтты. Мамандар оқулықтардағы қателіктерді нақты дəлелдермен көрсеткенде бəрі аң-таң болды. Қатысушылардың бəрі де бірауыздан бұндай сорақылыққа жол бермеу қажеттігін айтып, бірлесе жұмыс жасауды қолдады.
Отырыс қорытындысы бойынша біріншіден, нақты дəлелдермен көрсетілген қателіктерді толық тізбектеп, түзетуге ұсыныс беруге, екіншіден, оқулықтардағы олқылықтармен жүйелі жұмыстану үшін мемлекеттік органдар, мүдделі қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыстанатын арнайы топ құруға келісті.

