Облысымызда газдың бағасының қымбаттығына көндік. Енді “ҚазТрансГазАймақ” АҚ-ның басқа қызметтері неге қымбаттайды?

Бүгін «Нұр Отан» партиясының кестесі бойынша қалалық мәслихат депутаты ретінде қабылдау жүргіздім. Үш әйел адам өз шағымдарымен келді. Біріншісі жалғызбасты ана, бірнеше сырқаты бар, базардағы тұрақты жұмысына шығуға екі жас сегіз айдағы қызын тастайтын жер жоқ екен. «Қызымды балабақшаға орналастыруға көмектессеңдер, өзім еңбек етіп күн көрер едім» деп егілді. Сонымен қатар үй кезегі де еш жылжымайтынын айтты.

Екіншісі Фрунзе көшесі, 107 үйінің тұрғыны. Осы өзі тұратын көше орталық базарға тауар әкелетін ауыр жүк машиналарының тұрағына айналғанын, тауар тиелген жүк көліктері түні бойы тоңазытқыштарын қосып дүрілдетіп түнде маза бермейтіндеріне шағымданды. Қабылдау біткен бойда айтқан жерге аяқтай барып мән-жаймен таныстым.

Үшіншісі, зейнеткер Людмила Григорьевна. 2012 жылы жаңадан газ плита сатып алған. Сол кезден бастап газ жабдығына техникалық тексеру қызметі үшін шарт бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на екі жылда бір рет 732 теңге төлеуге міндеттеледі. 2015 жылдан бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ осы тексеріс қызметін екі жылда бір емес, жыл сайын өтуін және әр жылға 1448 теңге төлеуді міндеттейді. Егер талаптарын орындамаса газды кесіп, қайта қосқандары үшін тағы ақша төлеу қажет болатындығын қатаң ескертеді. Амалы құрыған зейнеткер монополистің талабына көнген. Тек зейнетақыға қарап отырған әже «неге бұл қызмет 4 есе өсіп тұр және өсіруге кім келісім берді?» деп сұрайды. Сонымен қатар бұл қызмет түрінің бағасын түсіру бағытында күш салып жұмыстануымызды өтінді.
Сіздерде осы бағыттағы мәселеге кезіккен болсаңыз жазуларыңызды сұраймын.

Scroll to Top