Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында аласапыран алмағайып заманмен алысып өткен Алашшыл арыстары өлке жұртын саяси жағынан ояту мақсатында газет шығаруды қолға алды. Сол жылдары Алаш арыстарының табанды да қажырлы еңбектерінің нәтижесінде өңірімізде «Ұран», «Қазақстан» деген газеттер шығарылған. Ол басылымдардың басында Алаш арыстары Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қараштай ұлт зиялылары болғанын тарихтан білеміз. Алғашқы өңір басылымдары бұдан жүз жыл бұрын 1917 жылдың 28 шілдесінен бастап шығып келген. Сол газет материалдарын облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері мен аудандық газеттердің басын біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС жеке кітап ретінде шығарып, облыс тұрғындарына ұсынып отырғаны үлкен ғанибет. Оның ұйымдастырушысы, іске асырушысы да «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Набиоллаұлы Сафуллин екені республика және облыс оқырмандарына да белгілі десек, қателеспейміз.
Шыға бастағанына бір ғасыр толған газеттің басында Алаш арыстары – Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов және басқа да абзал азаматтар болғаны тарих-
тан мәлім.
Ал олардың ізін басқан Ғұбаш Жөндібаев, Хабер Нұрмұхамедов, Бисен Жұмағалиев, Қосаман Орынбасаров секілді ағаларымыз Ұлы Отан соғысына қатысып, одан аман-есен елге оралып, осы газеттің басшылығында болды. Олардың қазір арамызда болмай отырғаны өкінішті. Олар үлкен сүрлеу салғандар еді. Біз сол сүрлеумен жүріп отырып, оны даңғыл жолға айналдырдық. Майдангер ағаларының ізін басқан жас та зиялы қауым өкілдері облыстық газет шығаруды қолға алған кейінгі ұрпақ газеттің мазмұнын арттырып, шығарылуын жиілетуді іске асырды. Олардың қатарында М. Шомбалов, Б. Далабаев, Ғ. Көшенов , М. Қайырғалиев сияқты бас редакторлар болды. Оларға жалғас қазір арамызда жүрген Ғ. Сейтақ, қазіргі бас редактор Б. Ғұбайдуллин ағаларының жолын жалғастыруда. Ал мен болсам, осы газетте он бес жыл еңбек еткен бөлім меңгерушісімін, қазір дербес зейнеткермін. Соңғы жылдарда жас та бас редакторлармен қызметтес болдым. Қазір өзім еңбек еткен қара шаңырағыммен үзбей байланыс жасап тұрамын. Бүгінде газеттің мазмұны едәуір жақсарып, оқырмандары жыл сайын молыға түсті. Өзім көп жыл еңбек еткен аралас, құралас, ұрандас та мақсаттас болған қара шаңырағымның ұжымын айтулы мерекелерімен құттықтаймын! Шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасыларына бақуатты тұрмыс тілеймін!
Ғилаж НАУРЗИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Орал қаласы