Мәскеу мұрағатында қазақ тарихы жатыр

Жақында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің қалыптасу тарихынан дерек іздеп, Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласына барып қайтқанымыз жөнінде хабарлаған едік.

1950 жылдарға дейін «Орал өңірі» газетінің тарихы 1920 жылы Орал губерниясы КП(б) органы – «Қызыл ту» газетінен басталады деп есептелетін. Бірақ газетті Бисен Жұмағалиев басқарған (1952-1955) жылдары басылым тарихы 1918 жылдан басталатыны анықталған. Ол жөнінде Бисен ағамыздың өзі:

– Бірде қарт журналист Ғұбаш Жөндібаев Мәскеуде революция музейіне барып, Бөкей губерниясында екі тілде 1918 жылдың 17 қарашасынан шыға бастаған газеттерді тауып алып, екеуінің фотокөшірмесін әкелмесі бар ма?! Облыстық партия комитетінің бюросында осы дәйекке сүйеніп, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерін елу жылдық алтын тойына байланысты орденге ұсындық. Сөйтіп, біздің екі газет республика бойынша орден алған тұңғыш басылым болды. Орденді КСРО Жоғарғы Советі президиумы төрағасының орынбасары, Қазақстан Жоғарғы Советі президиумының төрағасы С.Ниязбековтің өзі келіп тапсырды, – деп еске алады.

Биылғы 95 жылдық мерей­тойымызға байланысты газет тарихы мұражайын жасау, об­лыстық басылымның тарихын түгендеу мақсатымен «Жайық Пресс» ЖШС басшылығы Мәс­кеу­ге бірнеше мәрте хабар­ласып, орыс архивтерінде сақ­­­­тал­ған газет көшірмелерін сұ­рат­қан болатын. Бірақ кезінде бір мемлекет құрамында бол­сақ та, бүгінде бөлек елге айналған Ресейдің мұрағаты­нан ол деректерді алу мүмкін болмады. Мұрағат қызметкерлері «Өздеріңіз келіңіз, сөйлесейік» дегендей сөзбұйдаға салған. Біздің Мәскеуге сапарымыз осылай басталды…

Мемлекеттік  мұрағатта

Біз Мәскеуде әуелі Ресей мемлекеттік мұрағатына бас тіредік. Алдын ала зерттеуі­міз бойынша, «Известия-Хабар» га­зеттерінің тұңғыш сандары осы жерде ғана сақталған. Аз-кем қиындық, құжат толтыру рә­сім­дерінен кейін мұрағатқа еніп, каталогтарды ақтардық. Тізім бойынша мұнда «Известия-Хабар» (1918), «Киргизская правда-Қазақ дұрыстығы» (1919), «Красная степь» (1920), «Киргизская беднота-Қазақ жарлылары» (1922-1923) газеттері бар дегенмен, бұлардың көбі та­былмады. Бұл газеттердің бәрі де кезінде Бөкей ордасында, қазіргі Хан ордасы ауылында басылып, шығып тұр­ған. Ескі жүйе құлап, алмағайып заман болып жатқанда шық­­қан басылымдардың бетінен сол бір күрделі кезеңнің тынысын тануға болатын. Дегенмен барына қанағат дедік. Уақытымыз аз болғандықтан, әрқайсы­сы­мыз өз міндетімізді бөлісіп алып, бірден іске кірістік. Жолбасшымыз Жантас Сафуллин мұра­­ғат басшыларымен келіссөз жүр­гі­зуге кетті. Соның нә­ти­же­сін­­де «Известия-Хабар» газеті­нің алғашқы үш нөмірінің са­па­­лы көшірмесін алдық. Фото-бейнемамандарымыз Александр Куприенко мен Темір­болат Тоқ­мам­бе­тов аз уақыт ішінде «Киргизская правда-Қазақ дұ­рыс­тығы» газетінің тігіндісінің фотокөшірмесін жасап үлгерді. Одан бөлек 1920 жылдан бастап Орал қаласында шыққан «Красный Урал» газетінің тігіндісін ақтарып, керекті мәліметтерді қағазға түсіріп жатырмыз. Сонымен, Мәскеудегі ал­ғашқы күніміздің жартысы күтумен, жартысы шаң басқан газет тігінділерін ақтарумен өтті. Қызу жұ­мыспен жүріп, түстенуді де ұмытыппыз…

Химки  қаласында

Алдын ала сұрас­тырға­ны­мызда, ХХ ғасырдың бас ке­зіндегі қазақ газеттерінің көп бө­лі­гі Ломоносов атындағы Ре­­сей мемлекеттік кітапханасын­­­да сақ­­таулы деген хабар ал­­ған болатынбыз. Мәскеудегі екінші, соңғы күнімізді сол жер­­ге арнамақ болдық.

Қазақ «Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» дейді ғой. Біраз уақытымыз мемлекеттік кітап­хананы іздеп табумен өтіп кет­ті. Алайда бұл жерде көне газет­тер жоқ екен.

– Сіз іздеген дүниелер біздің филиалда, «Газет бөлімінде», – дейді.

– Ол филиал қайда?

– Мәскеу облысына қарасты Химки қаласында. Метромен «Речной вокзал» аялдамасына дейін барасыздар. Әрі қарай Химкиге автобус жүреді, – деп түсіндіріп жатыр анықтама бө­ліміндегі егде әйел.

Кешкі поезға қайтуға билет алғанбыз. Бірақ іздегенімізді таппай кету де оңай емес. Сонымен, тәуекел деп, Химкиге тарттық.

Іздегеніміз Библиотечная (Кітапхана) көшесіндегі №15 үй болып шықты. Тоғыз қа­бат­ты ғимаратта тек қана газет сақ­талады екен. Бұл жерде де құжат, алдын ала келісім мәсе­лесінде азырақ дау туды. Дегенмен аруақ қол­дап, ішке кірдік. Каталогтарды ақтардық. Бөлім бастығының орынбасары Лидия Марина деген иманжүзді әйел көп көмек етті. Өз ойымызша, осы жерден де өте құнды мәліметтер алып, тарихи бейнежазбалар жасадық.

Өз басым 1911-1913 жылдары әуелі Орда, кейіннен Орал қаласында шығып тұр­ған «Қазақстан» газетінің түп­нұсқасын қолыма алып, ақ­тарғаныма қуандым. Сондай-ақ бұл жерден 1919 жылы Ордада шыққан «Дұрыстық жолы» газетінің тігіндісі табылды. Бұл газеттің редакция алқасында Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев, Мұстафа Көкебаев, Тамимдар Сафиев деген марғасқалар болған ғой! Жалма-жан ақы­сына келісіп, бұл газеттің де көшірмесін жасаттық.

Негізгі  жұмыс  алда

Қайтып келеміз. Мәскеу сапарынан түйгеніміз – қазақ тарихына қатысты көп дүние орыс архивтерінде екені анық. Соның ішінде өзіміз жинақтап жүрген қазақ баспасөзінің қалыптасу жылдары, алғашқы басылымдар да сол Мәскеу, Санкт-Петербург мұрағаттарында ғана сақталып қалған. Химкидегі кітапханада көне газеттерді күту, арнайы бақылау, жарық пен ыл­ғал әсерінен сақтау жұмыстары жақсы жолға қойылғанына риза болдық.

Соңғы кездері өз елімізде де тарих мәселесіне ерекше бетбұрыс басталғандай. Мау­сым айының басында Астана­да­ғы Еуразия ұлттық университетінде ұлттық тарихты зер­­де­­леу жөніндегі ведомство­ара­­лық жұмыс тобының кеңей­тіл­­ген оты­­рысында Қазақстан Рес­публикасының мемлекет­тік хат­шы­сы Марат Тәжин мыр­­за көтерген мәселелер өте ма­­­ңыз­ды деп есептейміз. Сонымен бірге Ресей мұ­рағаттарында сақтаулы тұрған ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ газеттерінің, сондай-ақ өзге тілдерде басыл­ған қазақстан­дық газет-жур­налдарының тігінділерін өз елі­­мізге алдыруға бағытталған жүйе­­лі жұмыс мемлекеттік дә­режеде қолға алынса деген ұсыныс бар. Бұл деректер жергілікті зерттеушілерге қолжетім­ді болып, ғылыми айналымға түссе, тарихтағы талай ақтаң­дақ жойылар еді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Орал-Мәскеу-Орал,

Scroll to Top