Ұлыларды ұлықтау – парызымыз немесе «Қазақстан» атауын қалыптастырған тұлғалар

Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен арыстарымызды жас ұрпаққа  насихаттау жұмыстары өңірімізде ұдайы жүргізіліп келеді. Осы орайда  «Жайық Пресс» ЖШС тағы бір елеулі шара – «Тілші болғың келсе…» деген атаумен Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин атындағы облыстық байқау ұйымдастырып отыр.

Ғұмар Қарашты халық біршама білгенімен, Елеу­сін Бұйрин елеу­сіз қалып келеді. Сондықтан бай­қау Ғұмар Қараш пен Елеу­сін Бұйриндей біртуар қайраткер­леріміздің есімдерін қастерлеу­ді көздейді. 

Бұл тұлғалардың ел үшін атқарған барлық еңбегін түгел тізбелемей-ақ, баспасөзге тікелей қатысты қызметтеріне тоқ­талуды жөн көрдік. 1911 жылы Батыс өңіріндегі атақты зиялы­лардың қолдауымен елімізде тұңғыш рет «Қазақстан» атауы­мен шығарылған газетке орыс тілін жетік меңгерген Елеу­сін Бұйрин редакторлық етсе, Ғұмар Қараш басылымға жол сілтеп, қаржылық, шаруашылық, ұйымдастырушылық жұмыс­та­рына көмектесіп, халыққа ой салатын, кәсіп үйренуге, білім алу­ға үндейтін негізгі мақалалар­ды жазып отырды. Ол заман­да интернет, телевизия, радио болмағанын ескерсек, қалың қазақтың санасын оятатын тек қана газет еді. «Қазақстан» газетіне дейін қазақ даласында «Дала уәлаяты», «Түркістан уә­лаяты» т.б. басылымдар тұрақ­ты шықты. Бірақ бұлар патша үкіметінің бастамасымен, оның саясатын қолдау үшін құрылған үнпарақтар еді (Қазақ зиялылары ара-тұра ой-пікірлерін жариялады. Газеттер пат­ша үкіметінің  цензурасыме­н қа­таң бақылауда болды, ұлттық тақырыпқа бағытталып жария­ланған материалдардың автор­лары қудаланып, жазаланды). 1905-1907 жылдары Ресейдегі толқулардан кейін марксизм мен ленинизмді насихаттайтын басылымдар көбейді. Бірен-саран қазақ зиялыларының бастамасымен газет шығаруға талпыныс болды. Бірақ оның бәрі патша үкіметінің қаһарына ұшырап, шықпай жатып жойылған. 

Ол кезде бізді тамырымыздан айырып, кемсітіп, бодан ел қылу үшін «қазақ» демей, «қырғыз», «қайсақ», «қырғыз-қайсақ» деп атаған. Ақ патшаның қылышы­нан қан тамған сол кездің өзінде «Қазақстан» деген атаумен тұрақты газет шығару ерлік болса, қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің дәл солай аталуын асқан көрегенділік пен тарихи сабақтастық деп айта аламыз. Осылайша бүгінгі егемен еліміздің атауы тұңғыш рет 1911 жылы осы газеттің ресми шығуынан бастау алып, тағдыр тәлкегімен түрліше өзгергенімен, 1991 жылы Елбасының Жар­лығымен қайта қауышты. Зиялы қауымның «Қазақстан» атауымен сол мезгілде прогресшіл-демократиялық бағыттағы газет шығарудағы түпкі мақсаты болашақта «Қазақстан» деген тәуелсіз ел болуды көздегені айқын. 

Мазмұны жағынан газет жалпы қазаққа алғаш жағылған шырақпен тең. Халықты білім алуға, кәсіппен айналысуға, бірлікке, ынтымаққа, отырықшы ел болуға шақырып, жаңа кәсіп түрлерін игеруге үндеді. Газетте жарияланған мақалалар­дан қысқаша үзінді келтірсек: «Ғөнерден де, ғылымнан да ма­құрым қалып, ақырында күнел­тіп отырған малдан да айырылып зор қиындыққа ұшырап тұрмыз. Жетер енді таласу, жетер!» – деп қатқыл айтса, «Енді қалай тұрмақ керек» атты мақалада «Енді бізге бала оқытуға, ғөнер үйренуге жабысу керек. Кәсіп етуге жабысу керек. Бұларды біз бұлай етіп жүріп үйрене алмаймыз, бізге енді… ауыл, ауыл болып жиналу керек, сонда ортақ ұстанған бір молдаға ауылдағы барлық бала оқып тағлим алады, енді қазіргі халде, бағзы саяқ отырғанда әр басына бір молда керек. Олай ұстауға hәр кімнің қуаты келе бермейді. Сондықтан көп бала надан қалады. Бұлайша ауыл-ауыл болып жиналып отырудың жерге де файдасы бар. Аз жерді тілкімдеп hәр кім өз алдына файдалануға болмайды, сол себепті барлық ауылдың жерін қосып жіберіп, бір жағын егіншілік етіп, бір жағын пішендік етіп, енді бір жағын жайылыс етіп ортақ файдалану керек болады» делінген  (Болашақта «Қазақстан» газетінен нақты үзінділер келтіріп, зерттеп, сараптамалық материалдарды толығырақ береміз).

Қазақ халқы өз ықтия­рыме­н сол жылдардан отырықшы­лыққа икемделсе, 1920-1922, 1930-1932 жылдардағы ашар­шылықтан қырылған қазақ еліндегі халықтың саны 4 млн-нан едәуір кем болар ма еді деген ой келеді. 

1911 жылдары татар, орыс ұлты өкілдерінің газе­т басатын баспаханалары болғаны­мен, қа­зақтардың ондай мүмкін­дік­те­рі болған жоқ.  «Қазақстан» газе­тінің алғашқы 2 нөмірінен бас­қа қалған 14-і қарызданып-қау­ғаланып, аса қиыншылықпен болса да, Әзірбайжаннан сатып алынған баспаханадан ба­сылды. Бұл  тұңғыш қазақ зия­лыларының бастамасымен алын­ған, газеттің өз меншігіндегі баспахана болды. Сол себепті  Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйринді тұңғыш тұрақты басылым шығарушы және баспа ісінің негізін қалаған тұлғалар деуге толық болады.

Газетті шығаруға қажетті қа­ражатты іздеп, ел қаңғырған да осы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин. Ғұмар Қараш «Баку» атты мақаласында «Былтыр 1911 жыл зауза жұлдызының бас кезінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп адам ету қайғысында, адамдар арасында естіген бір қаулы бойынша – Алла деп аттанып, Баку қаласындағы қажы Зейнелғабиден Тағиевті іздеп, елден екеу шықтық. «Еріккен екі тентек елден шығып кетті» деу­шілер көп болса да, шын тән көңілдерінен «хайырлы сафарлары болып жеңіл барып ауыр қайтқай» деп дұға етуші хайыр хуатларымыз болуында білетін едік. Ақ ниетіміз хұрметіне Ал­­ла тілегімізді оңғарып, барған хажымыз хош алды, «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді, аталық сифатына ағып шыққан сөз­де­рін айтты. Амандасып айыры­ла­р жерде «Қазақ баласына ме­нен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтып, көзіне жас алды. Жай-күйі­міз­ді түсіндіру турасында мәшҺүр Ғали Мардан бек Топшы­басов­тың жәрдемі тиді. Хұдай тағала ғұмырларын ұзақ етіп, осындай адамдарымызды көбейтсін» деп жазды.

Кеңес үкіметі кезеңінде «Қа­зақстан» газеті туралы зерттеу жүргізілген жоқ. Тіпті зерт­теуге ниеттенгендерге түрлі тос­қауылдар қойылды. Е.Бұйрин мен Ғ.Қараштың өмірі мен қыз­меті коммунистік жүйе үстемдік етіп тұрған кезде ұзақ уақыт бойы ғылыми-зерттеу нысанасына айналмады. Тіпті қазірге дейін толыққанды зерделенген жоқ. Қазақ елінің болашағы үшін саналы ғұмырын сарп еткен ұлыларымыздың өз дәре­жесінде ұлықталмауы бүгінгі ұрпаққа сын. 

Құрметті оқырман, байқаудың басты мақсаты – аумалы-төкпелі заманда тар жол тайғақ кешіп, қазақ халқының санасын оятуға бар күш-жігерлерін салып, еңбек еткен бабаларымыздың рухын асқақтатып, жас ұрпаққа істерін үлгі етіп, туған елдің тарихын насихаттау. Сонымен қатар БАҚ саласында бағын сынауға тәуекел еткен жастарды іріктеп, олардың облыстық, аудандық газеттерде қызмет атқаруға мүмкіндік жасау. Бабалардың жолын қуып, елге еңбек етем деген жас болса, мүмкіншілік беріп, жағдай жасауға біз дайынбыз. 

Scroll to Top