«Ұлы тұлғаларды ойнау оңай емес…»

Қос газеттің 95 жылдық мерейтойына орай бірқатар ауқымды жұмыстардың атқарылғаны белгілі. Солардың ішіндегі аса маңыздысы «Қазақстан» газетінің алғашқы санының табылуы болатын.

Осыны негізге алған «Жайық Пресс» ЖШС ұжымы мерейтой қар­­саңында «Қазақстан» кітабын шы­ғарды. Бұл жағдай басшылық­тың қазақ баспасөзінің тарихы жөнін­де деректі фильм түсіруіне түрткі болды. Деректі фильмдегі басты кейіпкерлерді жергілікті азаматтар сомдады.

Жақында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин аталмыш фильмнің басты кейіпкерлерін сомдаған жігіттерге ри­зашылығын білдіріп, арнайы сый-сияпатын тапсырды.

– Жақында ғана түсірілген «Қа­зақстан» деректі фильмінің барша қазақстан­дық үшін маңызы зор деп ойлаймын. Себебі бұл фильмде қазақ баспасөзінің тарихы жатыр. Сол кездің қиыншылығына қарамас­тан, «Қазақстан» атты ұлтымыздың дербес газетін дүниеге әкелген ұлы тұлғалардың игілікті ісі ерлікпен пара-пар. Біз көрсетілім арқылы халыққа осыны жеткізуге талаптандық. Бұл фильмге түскен жігіттер ұлы бабаларымыздың арманы мен мұратын, олардың сол мақсатқа жету жолындағы күресін тамаша бейнеледі. Осы түсірілімге қатысқан жігіттер тарихта қалды, себебі бұл фильм – қазақ баспа­сө­зінің тарихы мен Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев және Шәң­герей Бөкеев сынды Алаштың біртуар азаматтары жөнінде сыр шертетін тұңғыш түсірілім, – деген Жантас Набиоллаұлы басты кейіпкерлерді сомдаған жігіттерден өз қолтаңбаларын қалдыруды өтінді.

Су жаңа түсірілімде ағартушы ғалым, өз ұлтын жанындай сүйген ақын Ғұмар Қараштың ролін Қаз­талов ауданына қарасты Қара­­оба ауылындағы мектеп-гимна­зияның бұрынғы директоры Нұр­ғали Дүйсеков (қазіргі уақытта сол ауылдың әкімі), Бақытжан Қа­ратаевтың образын облыстық қазақ драма театрының әртісі Теміржан Матаев және Шәңгерей Бөкеевтің бейнесін Айдар Жа­рыл­ғапов (об­лыстық қазақ драма театрының әртісі) сомдады. Қос деректі фильм де өз қызметке­ріміз Наурыз Халитовтың ұйымдас­тыруымен сәтті шықты. Бұған кешегі салтанатты шарада болып, осы фильмдерді тама­шалаған жұрт куә.

– Аталмыш фильмдер Жайық қалашығында түсірілді. Бұларды түсіру үшін облыстық ат спорты мектебінен жылқылар, «Жайық жарығы» ЖШС-нан ауыр жүк көтеретін техника (подъемник) және Орал қалалық ТҮКШЖТжАЖ мекемесінен “К-700” алдық. Бұ­лардан басқа бізге облыстық қа­зақ драма театрының ұжымы, Е.Пугачев атындағы және Ғ.Тоқай атындағы музейлер ұжымы көп көмектесті. Оларға ұжым атынан алғысымды айтамын.

Біз осы фильм арқылы есімдері бұрын қалың қазаққа белгісіз болып келген ұлт зиялыларының өмірін, олардың ұстанымын, сол бағыттағы еңбектерін жұртшы­лыққа таныстырдық. Кейінгі ұр­­пақ осы фильмдер арқылы, отан­­шылдықты бойларына қалып­тас­тырсын, рух мықтылығын солар­дан үйренсін дедік. Осындай мақ­сатпен Алаш арыстарының бір кездері «Қазақстан» газеті арқылы айтқан сөздерін өздерінің аузына салдық. Бұл ретте «Қазақстан» газетіндегі араб тілінде жазылған мәтінді қазақшалаған әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлының ең­бегін айрықша атап көрсеткеніміз жөн. Мәтінді мәнеріне келтіре оқыған Бағдад Ізмағанбет пен операторлық міндетін мүлтіксіз атқарған Темірболат Тоқмәмбетов те көрсетілімнің жоғары бағала­нуына үлкен үлес қосты. Бір айта кететін жәйт, бабалардың қиын да мағыналы ғұмырын келер ұрпаққа таныстырып, оларды насихаттау мақсатында бұл жігіттер алтын уақыттарын бөліп, жұмыстан тыс уақытта ақысыз-пұлсыз жұмыстанды, жігіттердің бұл істерінің өзі кейінгілерге үл­гі боларлықтай, – деді Жантас На­биоллаұлы.

Бұдан соң басты рольдерді сом­­даған жігіттер сөйлеп, фильм­дер­ді түсіру барысында кездес­кен қиыншылықтар мен күлкілі сәттер­ден естеліктер айтты. Олар әңгіме барысында бұл түсірілім­нің тәр­биелік мәні зор екенін бірауыздан мақұлдап, оны міндетті түрде жал­ғастыру қажеттігін жеткізді.

Нұрғали ДҮЙСЕКОВ,Қазталов ауданына қарасты Қараоба ауылындағы мектеп-гимназияның бұрынғы директоры (қазіргі уақытта сол ауылдың әкімі):

 – Маған деректі фильмге түсу жөнінде алғаш рет ұсыныс жасалғанда, аздап жүрексінгенім рас. Ұлы тұлғаларды ойнау оңай емес қой. Ойлана келе өзіме аталас, әрі жерлес болып келетін Ғұмар Қараш бабамның бейнесін сомдауға келістім. Жұрттың айтуынша, менің сырт келбетім бабамызға ептеп ұқсайтын көрінеді. Сол себепті де фильмді құрастырушылар Ғұмар Қараштың ролін маған ұсыныпты. Ұлы бабамызды сомдау – мен үшін үлкен бақыт. Егер осы көрсетілім жалғасын тапса, мен одан әрі түсуге дайынмын.

Теміржан МАТАЕВ,облыстық қазақ драма театрының әртісі:

 – Маған Бақытжан Қаратаевтың образын сомдау міндеті жүктелді. Алаш арыстарын ойнау оңай болмады. Маман актер болғанымызбен, тарихта қалатын образға біраз тер төгуге тура келді. Басты кейіпкерлердің ойлы сөздері рухты күшейтіп, адам бойындағы отаншылдық сезімді арттырады екен. Егер осы көрсетілім арқылы Алаш­тың біртуар азаматы, белгілі мемлекет қайраткері Бақытжан Қаратаевтың арман-мақсатын халыққа жеткізе алсам, бабалар алдындағы бір парызымды өтедім деп ойлаймын.

Айдар ЖАРЫЛҒАПОВ,облыстық қазақ драма театрының әртісі:

 – Мен көрсетілімде Алаш арыстарының бірі Шәңгерей Бөкеевтің бейнесін сомдадым. Осы ролім арқылы мен есімі бұрын-соңды белгісіздеу болып келген ұлт зиялысы Шәңгерей Бөкеевті халыққа таныстырдым. Соны өзіме мақтаныш тұтамын. Кезінде ұлтын сүйгені үшін қуғынға ұшыраған Алаш азаматтарын елге таныстырып, оларды кеңінен насихаттау – үлкен бір игілікті бастама. Бүгінгінің зиялылары бастаған бұл жұмыс тоқтап қалмай, жалғасын тапса деймін.

Айша ӨТЕБӘЛІ,
«Орал өңірі» газеті

Scroll to Top