Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан, ата-бабамыздың басынан өткен талай заманалық оқиғаларға куә болған Ақ Жайық топырағы – қазақ мемлекеттілігінің бастау бұлағында тұрған шежірелік өлке. Осы өлкедегі тамырын тереңнен тартатын облыстық қос басылым ғасырлық тойына үлкен олжа, зор абыроймен жетті.
Олай деуге сеп, соңғы жылдары тың бастамалары һәм жарқын жобаларымен жарқ ете түскен Жантас Набиоллаұлы бастаған «Жайық Пресс» ұжымының қиқу шығармаса да екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа тындырып жатқанын парасатты қауым сырттай көріп, іштей сүйсініп отыр. Өзімен бірге жанына тығыз топтасқан өзге де алғыр қазақ жастарының «бағын ашып», қуатты шығармашылық топ құруға ұйытқы бола білген жас та жаңашыл, жігерлі де жалынды басшының сайыпқырандарының ішінде Қазбек Құттымұратұлының орны оқшау, шоқтығы биік.
Есімі аталған азаматтар өңіріміздің мерзімдік баспасөз тарихын қопара зерттеп, еліміз бен Ресейдің мұрағаттары мен мұражайлары һәм кітапханаларында тарыдай шашылып жатқан көне басылымдардың түпнұсқаларын табанын тоздыра іздеп, оларды «бұланның терісінен артыққа бұлдаған» көршілес ағайындардың тілін тауып, олардың әрқайсысының көшірмелерін елге әкелуінің өзі жеке-жеке тарих. Қысқартып айтқанда, көтерілген мәселенің «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» журналист-зерттеушілердің атқарып жатқан жұмысы тұтастай ғылыми-зерттеу институтының қайнап жатқан тірлігін көз алдыңа әкеледі.
Оған дәлел соңғы санаулы жылдар ішінде өңірлік мерзімдік баспасөз тарихын тереңдетіп, індете зерттеуге білек сыбана кі-ріскен ұжым халыққа іркес-тіркес, кесек-кесек бірнеше кітаптар топтамасын ұсынды. Тарқатып айтсақ, олар «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Известия» – «Хабар» (1918), «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919), «Қызыл ту» басылымдары деп тізбектеле береді. Түсінген жанға бұлар – ұлттық баспасөз тарихына қосылған теңдессіз сүбелі үлес. Өйткені Отан тарихы ғылымының арналы саласының бірі – қазақ мерзімдік баспасөзінің тарихы.
Қазақстандағы ең алғашқы басылымдар хақында сөз толғағанда алдымен ауызға ілігетіні 1870 жылы Ташкент қаласында қазақ және өзбек тілдерінде шыға бастаған Түркістан генерал-губернаторлығының органы «Түркістан уәлаятының газеті» мен 1888 жылы Омбыда Дала генерал-губернаторлығы шығара бастаған «Дала уәлаятының газеті». Байқап отырғандарыңыздай, бұл газеттер негізінен Ресей империясының қазақ өлкесіндегі саясатын түсіндірумен айналысқан, ашып айтқанда патша үкіметінің Қазақ жеріндегі отаршылдық саясатын бүркемелеген ресми басылымдар.
Алайда ұлтымыздың демократиялық бағыттағы тұңғыш басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары Астрахан және Орал қалаларында шығып тұрған «Қазақстан» газеті туралы жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде ішінара айтылғаны болмаса, осыған дейін оның 16 саны біріктіріліп жеке кітап болып шықпаған еді.
Осындай тарих таңдақтарына байланысты бүгінгі жалпы білім беретін орта мектептің Қазақстан тарихы оқулықтарында өзіміздің өңірден шыққан мерзімдік басылымдар хақында ешқандай мәлімет жоқ (ұлттық тарихи сана алдымен мектеп оқулықтарынан басталатынын ескерсек және бүгінде мектеп партасында 2,5 млн. шәкірт + 100 мың). Ештеңе айтылмайды. Бұл тек «Қазақстан» газетіне қатысты емес, жоғарыда айтылған басқа да газеттерге қатысты. Мәселен жалпы білім беретін орта мектептің 8-сынып оқулығының «Ұлттық-демократиялық қозғалыстың өр леуі» атты 41-параграфтың 5, 6, 7- тақырыпшалары «Қазақстандағы алғашқы басылымдарға» арналған. Оқулықтың 287-289-беттері.
Бұдан шығатын қорытынды біреу. Демек, «Жайық Пресс» ұжымы қолға алған жоба Қазақстан және өлке тарихының ақтаң-дақтарын толықтырып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндесіп жатыр.
Өлке тарихы демекші, осы орайда назар аударарлық өлке тарихының бір өзіндік ерекшелігі бар. Біздің өңіріміз Ресей им-периясының қол астына ерте кіріп, отаршылдықтың өтінде тұрған аймақ ретінде белгілі. Сәйкесінше ұлт-азаттық көтерілістердің эпицентрі де осында болды. Керек болса ол Әбілқайыр ханның кезінен басталды. Жайық өзені кеуіп қалғанша… Сырым Датұлы мен Қаратай Нұралыұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, Арынғазы Әбілғазыұлы мен Қайыпқали Есімұлы, Бөкей ордасындағы Аббас Қошайұлы мен Лаубай Мантайұлы, т. с. с. соза беруге болады. Ал ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандары жоғарыда есімдері аталған бабалар заманындағы ұлт-азаттық күрес тәсілінің ендігі жерде еш жарамайтынын, саяси күрестің стратегиясы мен тактикасын ағартушылықпен алмастырып, бейнелі тілмен айтсақ, «қаламын қаруға теңеп», ұйқыда жатқан қараңғы халықты тек ағар-тушылық жолмен ғана оятуға болатынын ұқты. Мәселен, қазақ ағартушыларының дені негізінен алғанда текті, дәулетті, дүмді әулеттерден. Шәңгерей Бөкеев, Бақтыгерей Құлманов, Бақытжан Қаратаевтар атақты Әбілқайыр тұқымынан болса, Ғұмар Қараш әйгілі Нияз бидің ұрпағы, ал Каир мен Кабулда білім алып, заманында сегіз тілді еркін меңгеріп, терең білімімен замандастарын таңғалдырған ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиев… Шетінен полиглот, шетінен энциклопедист, шетінен универсал. Дихан Қамзабекұлы, Нұртөре Жүсіп. Бір-бір президент, бір-бір премьер министр.
Осы орайда ерекше назар аударарлық мынадай мысал бар. Біздің өңірімізде заңгер Батыр-Хайыр Ниязов есімді қазақ зиялысы «Алаш» дейтін газет шығар-мақшы болған. Өкінішке орай, бұл ой жүзеге аспаған. Бұл идеяны соңыра Әлихан естіп, саяси қозғалыстың аты ретінде дамы-тып әкеткен. Мұндағы айтпағымыз не? Өздеріңіз байқап отырғандай, газеттердің «Алаш», «Ұран», «Қазақстан» деп аталуы біздіңше кездейсоқ емес сияқты. Өйткені біз «Алаш ұранды қазақпыз». Сайып келгенде, мұның бәрі – қазақ зиялыларының ұлтты ояту жолындағы жанкешті күресінен туған амалдар.
Ойлап қараған жанға ұлттық-демократиялық бағыттағы тұңғыш басылымның біздің өңірде шығуы, әрине, кездейсоқ емес. Қазақ; «тақыр жерге шөп шықпайды» дегенді бекер айтпаған. Өйткені біздің өңір – тұңғыштардың Отаны. Тұңғыш мектеп, тұңғыш мұрағат, т. с. с. жалғаса береді.
Бір қарағанда тұңғыш биресми газеттің біздің өңірде жарық көруі бүгінгі бізге пәлендей жаңалық болып көрініп, көп әсер етпеуі де мүмкін. Тарихта не нәрсе де салыстырмалы түрде. Оның маңызын жете түсіну үшін мына нәрсені білуіміз керек. Қазіргідей не теледидар, не радио, не ғаламторы жоқ «құлаққа ұрған танадай» жым-жырт қазақ қоғамы үшін бұл оқиға «қара бұлттың арасынан жарқырап күн шыққандай» айтулы құбылыс болатын.
Ойымызды жинақтай келе айтарымыз, жарық көріп жатқан бұл жинақтар («Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Известия»-«Хабар» (1918), «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919), «Қызыл ту») бұрын-соңды ешбір тарихшы пайдаланбаған тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізуімен құнды. Аталған жинақтардың тұсаукер-таныстырылымы Астана, Алматы сияқты ірі ғылыми орталықтарда өткізіліп, «мүйізі қарағайдай» елімізге белгілі ғалымдар оң бағасын берді.
Бұл жинақтардың орасан зор тарихи маңызына қысқаша тоқталсақ. Біріншіден, газеттердегі мақалалар сол бір аласапыран уақыттағы Батыс Қазақстанның, соның ішінде Бөкей ордасының қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани бет-бейнесін көз алдыңа әкеледі. Өзіңді сол заманда жүргендей сезінесің. Екіншіден, тарих ғылымы дәлдікті сүйетін ғылым. Оның сүйенетіні шынайы дерек. Осы ретте газет материалдарының мұрағат деректерінен еш кемі жоқ. Не нәрсеге де екі шұқып бір қарайтын, өлке тарихына, соның ішінде біз зерттеп отырған кезеңге сүбелі зерттеулерін арнаған ақсақал Исатай Нәсекенұлы Кенжалиев өз еңбектерінде Хамит Чурин, Бисен Жәнекешев естеліктеріне сын көзбен қарап, оларға аса сақ қарау керек екенін үнемі ескертіп отыратын. Ондағы айтпағымыз, аталған автордың және т. б. зерттеушілердің еңбектерінде 1917 жылы 10 қыркүйекте Ордада өткен қазақ зиялыларының сиезінде Бақтыгерей Құлмановтың баяндама жасағаны тілге тиек болып жүрсе, жарық көрген «Ұран» жинағының 69-бетінде, нақтыласақ, 1917 жылғы 26 қыркүйектегі санында «Жер туралы доклад әзірлеуші Құлманов ауылына қайтып кеткендіктен, баспасөз туралы доклад әзірлеуші Манаев ауырып қалғандықтан, сиезде жер һәм баспасөз туралы әңгіме болмады» деп «соқырға таяқ ұстатқандай» жазылған. Демек, бұл жинақтардың қай-қайсысы да осындай бұлтартпас тарихи деректер ретінде құнды. Үшіншіден, сол заманда қазақ қоғамы үшін өте ділгір болған мәселелер қазір де өзекті. «Қазақстан» газетінде «Ел билеуші адамдар түзелмей, ел түзелмейтіні» жазылған. Бұл қазіргі Елбасымыздың Ұлт жоспарында айтқан меритократия қағидаттары бойынша ары таза ұлттық элита қалыптастыру саясатымен астасып жатыр. Сол сияқты «Хабар-Известия» газетінің 1918 жылғы 6 желтоқсандағы №14 санындағы (аталған жинақтың 178-беті) «Қазақ ішіндегі мал ұрлығы» туралы мақала немесе осы басылымның 1918 жылғы 11 желтоқсандағы №19 санындағы (253-255 беттер.) «Қазақ әйелінің аяныш хәлі» туралы т. б мақалаларда қозғалған проблемаларда қазіргі қазақ қоғамында кездесіп жататыны назар аударарлық. Төртіншіден, «Қызыл ту» газетінде жарияланған Батыс Қазақстандағы аштық туралы мақалалар да ерекше құнды деп санаймыз. Өйткені 1921-1922 ж ж. өңірімізде халықтың 82 пайызы аштыққа ұшырағанын білеміз. Алайда оны аша түсетін ғылыми айналымдағы деректер өте тапшы екенін ескерсек, зерттеушілер үшін мұның бәрі – баға жетпес қазына. Бесіншіден, аталған жинақтардың жарыққа шығуы болашақ жас зерттеушілер үшін мерзімдік баспасөз тарихына арналған магистрлік, докторлық диссертациялар мен дербес жеке зерттеулерге һәм монографияларға сұранып, зерттеушілерін күтіп тұрған тақырып. Алтыншыдан, жоғарыда айтып өткеніміздей, орта мектеп, колледж, ЖОО-ға арналған Қазақстан тарихы мен өлкетану оқулықтарына аталған газеттердің қысқаша тарихын енгізудің еш артықтығы жоқ.
Тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай түйсек, 100 жылдық тойларына іргелі ізденістері һәм соны бастамалары негізінде асқар таудай абыроймен жетіп отырған ұжымның алдағы зерттеулеріне де сәттілік тілейміз! Табылмай жатқан сандары табылсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты